Accessibility links

Белорус оппозициясының өкілдері Колесникова мен Знак ұзақ жылға сотталды


Белорус оппозициясының өкілдері Мария Колесникова және Максим Знак. Минск, 20 тамыз 2020 жыл.
Белорус оппозициясының өкілдері Мария Колесникова және Максим Знак. Минск, 20 тамыз 2020 жыл.

6 қыркүйекте Минск соты белорус оппозициясының өкілдері Мария Колесникова мен Максим Знакты ұзақ жыл түрме жазасына кесті. Колесникова – 11 жыл, Знак 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Айыптау тарабы оларға 12 жыл түрме жазасын сұраған.

Сот Колесникова мен Знакты "ұлттық қауіпсіздікке зиян келтіруге жария түрде шақырды", "экстремистік ұйым құрды", "билікті заңсыз түрде басып алу мақсатында астыртын сөз байласты" деп таныды. Сот жабық өткендіктен процестің қалай болғаны белгісіз.

Белорус оппозициясы құрған Үйлестіру кеңесінің мүшелері Колесникова мен Знак тағылған айыптарды жоққа шығарған. Бұл іс белсенділердің 2020 жылы тамызда өткен президент сайлауының ресми нәтижесіне қарсы шығуға үндеулерімен байланысты.

"Мария мен Максимді дереу босатуды талап етеміз. Олардың еш кінәсі жоқ. Бұл режимге қарсы тұрған белорус халқына жасалған террор" деді Беларусь оппозициясы жетекшілерінің бірі, отбасының қауіпсіздігіне байланысты былтыр елден кетуге мәжбүр болған Светлана Тихановская үкімнен соң.

Беларусьте былтыр тамызда өткен президент сайлауынан соң алтыншы рет додаға түскен Александр Лукашенко жеңіске жеткені хабарланған. Алайда сайлау нәтижесімен келіспеген жұрт ондаған мың адам қатысқан наразылық шараларын айлар бойы өткізіп, 1994 жылдан бері билікте отырған Александр Лукашенконың отставкаға кетуін талап етті. Мұның соңы оппозицияны, тәуелсіз баспасөз бен азаматтық қоғам өкілдерін жаппай қудалауға ұласты. Осы оқиғаларға байланысты Батыс елдері Лукашенко мен оның айналасындағы адамдарға санкция салды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG