Accessibility links

ШЫҰ елдері Душанбеде Иранды ұйымға қабылдау процедурасын бастады


Иран басшысы Ибрагим Раиси және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. Душанбе, 17 қыркүйек 2021 жыл.
Иран басшысы Ибрагим Раиси және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. Душанбе, 17 қыркүйек 2021 жыл.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитіне қатысушылар 17 қыркүйекте Душанбеде Иранды ұйымға қабылдау процедедурасын бастауға мүмкіндік беретін құжатты мақұлдады.

Иран президенті Ибрагим Раиси бұл қадамды жылы қабылдады. Ол өз сөзінде Ауғанстандағы жағдайға тоқталып, шетелдің Кабулдың ішкі ісіне араласуын қатаң сынады. Ол Ауғанстандағы тұрақсыздықтың себебін де сонымен байланыстырды.

Ибрагим Раисидің пікірінше, аймақ елдері көрші елдердің ішкі ісіне араласқанша бар күшті Ауғанстанда барлық халық пен этникалық топ кіретін инклюзивті үкімет құруға жұмсауы қажет.

Тегеран ШЫҰ-ға бақылаушы болу статусына 2005 жылы ие болған. Үш жылдан соң Иран ұйымға толық мүше болуға ықылас білдірген. Алайда бұған Иранға салынған халықаралық санкциялар кедергі келтірді. ШЫҰ жарғысы бойынша, БҰҰ Қауіпсіздің кеңесінің санкциясына ұшыраған ел ұйымға мүше бола алмайды.

2015 жылы Тегеран ұзақ келіссөзден кейін ядролық бағдарламасын шектеуге келіскен кейін санкцияның күші жойылған. Бірақ Тегеран артынша тағы бір кедергіге тап болған: Душанбе Тегеранды Тәжікстанда тыйым салынған Тәжікстан Ислам жаңғырту партиясын қолдады деп айыптап, Иранның өтінішін қолдамаған. Душанбе мен Тегеран кейін мәселені өзара реттей алды.

ШЫҰ саммитіне видеобайланыс арқылы қатысқан Ресей президенті Владимир Путин Мәскеу Иранның ШЫҰ жұмысына толық қатысқанын әрдайым қолдады деп атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, бұл елдің аймақтағы рөлі маңызды.

"Иранның енуі ұйымның әрі қарай да халықаралық беделінің артуына ықпал ететіні сөзсіз" деді Путин.

Душанбе саммитіне қатысушылар диалог жүргізу бойынша Египет, Катар мен Сауд Арабиясына әріптес мәртебесін беруге келісті

ШЫҰ-ның Душанбедегі саммиті кезінде жалпы саны 30 құжатқа қол қойылған. Арасында ШЫҰ-ның Душанбе декларациясына 20 жыл толуы, 2022-2024 жылдарға арналған терроризм, сепаратизм және экстремизммен күрес бойынша әріптестік бағдарламасы, 2018-2023 жылдарға арналған есірткімен күрес жоспары, 2022-2023 жылдарға арналған ақпараттық қауіпсіздік жоспары сияқты құжаттар бар.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы 2001 жылы 15 маусымда Қытайдың Шанхай қаласында құрылған. Оған қазір Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Өзбекстан, Үндістан, Тәжікстан және Пәкістан мүше.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG