Павлодарлық құқық қорғаушы Елена Семенова 10 қыркүйекте "Шаңырақ" оқиғасынан кейін 18 жылға сотталып, қазір Павлодар облысындағы АП-162/1 түзету мекемесінде отырған диссидент ақын Арон Атабекпен кездескен. Бұл туралы Азаттыққа Семенова хабарлады.
– Екі сағаттық қысқа кездесу болды. Аронның жылына үш қысқа және бір рет ұзақ кездесуге мүмкіндігі бар. Ол ұзақ кездесуден бас тартты. Екеуміз әйнектің ар жағында, телефонмен сөйлестік. Қолын көтеру қиын болғандықтан, сотталушылардың бірі жанында телефон тұтқасын ұстап тұрды, – дейді құқық қорғаушы.
Семенова, Атабекке "емделу қажет екенін, ем-домнан бас тартқаны өзіне ғана зиян екенін" түсіндіруге тырысқан.
– Түзеу мекемесінің бастамасымен ол анализ тапсырған екен. Нәтижелері енді келеді, диагноз да енді қойылмақ. Одан әрі емделуі керек. Бірақ ол емнен бас тартып отыр. Мен оның ауырғанынан, қиналып, түрмеде отырғанынан еш пайда жоғын, оның бостандықта жүргені әлдеқайда жақсы екенін айтып, түсіндіруге тырыстым. Бірнеше депутаттың оған рақымшылық жариялау туралы бастама көтергенін жеткіздім. Бірақ ол рақымшылық емес, толық ақталуы қажет екенін айтты. Ол үшін Жоғарғы сот қылмыстық істі қайта қарап, оны кінәсіз деп таныса, содан кейін ғана ақтау туралы айтуға болады, – дейді Семенова.
Қыркүйектің басында Қазақстан парламенті мәжілісінің бірнеше депутаты Арон Атабекке рақымшылық жасау туралы ұсыныс айтқан.
Бұдан бұрын, тамыз айында Ұлттық алдын алу тетігі түрмеде жатқан Арон Атабекпен кездесіп, оның ахуалы нашарлағанын хабарлап, қатты азып, шау тартқан суретін жариялаған еді. Оған дейін де ақынның денсаулығы нашарлағаны туралы құқық қорғаушы Елена Семенова айтып жүрген.
2006 жылы 14 шілдеде Алматыдағы "Шаңырақ" ықшамауданында тұрғандар мен полиция арасында қақтығыс болды. Сот тұрғындар "жерді заңсыз иеленді" деген шешім шығарып, тұрғын үйлерді сүруге полиция жасаған жіберген. Оқиға кезінде үстіне бензин құйылып, өртелген 24 жастағы полиция қызметкері қаза тапты. Билік оның өліміне басқалармен бірге сол күні "Шаңырақта" болған Арон Атабекті кінәлі деп тапты.
Кейін "Шаңырақтағы" сүріледі деген үйлердің көбі заңдастырылды.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Арон Атабекті "саяси тұтқын" деп таныды.
"Рақымшылық жасау туралы" заң жобасы Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай әзірленіп жатыр.
ПІКІРЛЕР