Accessibility links

Лукашенко Ресеймен одақ ел құрудан тартынып келген. Бұл жолы құтыла ала ма?


Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Беларусь президенті Александр Лукашенко Санкт-Петербургтегі кездесуде. 13 шілде 2021 жыл
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Беларусь президенті Александр Лукашенко Санкт-Петербургтегі кездесуде. 13 шілде 2021 жыл

20 жыл бұрын Беларусь пен Ресей одақ мемлекет құру жөнінде келісімшарт жасасқан еді. Бұл шартта ортақ валюта, ортақ сот және ортақ кеден құру мәселесі айтылған. Беларусьтің Ресейдегі елшісі осы құжаттың қосымшасы саналатын «жол картасына» қол қоюға аз қалғанын айтады. Лукашенко бұл одаққа көне ме?

1999 жылы Беларусь пен Ресей басшылары одақ мемлекет құру жөніндегі шартқа қол қойды, бірақ екі жақ та оның жай-жапсарын нақтыламады. Содан бері Беларусь президенті Лукашенко қағаз жүзінде қалған шартты жүзеге асырудан тартынып келді. Бірақ кейінгі уақытта ол шартты жүзеге асыруға бекінгендей көрініп жүр. Сарапшылар бұл шарт Беларусь тәуелсіздігінің түбіне жетеді дейді.

31 тамызда Беларусьтің Ресейдегі елшісі Владимир Семашко одақ мемлекет құру жөніндегі "жол картасының" дайын болғанын, тараптардың жуырда оған қол қоятынын айтты.

"Құдайға шүкір, үш жылдан кейін 28 [жол] картасының біреуі ғана қалатын күнге жеттік" деді Владимир Семашко келіссөздердің осы аптада аяқталатынын айта келе. "Меніңше, соңғысы 7-сі күні дайын болады".

9 қыркүйекте Александр Лукашенко мен Владимир Путин осы жылдағы бесінші кездесуін өткізеді. Кездесу Беларусьтегі наразылық толқуына бір жыл толғанда өткелі отыр. Бұл наразылық елді 1994 жылдан бері басқарып келген Лукашенко үшін үлкен сын болған еді.

Егер "жол картасы" қабылданса, екі ел ортақ валюта құрып, саяси, әскери және экономикалық ынтымақтастығын тереңдете түседі.

"Егер интеграция туралы келісімшартқа қол қойылса, мұны Беларусьтің қысым үстінде егемендігінен едәуір айырылуы деуге болады" дейді саяси сарапшы Сергей Богдан Азаттықтың Беларусь қызметіне.

БҰЛ ЖАҒДАЙ БҰРЫНҒЫДАН ӨЗГЕРЕК

Одақ мемлекетін құру туралы шартқа қол қойылғалы жиырма жыл өтсе де, оның жай-жапсары әлі белгісіз, себебі шартты талқылау жиындарының бәрі құпия өтеді. Бірақ кей деректер әшкере болды. Сарапшылар сол деректерге сүйеніп, екі жақтың салық саясаты мен ортақ валютаға қатысты келісе алмағанын айтқан.

Осыған дейін Лукашенко мен оның адамдары интеграцияға дайын екенін мәлімдей тұра, соңғы сәтте сөзінен тайып кетіп отырған. Бірақ бұл жолы жағдай өзгеше.

Былтыр тамызда Беларусьте президент сайлауы өтіп, Лукашенко жеңімпаз болып жарияланғанда, халық сайлау нәтижесі бұрмаланған деп көшеге шықты. Мұның соңы наразылық толқуына әкеліп, билік шерушілерді аяусыз жаншыды. Наразылық акциялары кезінде 34 мың адамды ұстады. Көшеге шыққандарды ұрып-соқты, қамады, соттады, тәуелсіз баспасөз құралдарын жауып тастады. Оппозиция лидерлері не түрмеге түсті, не шетелге кетті. Шетелге кетуге мәжбүр болғандардың арасында оппозиция атынан сынға түскен кандидат Светлана Тихановская да бар еді.

Батыс сайлау нәтижесін мойындамай, Лукашенко мен оған қатысы бар адамдар мен кәсіпорындарға санкциялар салды. Содан бері Александр Лукашенко Владимир Путинге тәуелді болып қалды.

Ресей көп жыл бойы Беларусь экономикасын субсидиялап, оған шикі мұнайды арзан бағамен беріп келді. Беларусь оны өңдеп, Батыс нарығына едәуір қымбатқа сатты.

Кремль сондай-ақ Минскіге 1,5 миллиард доллар қарыз берді. Ал өткен аптада Лукашенко Ресейден әскери көмек келетінін мәлімдеді.

Ресей Беларусьті ұстап тұру үшін қанша ақша жұмсады?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:49 0:00

Бірақ Мәскеудің бұл көмектерінің өтемі ауыр болмақ. Сарапшылар Кремль Лукашенконың әлсіздігін пайдаланып, оны өз пайдасына жаратуы мүмкін дейді.

Беларусь экономикалық әріптестіктен пайда көргісі келсе, тереңірек қарым-қатынасты қолдауы керек деді Ресей 2018 жылдың соңында. Келесі жылы екі тарап тығыз жұмыс істеп, желтоқсанға қарай 28 "жол картасына" қол қоймақ болды. Асыққан себебі, одақ мемлекет құру бастамасының 20 жылдығына үлгергісі келді.

"Бұл 28 жол картасын 1999 жылғы келісімшарттың қосымшасы ретінде қабылдау керек" дейді Варшавадағы шығыс зерттеулері орталығының бас ғылыми қызметкері Камиль Клысинский. "Келісішарттардың бәріне қол қойған соң Беларусь қағаз жүзінде тәуелсіз ел болып қалады, бірақ Ресейдің құқық жүйесі мен экономикасына кірігеді".

Бірақ 2019 жылы аталған "жол карталарына" қол қойылмады. Лукашенко Беларусьті тәуелсіздігінен айыруға жол бермейтінін айтты, билік сол жылы желтоқсанда интеграцияға қарсы наразылыққа қарсылық танытпады.

Бұған жауап ретінде Ресей алдымен мұнай мен газ жіберуін тоқтатып тастады, кейін қайта жіберді, бірақ көлемін азайтып қойды.

Осы тұста Беларусь пен Батыс арасында, әсіресе Киев пен Вашингтон арасында жылымық пайда болғандай көрінді. 2019 жылы АҚШ тіпті Беларуське мұнай жіберіп үлгерген. Ал содан бір ай бұрын Майк Помпео Киевке барып, Беларуське сапарлаған тұңғыш АҚШ мемлекеттік хатшысы атанды.

Бірақ Лукашенконың сайлаудан кейінгі әрекеті, әсіресе, Ryanair ұшағын бағытынан бұрып, оппозициялқ блогер Роман Протасевич пен оның құрбысы ресейлік София Сапеганы ұстауы Батыстың ашуландырып, Лукашенконы қайтадан Кремльге жақындата түсті.

Беларусь режимі журналист Протасевичті қалай ұстады?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:00 0:00

ШАРТ ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?

Маусымда Беларусьтегі АҚШ елшісі Джули Фишер жұмысқа кірісу үшін виза ала алмай, "Лукашенко билікке келгелі жеке мүддесі үшін Беларусь тәуелсіздігін Ресеге жығып беріп келеді" деп мәлімдеді.

"Лукашенко билікте отырғанда одақ мемлекет туралы келісім бойынша Беларусьтің Ресей құрамына кіру қаупі бар. Мұның салдары халыққа ауыр тиеді, халықтың дауысына, мәдениеті мен өзіндік ерекшелігіне әсер етеді" деді Фишер 9 маусымда халықаралық қатынас комитетінде.

Сол тыңдауда Беларусь оппозициясының өкілі Светлана Тихановская Лукашенко Беларусьті "Еуропадағы жабық және қауіпті Солтүстік Кореяға айналдырып жатыр" деді.

Ал Лукашенко болса, келісімшарттың ел тәуелсіздігіне нұқсан келтіретінін мойындамай отыр.

"Білімді, ақылды болғанымыз сонша, Ресейдің де, Беларусьтің де тәуелсіздігін жоғалтпай, федералды емес, біртұтас емес ел болатындай қарым-қатынас жасай аламыз" деді ол тамызда.

Қазан не қараша айында одақ мемлекеттің жоғары кеңесі отырыс өткізеді. Сол кезде ол одақ мемлекет келісімшартына қол қоюы мүмкін.

"9 [қыркүйек] күні Ресей президентімен келісімге келе алсақ, 10-11 [қыркүйекте] үкімет жиын өткізіп, бағдарламаларды қарап, қабылдайды. Сосын Жоғары мемлекеттік кеңесте оны мақұлдаймыз" деді ол.

ОДАҚ МЕМЛЕКЕТ ҚҰРЫЛА МА?

Сарапшылар бұған күмәнмен қарайды.

"Бәріміз интеграция туралы келісімге түбі қол қойылады деп естім келдік" деді сарапшы Андрей Казакевич Азаттық радиосының Беларусь қызметіне. "Беларусьтің тәуелсіздігін шектейтін жол карталарына қол қойылады дегенге сеніңкіремеймін, бірақ Ресей бұл процесті Беларуське деген ықпалын одан сайын күшейту үшін пайдаланады".

Құжаттың бәрі 7 қыркүйекте дайын болатынын айтқан Семашко "кей жол картасы ортақ үкіметаралық келісімді ғана емес, құжаттар пакетін қажет етеді" деді.

Салық және кеден заңнамасын үйлестіруге 2,5 жыл кетуі мүмкін деді ол. (Ал премьер-министр Роман Головченко кейбір келісімшартты жасау 2027 жылға дейін созылуы мүмкін деген).

Сарапшы Клысинский елшінің мәлімдемесі Лукашенконың "терезесі тар", "құралы шектеулі" келіссөздер жасау айласын көрсететінін айтады.

"Солардың бірі – жол карталарына қол қою" деді Клысинский. "Карта энергетикалық субсидия (газ бен мұнай бағасы), қарыз және қаржылық қолдаудың басқа да түрлерін қамтиды. Меніңше, Семашко Ресейдің реакциясын байқап, Беларусь Минскіден осындай жағдайда не ала алатынын анықтамақ болды".

2019 жылы Путин келісімшарт жасау туралы қысым көрсеткендей болды. Беларусьте содан бері болған өзгерістерді ескерсек, ол одақты соншалықты қаламаған да болар дейді сарапшы Артем Шрайбман.

"Интеграцияны тереңдету жайлы келіссөздердің сәтті боғанын айтуға болады, бірақ Лукашенко Ресей губерниясының губарнаторы болғысы келмейтінін бәрі түсінеді" деп жазды Шрайбман Карнеги орталығының сараптамасында. "Оны мәжбүрлесе де, халық бұған қарсы тұрады, ал Батыс [келісімді] мойындамайды, себебі Лукашенконың легитимдігіне сұрақ көп".

Одақ туралы келісімшарт Лукашенконың Кремльмен қарым-қатынасындағы соңғы тетік, оның бұл тетіктен бас тартуы екіталай дейді Клысинский. "Беларусьтің ең тәуелсіз активі – тәуелсіздікті берген Лукашенко Мәскеу үшін маңызды болмай қалады да, Кремль одан гөрі психикасы тұрақтырақ адамды іздер еді" дейді ол.

Азаттықтың Беларусь қызметі берген мәліметке сүйеніп жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG