Accessibility links

Нұр-Сұлтан соты азаматтық белсенді Алтын Лесбаеваның бостандығын екі жылға шектеді


Азаматтық белсенді Алтын Лесбаева.
Азаматтық белсенді Алтын Лесбаева.

14 қыркүйекте Нұр-Сұлтанның Сарыарқа аудандық №2 соты "тыйым салынған ҚДТ және "Көше партиясы" ұйымының ісіне араласты, насихаттады" деп айыпталған азаматтық белсенді Алтын Лесбаеваның бостандығын екі жылға шектеді. Бұдан бөлек, белсендіге 3 жылға дейін қоғамдық- саяси жұмыспен айналысуға, әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым салынды. Алтын Лесбаева Нұр-Сұлтанда осы баппен айыпталған – 12-адам.

Істі судья Ибрагим Әлкенов жүргізді.

- Мен сот үкімімен келіспеймін. Себебі, мен бар болғаны сөз бостандығы бар елде еркін өмір сүргім келді. Балаларыма жақсы өмір тіледім. Сол үшін ҚДТ бағдарламасын қуаттадым. Өзімнің белсенділігімнен, позициямнан бас тартпаймын,- деді ол соттағы соңғы сөзінде.

Алтын Лесбаеваға қатысты сот процесі биыл 4 мамырда басталған. Ол сот барысында істі жүргізген судья Әлкеновке он шақты рет сенімсіздік білдіргенін, бірақ судья әрекетінде заңсыздық анықталмады" деп қабылданбағанын айтады.

50 жастағы Алтын Лесбаеваның үйін былтыр қазан айындағы митинг алдында полиция тінтіп, өзін учаскеде бір тәулік ұстап босатқан. Ол азаматтық белсенді, полиция абақтысында белгісіз жағдайда көз жұмған Дулат Ағаділдің үйінің құрылысына көмектескеннен кейін 2020 жылы 31 шілде күні "заңсыз митингке қатысты" деп айыпталып, 7 тәулікке қамалған.

Алтын Лесбаева - биыл Нұр-Сұлтан қаласында Қылмыстық кодекстің 405-бабымен "заңмен тыйым салынған ұйымның ісіне қатысты, ұйымдастырды" деп айыпталып, 2-3 жылға бас бостандығы шектеліп немесе айырылған 12 азаматтық белсендінің бірі.

Қазақстан соты "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) мен "Көше партиясы" қозғалыстарын 2018 және 2020 жылдары "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент екі ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы адам құқығы жайлы биыл қабылдаған қарарында Нұр-Сұлтанды "экстремизмге қарсы заңдарды" қозғалыс жақтастарына қарсы қолданды деп айыптаған.

Қазақстанда бұл екі ұйымға қатысты көп белсенді қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың нақты саны белгісіз. Кейбір құқық қорғаушылар соңғы бірнеше жылда 300-ге тарта адамның сотталғанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG