Accessibility links

Сот "заңсыз" деген ереуілде тұрғандар жұмыс берушіге қойған талабы орындалғанын күтпек


Жетібайдағы ереуіл басылмады
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:11 0:00

Маңғыстаудағы West Oil Software мен Techno Trading компаниясы жұмысшылары жалақыны көбейтіп, сыйақы төлеуді талап етіп ереуілде тұрғанына екі аптадан асты.

Маңғыстаудағы West Oil Software және Techno Trading LTD компаниясы жұмысшыларының жалақыны көтеруді талап етіп ереуілдеп жатқанына екі аптадан асты. Екі компания да ереуілді заңсыз деп тануды сұрап сотқа жүгінген. Олардың бірінің арызын Қарақия аудандық соты қанағаттандырды. Ереуілшілер жұмыс беруші ұсынған үстеме мөлшерімен келіспейді.

"ҚЫМБАТШЫЛЫҚҚА ҚОСА ҚУАҢШЫЛЫҚ ҚЫСТЫ"

33 жастағы Марат Жапалақовтың Маңғыстау облысындағы Жетібай кенішінде ереуілде тұрғанына бүгін 17 күн болды. Ол жергілікті мұнай өндіретін кәсіпорындарға көлік қызметін көрсететін West Oil Software компаниясында 2007 жылдан бері жүргізуші болып істейді.

Маратпен бірге ереуілдеп жатқан жүздеген жұмысшы компания әкімшілігінен жалақыны көтеріп, еңбек шартын жасауды және өздері құрған тәуелсіз кәсіподақ жұмысына кедергі келтірмеуін талап етеді. Бұған дейін ереуілшілермен жергілікті прокуратура, еңбек инспекциясы мен компания өкілдері кездесіп көрген, бірақ екі тарап мәмілеге келе алмаған.

– Жергілікті әкімдіктен күнде келеді. Кеше де келді. Айтатыны – "жалақыны көтеруге негіз жоқ, себебі сендер жүргізушісіңдер, мұнайшы емессіңдер" дейді. Мұнайшы болмасақ та соның қақ ортасында жүрміз ғой, – деді Марат Жапалақов 8 қыркүйекте Азаттық тілшісіне.

Жетібайдағы мұнайшылар ереуілге шықты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:38 0:00

Марат отбасында бес баласы барын, әйелі жұмыссыз екенін, қазіргі жалақысы отбасын асырауға жетпейтінін, қымбатшылықпен қоса биылғы қуаңшылық та жетібайлықтарға қиын тигенін айтады.

– Ауылды жер болған соң мал ұстаймыз. Бір жағынан малмен, бір жағынан жұмыспен күнелтетін едік. Жыл сайын қолдағы жылқының құлын, жабағысын сойып алатынбыз. Биыл сегіз бас жылқым далада аштан қырылды. Қалған жеті-сегіз басты аман алып қалудың өзі қиынға соғып отыр. Жалақы аз, ол не жем-шөпке, не күнкөріске жетпейді, – дейді Марат Жапалақов.

Оның сөзінше, ереуілде тұрғандардың көбінің жұмыс істеп жүргенін кемінде он жыл болған. 7 қыркүйек күні ереуілде тұрған жұмысшылардың отбасы Жетібай әкімдігі алдына жиналған. Бала-шағасын шұбыртқан әйелдер биліктен жұмысшылардың талабын орындауға жәрдем сұраған.

– Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылдық. Балалары әкесін көрмегелі екі апта болды. Бұл жердегі бес жүз адамның отбасында үш мың жан барын ұмытпаңдар. Әкім қайда? - деді әкімдік алдына келгендердің бірі.

Дәл сол күні Маңғыстау облысына Нұрлан Ноғаев әкім болып тағайындалды. Кейінгі үш жыл Қазақстан энергетика министрі болып істеген жаңа басшы үнімізге құлақ асар деген үмітпен ереуілде тұрған жұмысшылар оған видеоүндеу жасап, өздерінің еңбек дауын шешудің орнына алты адамның қудалауға ұшырағанын баяндаған. Әзірге жаңа әкімнен жауап болған жоқ.

Techno trading компаниясы жұмысшылары жалақыны көтеруді талап етіп, ереуілде отыр. Жетібай кенті, Маңғыстау облысы. 2 қыркүйек 2021 жыл.
Techno trading компаниясы жұмысшылары жалақыны көтеруді талап етіп, ереуілде отыр. Жетібай кенті, Маңғыстау облысы. 2 қыркүйек 2021 жыл.

West Oil Software компаниясы жұмысшыларынан кейін, тағы бір сервистік кәсіпорын – Techno Trading LTD жұмысшылары да 27 тамыздан бері жұмысты тоқтатқан. Олар да айлықты өсіруді, мереке күндері қарсаңында жалақыға 30 айлық есептік көрсеткішке (шамамен 87 мың теңге) тең сыйақы беруді, сауықтыруға ақша төлеуді талап етеді.

СОТ ЕРЕУІЛДІ "ЗАҢСЫЗ" ДЕП ТАНЫДЫ

7 қыркүйекте облыстық сот Қарақия аудандық сотының West Oil Software әкімшілігінің жұмысшылар ереуілін заңсыз деп танығанын хабарлады.

Соттың хабарлауынша, бұған дейін жұмыс беруші жұмысшылардан келісім комиссиясын құру және ұжымдық шартты бекіту жайлы хат алған, маусымда ондай комиссия құрылған.

"Бірақ жұмысшылар өкілінің жұмысшылардың атынан өкілдік етуге құзыретін растайтын құжаттары мен Еңбек Кодексінің 164-бабы 2-бөлігіне сай, кворумның қатысқанын растайтын құжаттарды тапсырмағандықтан, жұмысшылардың талабын қанағаттандырудан бас тартылған. Ереуілдің Еңбек Кодексінің талаптарын сақтамай өткізілуіне байланысты және дауды қараудың сотқа дейінгі тәртібі сақталмағандықтан, жұмыс берушінің талабы қанағаттандырылды" делінген облыстық сот жариялаған ақпаратта.

Сот шешімімен Серік Қапанов, Базарғали Нұрболғанов, Мұратбек Самаров, Берік Махмұдов, Батыржан Жарылғашев пен Жеңіс Сүйеуов "заңсыз ереуілді ұйымдастырушылар әрі оған белсенді қатысушылар" деп танылған.

Жетібайдағы ереуілге он күн болды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:34 0:00

Бірақ ереуілге қатысушылар сот үкімін әділетсіз деп санайды. Роман Айтымбетов жұмысшылардың ереуілге шықпас бұрын еңбек заңдылығы талаптарын сақтап, жұмыс берушімен ымыраға келуге тырысқанын айтады.

– 24 мамырдан бастап жұмыс берушіге хат жолдадық. Келісім комиссиясын құруды сұрадық. Арбитраж жасайық дедік. Бірақ [компания әкімшілігі] ешқайсына келіспеді. Содан соң 16 тамызда Маңғыстау облысының [сол кездегі] әкімі Серікбай Тұрымовқа және жұмыс берушіге еңбекке байланысты талаптарымыз орындалмағандықтан Еңбек кодексінің 71-бабына сүйеніп ереуілге шығатынымызды ескерттік. Қалайша заңсыз болады? – дейді Роман Айтымбетов.

Кәсіподақ төрағасы Ақылбек Реймовтің айтуынша, ереуілге дейін жұмысшылар компания әкімшілігін келісімге келуге шақырып, жұмыс беруші мен Маңғыстау облысы әкімдігіне хат жолдаған, оған 446 адам қол қойған. Жұмысшылар "талап орындалмаса ереуілге шығатынын ескерткен".

– Енді міне, осындай жағдайға келіп тұрмыз. Ереуілге еңбек заңы талаптарын сақтап шыққанымыз туралы дәлел-құжаттарды сотқа апардық. Оны ескермеді. Сотқа тартылғандар қазір бұл жерде жоқ. Сот шешімі осы алты адамға қарсы болса да оның ішінде бәріміз бармыз. Апелляцияға шағым түсіреміз және қазір облыстық прокуратураға сот шешімнің заңсыздығы туралы хат жазып отырмыз, – дейді ол.

Ал Techno Trading LTD жұмысшылары компания әкімшілігінің ереуілді заңсыз деп тануды сұрап, олардың арасынан Айбек Тәжіғалиев, Ғабит Нұржаубаев, Мұрат Күкімбаев, Қосымбай Орынбаев және Ербол Сарыбайдың үстінен сотқа шағым бергенін хабарлады. Сот процессі әлі басталған жоқ.

WEST OIL SOFTWARE ЖАЛАҚЫНЫ 30 ПАЙЫЗҒА КӨБЕЙТТІ, ЖҰМЫСШЫЛАР РАЗЫ ЕМЕС

West Oil Software басшысының орынбасары Азамат Нағыметовтың Азаттыққа айтуынша, компания 1 қыркүйектен бастап жұмысшылар жалақысын өсірген.

– Жалақыны жақсы көтердік – 30 пайызға көбейттік, келесі жылдан бастап индексация қосылатын болды. Мұнайшылар күніне орай 20 айлық есептік көрсеткішке тең сыйақы беретін болдық. Мұның бәрі жұмысшыларға ұсынылды, тағы сөйлесіп жатырмыз, – деді компания өкілі 8 қыркүйекте.

Бірақ жұмысшылар компания әкімшілігі ұсынған 30 пайызды азсынады.

– Ең көп дегенде алатын жалақымыз 200 мың теңге, ал сонда мына айтып отырған 30 пайыз дым болмайды, – дейді жүргізуші Садық Ізтілеуов.

Бұған дейін West Oil Software басшылығы жұмысшыларға жалақыны 13 пайызға өсіруді ұсынған, бірақ қосымша сыйақы төлеу туралы талаппен келіспеген еді.

Techno trading компаниясы жұмысшылары ереуілде отыр. Жетібай кенті, Маңғыстау облысы. 2 қыркүйек 2021 жыл.
Techno trading компаниясы жұмысшылары ереуілде отыр. Жетібай кенті, Маңғыстау облысы. 2 қыркүйек 2021 жыл.

Азаттық тілшісі Techno Trading LTD басшылығымен сөйлесуге де талпынып көрді, бірақ бірнеше рет телефон шалғанымен, тұтқаны ешкім көтермеді.

Бұған дейін Techno Trading LTD өкілі Нұрсәуле Боранова компанияның жалақыны 15 пайызға көтергенін, ал кәсіпорын қызметіне тапсырыс беруші "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясының тарифті 2008 жылдан бері көтермей келе жатқанын айтқан еді.

West Oil Software – "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясының еншілес мекемесі "Ойл Транспорт Корпорейшэн" компаниясына көлік-техникалық қызметтер көрсетеді. "Маңғыстаумұнайгазға" тиесілі Жетібай кен орындарындағы ұңғымаларды тазалайды.

Тechno Trading мекемесі "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясының Жетібай, Қаламқас мұнай кен орындарындағы жабдықтарын жөндеумен айналысады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG