Accessibility links

Тәліптер Ауғанстанның бұрынғы вице-президентінің бауырын өлтірді


Тәліптер халық жасағы құрамында соғысып, жеңілген жауынгерлерді күзетіп тұр. Калис провинциясы, Ауғанстан. 8 қыркүйек 2021 жыл.
Тәліптер халық жасағы құрамында соғысып, жеңілген жауынгерлерді күзетіп тұр. Калис провинциясы, Ауғанстан. 8 қыркүйек 2021 жыл.

"Талибан" (Қазақстанда террористік ұйым деп танылған) содырлары Ауғанстанның бұрынғы вице-президенті Амрулла Салехтің ағасы Рохулла Салехті өлтірді. Амрулла Салех биліктен құлатылған президент Ашраф Ғани елден кеткеннен кейін өзін мемлекет басшысы міндетін атқарушы деп жариялаған.

Рохулла Салехтің туысы Reuters агенттігіне тәліптер Ауғанстанның бұрынғы вице-президентінің бауырын дарға асқанын растаған. Оның айтуынша, туыстарына марқұмды жерлеуіне рұқсат бермеген.

India Today басылымының жазуынша, Рохулла Салех Панжшерде тәліптермен қақтығыс кезінде өлтірілген. Панжшер – "Талибан" Кабулды басып алғаннан кейін содырлар толық бақылауға ала алмаған Ауғанстандағы жалғыз аймақ.

Hindustan Times жазуынша, Рохулла Салехті Панжшерден Кабулға аттанар кезде өлтірген.

"Талибан" қозғалысы Панжшер шатқалындағы қарсыластарын жеңгенін екі рет мәлімдеген. Ахмад Масуд жетекшілік еткен Ұлттық қарсылық майданы өкілдері тәліптердің мәлімдемесін жоққа шығарған.

15 тамызда "Талибан" радикалды қозғалысы Ауғанстан астанасы Кабулды ұрыссыз басып алған. Президент Ашраф Ғани елді ірі гуманитарлық дағдарыста қалдырғысы келмейтінін алға тартып, елден кеткен.

"Талибан" Ауғанстанның басым аумағын 1996-2001 жылдары бақылауда ұстады. АҚШ пен одақтастарының әскери операциясынан кейін қозғалыс тықсырылған. Америка бастаған халықаралық коалиция биыл мамырдан бастап Ауғанстаннан әскерін әкете бастағаннан кейін тәліптер шабуылды үдетіп, қазір елдің басым бөлігін бақылауда ұстап отыр. 7 қыркүйекте жаңа үкімет құрамын жариялағанмен халықаралық қауымдастықтықтың басым бөлігі мойындамады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG