Accessibility links

Тәліптер Панжшерде қарсы күштерді жеңгенін хабарлады


Бұрынғы ауған армиясының киіміне ұқсас униформа киген "Талибан" сақшылары көшелерді күзетіп тұр. Кабул, 3 қыркүйек 2021 жыл.
Бұрынғы ауған армиясының киіміне ұқсас униформа киген "Талибан" сақшылары көшелерді күзетіп тұр. Кабул, 3 қыркүйек 2021 жыл.

Тәліптер Панжшер шатқалында қарсы күштерді жеңгенін хабарлады. Әскери топ аймақты толық бақылауына алғанын айтты.

Панжшер Ауғанстанда "Талибан" билігі орнамаған жалғыз уәлаят болатын. Онда соңғы күндері ауыр шайқастар жүріп келген.

Ал Панжшердегі оппозиция өкілдері тәліптердің мәлімдемесін жоққа шығарды. Бірақ ол жақтан қандай да бір ақпаратты растау қиын. Радикалды ислам қозғалысының содырлары телефон, интернет пен электр сымдарын кесіп тастаған.

15 тамыз күні "Талибан" Кабулды басып алып, Ауғанстанды бақылауына алғанын мәлімдегенде, оларға қарсы күштер Панжшер шатқалына топтасып, сол жерде қарсылық майданын құрған. Оны жергілікті лидер Ахмад Масуд пен бұрынғы вице-президент Амрулла Салех басқарады.

Бірер күнде тәліптер жаңа үкімет құрғанын мәлімдеуі мүмкін.

"Талибан" өкілі Забихулла Муджахид 6 қыркүйекте Панжшер жаңа биліктің толық бақылауында деп мәлімдеді. "Бұл жеңіс елді соғыс батпағынан шығаруға көмектесті" деді Муджахид.

Бірақ қарсылық күштерінің өкілі Майсам Назари оның сөзін жоққа шығарды. Ол Азат Еуропа/Азаттыққа берген сұхбатында Панжшерде соғыс тоқтаған жоқ, ұлттық қарсылық майданы өкілдерінің барлығы стратегиялық нысандарда күресті жалғастырып жатыр деп айтты. Осыған ұқсас хабарлама интернетте де жарияланды.

Дүйсенбі күні ұлттық қарсылық майданының жетекшісі Ахмад Масуд Twitter парақшасында қауіпсіз жерде екенін жазды.

Британдық BBC сайты тәліптердің қарсыластары осы уақыт бойы аймақ "Талибандар" қолына өтті деген кез келген тұжырымды терістеп келгеніне назар аударады.

Әлеуметтік желілерде жарияланған кейбір суреттерде "Талибан" әскерінің Панжшер орталығы Базарактағы губернатор резиденциясына қарама-қарсы жерде тұрғаны көрінеді.

5 қыркүйекте ұлттық қарсылық майданының жетекшісі Ахмад Масуд ислам діндарларының Панжшердегі қақтығысты келіссөз арқылы реттеу туралы ұсынысын қолдайтынын мәлімдеген. Масуд сонымен бірге "Талибан" басшылығын аймақта барлық әскери операцияларды доғаруға шақырған. Кабул бұған реакция танытпады.

5 қыркүйекте ұлттық қарсылық майданы өкілдері тәліптермен атыс кезінде генерал Абдул Вудод Зара мен журналист Фахим Даштидің қаза тапқанын хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG