Accessibility links

Шымкент пен Ақтөбеде бір топ әйел балаларға вакцина салдырмауды талап етті


Онлайн оқу мен балаларға вакцина салдыруға қарсылық танытып тұрған әйелдер. Шымкент, 7 қыркүйек 2021 жыл.

7 қыркүйекте Қазақстанның кемінде екі қаласында "антиваксерлер" акциясы (вакцина салуды қолдамайтындар халық арасында осылай аталады) өтті.

Сейсенбі күні Шымкент қаласы әкімдігінің алдына 20-дан аса әйел жиналып, "әкім шық" деп айқайлап, қала басшысы Мұрат Әйтеновтің шығуын талап етті. Бірақ әкімдіктен ешкім шықпады.

Наразылар балаларды офлайн оқытуға және оларға коронавирусқа қарсы вакцина салуға қарсы екендіктерін жеткізді.

– Балаларды онлайн оқыту керек. Менің кішкентай қызым мектептен іші ауырып келді. Апайы хабарласып, "қызыңыз ауырып жатыр, алып кет" деді. Мен оған барған жоқпын. Күйеуіме айттым да, өзім осы жаққа келдім. Балалардың денсаулығы үшін. "Балаларды жіберіп, айырылып қалдық" деген WhatsApp-та хабар толып жатыр. Соларды көрген сайын жүрегіміз ауырады, – деді наразы әйелдердің бірі Меруерт Малыбаева.

Олар жергілікті билік "балаларға вакцина салуды міндеттемесін" деген талап та айтты.

Қалалық ішкі саясат басқармасының қызметкері келіп әйелдерге "акцияларыңыз заңсыз" деп ескерту айтты. Ал наразылар шараның "митинг, акция емес" екенін, талап-тілектерін билікке естірту үшін келгенін жеткізді.

Наразылар арасында мүгедек бала тәрбиелеп отырған әйелдер, көп балалы аналар болды. Шараны полиция бақылап тұрды. Әкімдік маңындағы көшелерде полиция көліктері байқалды.

Сейсенбі күні осыған ұқсас шара Ақтөбе қаласының орталығында да өтті.

Ақтөбе облысы әкімдігінің алдына он шақты адам жиналып, балаларды вакциналауға қарсылық білдірді.

"Вакцина ал" дедіңдер – алдық. "Балаларға тиіспейміз" деп уәде бергенсіңдер. Ал енді істеп отырғандарың мынау. Елге 4 млн вакцина сатып алды. Енді оларды балаларға мәжбүрлеп салады, – деді балаларға екпе егуге қарсылық білдірген ата-аналардың бірі.

Балаларға вакцина салуға қарсылық танытып тұрған тұрғындар. Ақтөбе, 7 қыркүйек 2021 жыл.
Балаларға вакцина салуға қарсылық танытып тұрған тұрғындар. Ақтөбе, 7 қыркүйек 2021 жыл.

Оқиға орнында полиция көп болды. Әкімдіктің артына арнайы жасақ мінген автобустар әкелінді.

Наразыларға Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Күштаева мен облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова шықты.

– Осы жылдың төртінші тоқсанында [балаларға вакцина салу] жоспарланып отыр. Бірақ бұл әзірге, жоспар ғана. Тіпті вакцина салған күннің өзінде ата-ананың рұқсатымен салынады. Алаңдауға негіз жоқ. Бүгінгі таңда бізге балаларға коронавирусқа қарсы вакцина салу туралы ешқандай тапсырма берілген жоқ. Балалар күнделікті сабаққа барып жүр, – деді Айгүл Күштаева.

Жұрт олардың жауабына қанағаттанбады. Бертілеуованың айтуынша, жаңа оқу жылы қарсаңында созылмалы ауруы бар 50 баланың ата-анасы балаларын мектепке жібермей, үйден оқытып отыр.

– Баланы үйден оқуы үшін дәрігердің анықтамасы керек, -дейді Бертілеуова.

Әкімдік өкілдері шараның "заңсыз" екенін ескертті.

Бұған дейін Қазақстанда қазан айында 12 жастан бастап балаларға коронавирусқа қарсы Pfizer вакцинасы салынуы мүмкін екені хабарланған еді. Министрлік вакцина ата-анасы немесе қамқоршысының рұқсатымен ғана салынады деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG