Accessibility links

Өзбекстан 2023 жылдан бастап латын әліпбиіне толық көшеді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Өзбекстан үкіметі ресми құжаттар мен ақпарат құралдарын түбегейлі түрде латын әліпбиіне көшіру туралы қаулы қабылдады. Бұл талап 2023 жылдың қаңтар айынан бастап күшіне енеді. Орталық Азия елдері совет кезінде енгізілген кириллица әрпінен біртіндеп бас тартып жатыр. Қазақстанда да латын әрпіне көшу процесі жүріп жатыр.

Өзбекстан латын әліпбиіне көшуді 1993 жылы жоспарлаған және бастапқыда 2000 жылдың соңына қарай аяқтаймыз деп санаған. Алайда жоспар бірнеше рет кейінге шегерілді, ал өзбек тіліне арналған латын әліпбиінің нұсқалары қайта қарастырылды. Соның нәтижесінде елде бір мезгілде екі жазу пайда болды. Бұдан бөлек, іс-қағаздарының біраз бөлігі іс жүзінде орыс тілінде жүргізіліп жатыр.

2019 жылы өзбек әліпбиін жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы 1993 жылы ұсынылған нұсқаға оралу туралы ұсыныс жасаған. Алфавиттің жаңа нұсқасында 30 әріп пен апостроф бар. Таңбалар түрік тілінің латын нұсқасына ұқсас.

2020 жылы қазан айында президент Шавкат Мирзияев үкіметке үш ай ішінде жұмыс тобын құрып, президент әкімшілігіне латынға негізделген өзбек әліпбиіне тұтас көшу жоспарын жасауды тапсырған. Ақпан айында үкімет аталған жоспарды түпкілікті түрде бекітті.

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық іс-қағаздар, төлқұжаттар, жер-су аттары, ұйым, мекеме атаулары, баннерлер, ақпарат құралдары, жарнама, хабарландырулардың барлығы латынша жазылуы тиіс.

2017 жылы Қазақстан үкіметі 2025 жылға дейін латын алфавитіне көшуді жоспарлаған. Осыған ұқсас талпыныстар Қырғызстанда да байқалған. Орталық Азияда латын әліпбиіне көшу совет мұрасы мен Ресей ықпалын азайту талпыныстарымен байланысты. Көптеген республикаларда басқа жазу болған, бірақ совет билігі тұсында олардың жазуы кириллицаға ауыстырылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG