Өзбекстан халқының саны 35 миллионнан асты. Статистика жөніндегі мемлекеттік комитеттің хабарлауынша, елде 17,5 млн ер адам, 17,4 млн әйел тұрады.
Комитеттің мәліметінше, осыдан шамамен бес ай бұрын халық саны 34,7 миллионды құраған.
Тамыз айында аталған ведомство халықтың этникалық құрамы бойынша мәліметті жариялаған. Оған сәйкес, елдегі ірі этникалық топтарға өзбек, тәжік, қазақ, қарақалпақ және орыстар жатады.
Бұған дейін Азаттықтың Өзбек қызметі Өзбекстандағы қазақтың саны 32 жыл бойы өспей, шамамен бұрынғы деңгейінде қалғанын жазған. Ресми мәлімет бойынша, 1989 жылы Өзбекстанда 808,2 мың қазақ болса, қазір 821,2 мың қазақ тұрады. Саны жағынан қазақтар Өзбекстанда өзбек пен тәжіктен кейінгі үшінші орында тұр.
Отыз жылдан астам уақыт ішінде Өзбекстандағы тәжіктер саны екі еселенген. 1989 жылы мұнда 933 560 тәжік болса, қазір елде 1,7 млн тәжік тұрады. Қарақалпақтар саны да 411,8 мыңнан 752,7 мыңға өскен. Қырғыздар 174,9 мыңнан 291,6 мыңға көбейген.
1989 жылдан бері Өзбекстаннан бір миллионға жуық орыс көшіп кеткен. Сол жылы Өзбекстанда 1 млн 653 мың орыс болса, 2021 жылы тек 720,3 мың орыс қалған.
Өзбекстанда халық санағы 2023 жылы өтеді. Бұл тәуелсіз ел тарихындағы алғашқы санақ болмақ. Бұдан бұрынғы санақ совет кезінде, 1989 жылы өткізілген еді.
ПІКІРЛЕР