Accessibility links

Маңғыстау облысының әкімі ауысты. Аймақта ереуілдер жиілеп, тұрғындар қуаңшылықтан зардап шеккен


Нұрлан Ноғаев.
Нұрлан Ноғаев.

Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысының әкімі болып тағайындалды. Ол кейінгі үш жылда энергетика министрлігін басқарған.

2019 жылдың маусымынан бері аймақты Серікбай Тұрымов басқарып келген еді. Ол 7 қыркүйекте қызметінен босатылды. Мұндай кадрлық өзгерістің себебі белгісіз.

Ноғаевты 7 қыркүйекте облыс активіне премьер-министр Асқар Мамин мен президент әкімшілігінің жетекшісі Ерлан Қошанов таныстырды. Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы кезінде депутаттар Ноғаевтың тағайындалуын "бірауыздан" қолдаған. Бұл туралы үкіметтің ресми сайты хабарлады.

"Жаңа әкімге аймақты кешенді түрде әлеуметтік-экономикалық дамыту міндеті жүктелді. Энергетика, көлік-логистика және туризм саласы бойынша аймақтың әлеуеті мол" деді Мамин.

Биыл жаз айларында Маңғыстау облысын ереуілдер шарпыды: жиырмаға тарта кәсіпорын жұмысшылары жалақы өсіруді және еңбек жағдайын жақсартуды талап етті.

Көп жағдайда жұмыс берушілер ереуілшілермен келіссөз өткізіп, олардың талаптарын толық немесе ішінара орындаған. Кейбір компания жұмысшыларының ереуілдері қазір де жалғасып жатыр.

Бұған қоса, биыл аймақ фермерлері қуаңшылықтан қатты зардап шекті. Жайылым жоқ болғандықтан мыңнан астам ірі қара аштан қырылды. Аймақта қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жарияланған жоқ.

54 жастағы Ноғаев бұрын "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы, энергетика және минералды ресурстар министрілігінде басшы қызметтер атқарған. Батыс Қазақстан және Атырау облыстарын басқарған.

Ноғаев Атырау облысының әкімі болып тұрған кезде аймақта Жер митингісі өтті. Оған қатысушылар үкіметтің ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге беруді қарастыратын жер реформасына қарсы шықты. Сол кезде Атыраудың орталық алаңына мыңдаған адам жиналды. Митингіге Ноғаев келіп, акцияға қатысушыларды қудаламауға уәде берген. Ал артынша жергілікті екі белсенді Макс Боқаев пен Талған Аян "араздық қоздыру" және "көрінеу жалған ақпарат тарату", "митинг өткізу тәртібін бұзу" баптары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Боқаев пен Аян тағылған айыптардың саяси астары барын айтты. Қазір олар бостандыққа шыққан.

Атыраудағы митингіден кейін наразылық Қазақстанның өзге қалаларына жайылып, билік құжаттың даулы тұстарына мораторий енгізіп, ауыл шаруашылық жерлері шетелдіктерге берілмейді және сатылмайды деп мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG