Accessibility links

Оралда кейінгі үш айдың 70 күнін қамауда өткізген белсенді бостандыққа шықты


Белсенді Маруа Ескендірова, Орал, 20 тамыз 2021 жыл.
Белсенді Маруа Ескендірова, Орал, 20 тамыз 2021 жыл.

Оралда азаматтық белсенді Маруа Ескендірова кезекті әкімшілік қамаудан кейін бостандыққа шықты. Ол соңғы рет "бейбіт жиын тәртібін бұзу" бабы(Әкімшілік кодекстің 488-бабы 12-тармағы) бойынша айыпталып, 20 күнге қамалған еді.

Кейінгі үш айда белсенді бес рет қамалған. Арнайы қабылдайтын орында ұзын саны 70 күн қамауда болған. Олардың барлығы "бейбіт жиын тәртібін бұзу" айыбымен байланысты.

—Бұл жолы мені шыға сала барлығына митинг өтетінін айтып, алаңға келіп қолдауға шақырғаным үшін қамады. Бұл митингіге шақыру сияқты қабылданды, бірақ ол кезде біз тіпті жиын өтетіні жайлы ескертуді бермеген де болатынбыз, сәйкесінше қанағаттандырмау туралы жауап та болмаған. Яғни, мені жоқ митингіге шақырғаным үшін соттады, — деді Ескендірова.

Ол Орал әкімімен кездесіп, қала орталығында бейбіт митинг өткізуге рұқсат беруді сұрайтынын айтты. Жоспарланып отырған шараның тақырыбы "Қазақстанда балалар мен қарт адамдарды вакцина салуға мәжбүрлемеу".

— Бетпе-бет кездесу кезінде қала әкімімен келісіп, оның көзін жеткізе аламыз деп ойлаймын. Біз қандай да заңсыз нәрсе жасайық деп отырған жоқпыз. Бәрі президент айтқандай болады: ескерту жібереміз, белгілінген уақытта бейбіт жиынды өткіземіз. Бұл біздің конституциялық құқығымыз, — деді ол.

Заңнамаға өзгерістер енгізілгелі бері Қазақстанда қағаз жүзінде ескерту арқылы бейбіт жиын өткізуге болады. Ұйымдастырушылар жергілікті билікке ескерту беруі тиіс.

Алайда құқық қорғаушылар мен сарапшылардың айтуынша, жаңа заң қабылданса да іс жүзінде елеулі өзгеріс болған жоқ. Елде азаматтардың конституциялық бейбіт жиын өткізу құқығы бұрынғыдай бұзылып жатыр. Жергілікті билікте митинг өткізу туралы өтінішті қанағаттандырмауға мүмкіндік беретін барлық тетіктер сақталған. Әкімдіктің рұқсатынсыз наразылық өткізген азаматтар әкімшілік қамауға алынып, ірі айыппұлдар салынады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG