Accessibility links

Қазақстанда бір күнде 70 адам коронавирус пен "пневмониядан" қайтыс болды


Екпе пункті.
Екпе пункті.

16 қыркүйекте Қазақстанда 3081 адамның анализінен коронавирус анықталды.

Өткен тәулікте Алматы қаласында 651 адамның коронавирус тесті оң шық. Қазақстандағы ең ірі қала коронавирус көрсеткіші бойынша республикада бірінші орында тұр. Бейсенбі күні Қарағанды облысында – 392, Нұр-Сұлтанда – 338, Алматы облысында – 252, Ақтөбе облысында 224 науқас тіркелген.

2020 жылдың наурыз айынан бері 854 мың адамның ПТР тесті оң шыққан. 10 611-і қайтыс болған.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда эпидемиологиялық ахуал тұрақталғанын хабарлаған. Бірақ елде коронавирус көрсеткіші пен онымен байланысты адам өлімі былтырмен салыстырғанда әлі де жоғары.

Сәрсенбі, 15 қыркүйекте Қазақстанда коронавируспен байланысты 70 адам өлімі тіркелді: 62 адам – коронавирустан, 8 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болды деп айтылады.

Қазақстан 2020 жылдың 1 тамызынан бастап ПТР тесті теріс шыққан, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын "ковидтектес пневмония" есебін жүргізіп келеді. Осы күнге дейін пневмонияның бұл түріне 73,5 мың адам шалдыққан. 4714-і қайтыс болған. 15 қыркүйекте 236 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылды.

Қазір шамамен 72 мың адам коронавирустан емделіп жатыр, 13,6 мыңы стационарда жатыр. Осы аптада денсаулық сақтау министрлігі індеттің беті қайтқандықтан 25 тамыздан бері республика бойынша 60 стационар жабылғанын хабарлады.

Соңғы мәлімет бойынша, коронавирусқа қарсы екпені 6 млн-нан астам адам толық алған. Бұдан бөлек, 1,2 млн адам вакцинаның екінші дозасын күтіп отыр.

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде 227 млн адам коронавирусқа шалдыққан, 4,6 миллионы қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG