Accessibility links

Солтүстік Корея қанатты зымыранын сынақтан өткізгенін хабарлады


Солтүстік Корея ұзақ қашықтыққа ұшатын жаңа қанатты зымыранын сынақтан өткізді. Бұл жөнінде Солтүстік Кореяның орталық телеграф агенттігіне сүйенген "Рёнхап" агенттігі жазды. Орталық телеграф агенттігі сынақтың сәтті жүргізілгенін, оған жоғары лауазымды шенеуніктер қатысқанын хабарлаған.

Солтүстік Кореяның мәлімдеуінше, жаңа зымыранды құрастыруға екі жыл кеткен. 11-12 қыркүйек күнгі сынақ барысында зымырандар 1,5 мың шақырымға ұшып, нысанаға дөп тиіп, Солтүстік Корея аумағындағы теңізге құлаған.

Орталық телеграф агенттігі жаңа зымырандарды – "өте маңызы бар стратегиялық қару" ретінде сипаттаған. Reuters сұхбаттасқан сарапшылардың пікірінше, Пхеньянның зымырандарды "стратегиялық" деп атауына қарағанда ол атом оқтұмсықтарының бір бөлігі болуы мүмкін.

Наурыз айында Солтүстік Корея жаңа үлгідегі екі тактикалық зымыранды сынақтан өткізгенін хабарлаған. Сарапшылар сол кезде мұны АҚШ әкімшілігі ауысқаннан кейін Вашингтонмен келіссөзге дайындық ретінде бағалаған.

Бұған дейін Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын мен АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп арасындағы келіссөздер тығырыққа тірелген. Солтүстік Корея басшысы АҚШ-тан экономикалық санкцияның күшін толық жоюды ұсынған еді. Ал АҚШ одан бас тартқан.

Тамыз айының соңында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) жылдық есебінде Пхеньян Йонбен ғылыми-зерттеу орталығындағы ядролық реакторды қайта іске қосуы мүмкін деп хабарлаған.

Тамызда Солтүстік Корея Сеулдің Вашингтонмен бірігіп өткізген әскери жаттығуына жауап ретінде Оңтүстік Кореямен қарым-қатынасты үзген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG