Accessibility links

"Шекарасыз тілшілер" ұйымы тәжік билігінен қамаудағы журналисті босатуға шақырды


Хикматулло Сайфуллозода.
Хикматулло Сайфуллозода.

"Шекарасыз тілшілер" (RSF) журналистерді қорғау ұйымы Тәжікстан билігін 16 жылға бас бостандығынан айырылған журналист Хикматулло Сайфуллозоданы босатуға шақырды.

Ұйым жариялаған мәліметке қарағанда, журналист 2015 жылдан бері түрмеде отыр, қазір оның өміріне қауіп төніп тұр.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон 9 қыркүйек күні атап өтетін Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай рақымшылық жариялаған. Оған сәйкес, 16 мың адамның жазасы кешіріледі.

"Шекарасыз тілшілер" ұйымының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша бюро жетекшісі Жан Кавелье Хикматулло Сайфуллозоданың өміріне қазір қауіп төніп тұрғанын айтты.

"Сайфуллозода саяси мотивпен сотталды. Оған берілген жаза бойынша, әлі он жыл түрмеде отырады. Рақымшылық оның өмірін құтқарып қалуы мүмкін. Сайфуллозода қоғамға, билікке қауіп төндірмейді" дейді Жан Кавелье.

70 жастағы журналистке биыл жазда жүрегіне ота жасалған. Оның туыстары жағдайының төмендігіне байланысты Сайфуллозодаға дәрі-дәрмек жеткізе алмай отырғанын айтқан.

Хикматулло Сайфуллозода Тәжікстанда тыйым салынған Исламның қайта жаңғыруы партиясының жанынан шыққан "Нажот" газетінің бас редакторы болған. Ол 2016 жылы 16 жылға бас бостандығынан айырылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG