Accessibility links

Қырғызстанда оппозиция белсендісі билікті күшпен басып алуға үндеді деген күдікке ілінді


Орозайым Нарматова.
Орозайым Нарматова.

"Бүтін Қырғызстан" партиясының белсендісі Орозайым Нарматова билікті күшпен басып алуға үндеді деген күдікке ілінді. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне оның адвокаты Сейітбек Довлотов хабарлады.

"Нарматовамен телефонмен сөйлесіп үлгердім. Оны билікті күшпен басып алуға үндеді деп айыптап жатыр. Ош милициясының тергеушілерінен сұрасам, олар тапсырма Бішкектен түсті дейді. Кеше Бішкектегі Бірінші май аудандық соты Орозайымды тексеруге рұқсат берген" дейді адвокат.

Бұған дейін мәлім болғандай, белсенді Орозайым Нарматова Ош әуежайында 10 қыркүйекте таңертең ұсталған. "Бүтін Қырғызстан" партиясының Ош облысындағы өкілі Замир Шамшидинұлының айтуынша, тергеушілер Нарматованы Бішкекке алып кеткен.

Қырғызстан ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мәскеудегі "Мен макулмун" (Мен келісемін) және "Менин укугум бар" (Менің құқығым бар) қоғамдық қозғалыстарының жетекшісі, "Бүтін Қыргызстан" партиясының мүшесі Орозайым Нарматова бірнеше жыл бойы Ресейде еңбек миграциясында жүрген, сонда түрлі жиналыстар мен конференциялар ұйымдастырған.

"Аталған жиналыстарда Нарматова елдің саяси басшылығын үнемі сынап, еңбек мигранттары мен қырғыз азаматтары арасында наразылық тудыруға талпынған" делінген министрлік мәліметінде.

Бірнеше күн бұрын Нарматова Қырғызстанға жақын танысының жерлеу рәсіміне келген. Ол Ош әуежайы арқылы Ресейге ұшпақ болған.

2020 жылғы парламент сайлауы кезінде Нарматова "Бүтін Қырғызстан" партиясының тізімінде алғашқы ондықта болды. Оған дейін белсенді Садыр Жапаровты жақтап жүрген, бірақ саясаткер билікке келген соң оның саясатын сынай бастаған.

Қырғызстанда бірнеше саясаткер белсенді қыздың ұсталуын сынап, Нарматованы босатуды биліктен талап етті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG