Accessibility links

ҚДТ мен "Көше партиясына" шыққан шешімдерге байланысты 13 белсендінің соты тағы үзілді


Сотқа тергеу изоляторынан қосылған белсенділер (оңнан солға қарай): Асхат Жексебаев, Ноян Рахымжанов, Қайрат Қылышев, Абай Бегімбетов және Диана Баймағамбетова. Алматы, 10 қыркүйек 2021 жыл.
Сотқа тергеу изоляторынан қосылған белсенділер (оңнан солға қарай): Асхат Жексебаев, Ноян Рахымжанов, Қайрат Қылышев, Абай Бегімбетов және Диана Баймағамбетова. Алматы, 10 қыркүйек 2021 жыл.

Алматыда өтіп жатқан 13 белсендінің сотында айыпталушылар "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) және "Көше партиясы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп тану туралы Есіл аудандық сотының шешімін іске тіркемейінше сотқа қатысудан тағы бас тартты. Белсенділердің әрекеті дәл осы шешімге байланысты заңсыз деп танылған.

Айыпталушы Гүлзипа Жаукерованың сөзінше, айыптау құжаттарының барлығында дерлік "Есіл аудандық сотының шешімі негізінде" деген сөз бар. Бірақ бұл сот шешімі іске тіркелмеген. Сот шешімі жоқ болса қылмыстық іс қысқаруы тиіс.

Бірнеше айыпталушы Жаукерованың талабымен келісті. Нинагүл Жұманиязова, Марат Құрбанов, Асхат Жексебай және тағы басқа да айыпталушылар сот шешімін іске тіркеу қажеттігін алға тартты.

Жексебай Есіл аудандық сотының QR-коды көрсетілген шешімі қолында бар екенін айтып, оны оқып беруге рұқсат ету туралы талап-тілек айтты. Бірақ судья Ернар Қасымбеков бұған да рұқсат бермеді.

Ал прокурор айыпталушылардың талап-тілегін негізсіз деп атап, "істі созу үшін жасалып жатқан әрекет" деп бағалады.

"Жаукерова, Құрбанов, Асфендиярова, тағы басқа да белсенділер іске қатысудан бас тартып, байланысты үзе берсе, олардың бұлтартпау шарасын өзгерту туралы талап-тілек түсіретінімді ескертемін" деді прокурор.

Бұдан соң судья Ернар Қасымбеков сот шешімін іске тіркемейтінін айтты. Сот отырысына онлайн қатысып отырған Марат Құрбанов видеобайланысты үзді. Судья айыпталушылардың бірінің сот отырысына қатыспауына байланысты отырысты тоқтатты.

Бұған дейінгі судья айыпталушылар мен қорғаушылардың талап-тілегімен прокурорға сот шешімін әкелуді тапсырған. Бірақ іске қатысып отырған екі прокурор да "бұл шешім туралы БАҚ-та хабарлама тарағанын" айтумен шектелген. Бұған айыпталушылар мен қорғаушылар наразы болған.

17 қыркүйектегі сот отырысы соған байланысты үзілген еді.

13 белсендінің соты 27 шілдеде басталған. Айыпталушылардың тоғызы "тыйым салынған ұйымның ісін ұйымдастырды және ісіне араласты", төртеуі "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деген күдікке ілінген.

13 белсендінің барлығы - қоғамдық-саяси мәселелерге байланысты пікір-көзқарасын ашық айтып, акция-митингілерге қатысып жүрген азаматтар.

2020 жылы Нұр-Сұлтанның Есіл аудандық соты "Көше партиясын" "экстремистік" деп танып, оның қызметіне тыйым салған. Екі жыл бұрын ҚДТ жұмысына да осындай себеппен шектеу қойған еді. Еуропарламент бұл екі ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атайды.

Екі ұйым Қазақстандағы авторитарлық басқаруды тоқтатуды және парламенттік басқару жүйесіне көшуді талап етеді.

"Көше партиясы" мен ҚДТ-ға тыйым салу туралы сот шешімдері жарияланған жоқ.

Биыл шілде айында халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Нұр-Сұлтанды белсенділерді қудаламауға және саяси оппозициялық қозғалыстарды "экстремизм" үшін айыптамай, еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беруге шақырған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG