Accessibility links

Блинкен АҚШ конгресінде Ауғанстан бойынша сұрақтарға жауап берді


АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен дүйсенбі, 13 қыркүйекте өкілдер палатасының халықаралық істер жөніндегі комитетінде АҚШ-тың Ауғанстаннан Америка әскерін әкетуіне байланысты сұрақтарға жауап берді. Конгрестегі республикашылдар президент-демократ Джо Байденнің Ауғанстан бойынша соңғы кездегі әрекетіне байланысты мәселелер қозғаған.

"Америка дауысы" сайтының жазуынша, конгрестегі демократтар бұрынғы әкімшілік: республикашыл кіші Джорд Буш пен Дональд Трамп, демократ Барак Обама мен Джо Байден әкімшіліктерінің әрекетіне назар аудартуға тырысқан.

Комитетте сұрақтарға жауап берген Блинкен Америка әскерін Ауғанстаннан әкету туралы "Талибанмен" келісім бұрынғы Трамп әкімшілігі кезінде жасалғанын еске салды. Оның сөзіне қарағанда, Байден инаугурациясы қарсаңында тәліптердің әскери позициясы мығым болған. Ал АҚШ-тың Ауғанстандағы әскерінің саны 2001 жылдан бері ең төмен көрсеткішке дейін азайған.

Америкалықтар мен ауған азаматтарын эвакуациялау мәселесіне тоқталған Блинкен АҚШ бұл процеске алдын ала дайындалды деп атап өтті. Бірақ оның сөзінше, ауған күштері мен үкіметінің құлауы эвакуацияны асығыс шұғыл жүргізуге ықпал еткен.

"Жыл бойы біз олардың (бұрынғы ауған үкіметі - ред.) позицияны ұстап тұру мүмкіндігіне қайта-қайта баға беріп, көптеген сценарийді қарастырдық. Тіпті ең пессимистік болжамның өзі Кабулдағы үкімет Америка күштері елден кетпей тұрып құламайды дегенге меңзеді" деді Блинкен.

Сейсенбі күні Блинкен сенаттың халықаралық қатынас жөніндегі комитетінде жауап береді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG