Accessibility links

Жетібайда West Oil Software жұмысшыларының ереуілі  тоқтады


Жетібайдағы "West Oil Software" компаниясының жұмысшылары ереуілге шыққан сәт. 23 тамыз 2021 жыл.

Маңғыстау облысының Қарақия ауданы Жетібай елді мекенінде жарты айдан астам уақытқа созылған West Oil Software компаниясы жұмысшыларының ереуілі тоқтады. Тараптар келісім хаттамасына қол қойды.

Жетібайда 23 тамыздан бері ереуілдеп, жалақыны көбейтуді сұраған West Oil Software жұмысшылары ереуілі бейсенбі, 9 қыркүйекте кешке қарай тоқтаған. Бұл жайлы мекеме жұмысшыларының кәсіподақ жетекшісі Ақылбек Реймов мәлімдеді. Оның айтуынша, сол күні жұмысшылар үйлеріне тарап кеткен.

- Жалақымызды 36%-ға көтерді. Әрине, мардымсыз. Бірақ адамдар психологиялық жағынан шаршады. Айнала көкала шаң, күн де суытты. Содан соң жұмысшылар келісті. Талап еткен мереке күндеріне - Тәуелсіздік күні, Мұнайшылар күні және Наурыз мейрамына 20 айлық есептік көрсеткішке тең (58 340 теңге немесе 136 доллар) сыйақы берілетін болды. Кәсіподаққа қатысты мәселе толық шешілмеді, ол бойынша сотқа жүгінеміз деп отырмыз, - деді Ақылбек Реймов.

Бітімгершілік келісіміне "Қазмұнайгаз" бен "Маңғыстаумұнайгаз" компания өкілдері қол қойған. Онда жалақының 1 қыркүйектен бастап көтеріліп, еңбек шартының жасалатыны, келесі жылдан бастап жылдық инфляцияға байланысты жалақыға индексация енгізілетіні айтылған.

Бұған дейін West Oil Software басшылығы еңбек құқығын талап еткен жұмысшыларды сотқа беріп, соттан ереуілді заңсыз деп тануды сұраған. Сот жұмыс беруші арызын қанағаттандырды. Сотқа тартылған жұмысшылар шешім әлі қолдарына тимегенін, оған апелляциялық шағым түсіретіндерін айтты.

Сот шешіміне наразы жұмысшылар бұған дейін ереуілді тоқтатудан бас тартып келген. Олар ереуіл болатынын алдын ала ескерткендерін, еңбек дауын Еңбек кодексіне сай шешуге ұмтылғандарын, компания басшылығы елемеген соң наразылыққа шығуға мәжбүр болғандарын айтқан.

18 күн ереуілдеген жұмысшылар жұмыс берушіге үш талап қойып, жалақыны "Ойл Транспорт Корпорейшн" компаниясы жалақысымен теңестіруді, еңбек шартын жасақтап, өздері құрған тәуелсіз кәсіподақтың жұмысына жұмыс берушінің кедергі келтірмеуін сұраған еді.

Қарай отырыңыз: Жетібайдағы ереуіл басылмады (8 қыркүйек 2021 жыл).

Жетібайдағы ереуіл басылмады
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:11 0:00

"West Oil Software" "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясының еншілес мекемесі "Ойл Транспорт Корпорейшн" компаниясына көлік-техникалық қызметтер көрсетеді. "Маңғыстаумұнайгаздың" Маңғыстау облысы Қарақия ауданы аумағындағы Жетібай кен орындарындағы ұңғымаларды тазалайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG