Accessibility links

Минск тұрғыны шашын оппозиция туының түсіне ұқсатып бояғаны үшін айыппұл алды


Беларусьте қызыл ақ түстері Лукашенко режиміне қарсылықтың символы ретінде қабылданады.
Беларусьте қызыл ақ түстері Лукашенко режиміне қарсылықтың символы ретінде қабылданады.

Минск соты қала тұрғыны Виктория Левинаға шашын оппозиция туының түсіне ұқсатып қызыл және ақ түстерімен бояғаны үшін 2340 белорус рублі көлемінде (шамамен 920 доллар) айыппұл салды. "Весна" құқық қорғау орталығының хабарлауынша, оған қоғамдық шара өткізу тәртібін бұзды деген айып тағылған.

Милиция қызметкерлері 19 жастағы Левинаны көшеден ұстап, полицияға жеткізіп, үстінен хаттама толтырған. Онда полицейлер "пикет өткізіп, шашын ақ және қызыл етіп алма кезек бояп тастаған" деп көрсеткен.

Сот отырысына Виктория Скайп арқылы қатысты. Ол жарты жыл бұрын шашын "қалжың ретінде" бояп тастағанын айтты.

Судья қыздан шашын толық көрсетуді сұраған. Одан соң "өте қызық екен, қайталанбас шаш үлгісі" деп атап өткен. Артынша Левинаны әкімшілік құқықбұзушылық бабы бойынша кінәлі деп таныған.

Ақ-қызыл түсті ту Беларусьте Александр Лукашенко режиміне қарсылықтың символы саналады. Оппозиция наразылық акцияларына сондай түсті туларды ұстап шығады.

Былтыр Беларусьте президент сайлауынан кейін наразылық тұтанған кезде ақ және қызыл түстері режимді қабылдамаудың белгісі ретінде көрініп, сондай түсте арқандар, балкондар, баспалдақтар мен киімдер пайда болды.

Беларусь орталық сайлау комиссиясы елді ширек ғасырдан астам уақыт басқарған Лукашенконы сайлау жеңімпазы деп атады, ал оппозиция мен жақтастары сайлау нәтижесінің бұрмаланғанын айтты. Милиция мен күштік құрылымдар оппозиция туын "фашистік жалдамалылардың туына" теңеп, оған ұқсатқан барлық заттар мен орындарды барынша жоюға тырысқан. Ақ-қызыл түсті шұлық кигендердің өзіне жауапқа тартылу қаупі төнген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG