Accessibility links

"Тозақта тұрамыз". Билік мойындамаған індеттен қиналған жұрт көшеде қайыр тілеуге мәжбүр


Үкіметі елде коронавирус барын мойындамайтын Түркіменстан астанасында бетіне маска тағып отырған адамдар. Ашғабат, 2020 жылғы тамыз айы. Көрнекі сурет.
Үкіметі елде коронавирус барын мойындамайтын Түркіменстан астанасында бетіне маска тағып отырған адамдар. Ашғабат, 2020 жылғы тамыз айы. Көрнекі сурет.

Түркіменстанның Мары уәлаятында коронавирус өршіп тұр, жұмыссыздық пен кедейліктен титықтаған халық дәрі-дәрмекке ақша таба алмай қиналып отыр деп хабарлайды Азаттықтың Түркімен қызметі. Аурухана емге ақшасы жоқ науқастарды қабылдамай, үйіне қайтарады. Көшеде тамақ пен дәріге ақша іздеп қайыр сұраған адам көбейген. Ал үкімет "елде коронавирус жоқ" деуден танбай отыр.

"ЖОҚШЫЛЫҚ ИТЕРМЕЛЕДІ"

– Мары халқы вирус пен аштықтан зардап шегіп отыр. Балалар көшеде қайыр тілеп жүр. Ата-ана баласына тамақ тауып беру үшін қолдан келгеннің бәрін істеуге дайын. Жұртта жейтін бір тілім нан да жоқ. Ақшасы жоқ адам ауруханаға түссе, оны ешкім емдемейді, – дейді Азаттықтың Түркімен қызметі (Азатлық) сөйлескен жергілікті тұрғын.

Әлемде коронавирус пандемиясы басталғанына бір жарым жылдан асса да, Түркіменстан үкіметі "елде Covid-19 вирусын жұқтырған науқас жоқ" деуден танбай келеді. Мемлекет бой бермей тұрған індетті де, пандемия кезінде ушыға түскен экономикалық дағдарысты да мойындамайды. Бірақ Азаттықтың Түркімен қызметіне сұхбат берген тұрғындардың әңгімесінен денсаулық сақтау және экономика саласындағы қиындықтардың біртіндеп әлеуметтік дағдарысқа ұласып бара жатқанын аңғаруға болады.

Мары қаласында көше тазалап жүрген әйелдер. Түркіменстан, 2020 жылғы қараша айы.
Мары қаласында көше тазалап жүрген әйелдер. Түркіменстан, 2020 жылғы қараша айы.

Мары уәлаятында тұратын азамат Азатлық тілшісімен әңгімеде, қазір ашқұрсақ балаларын асырау үшін тәнін саудалауға мәжбүр жас әйелдер мен 10 манат үшін кез келген ауыр жұмыс істеуге келісетін ер адамдар жиі кездесетінін айтады. (Ресми бағам бойынша, 10 манат шамамен 2,85 АҚШ долларына тең, ал "қара базарда" доллар бағамы бұдан он есе қымбат - ред.)

Кейінгі кезде шарасыздықтан қылмысқа баратындар да көбейген дейді ол. Марыда әсіресе, азық-түлік дүкеніне ұрлыққа түсу жиілеген.

– Қылмыс жасайтындар көбейді. Дүкеннен тамақ ұрлайды. Нан немесе басқа да тамақ ұрлау үшін тапа-тал түсте азық-түлік дүкені сатушыларына шабуыл жасайды. Ұрлық үстінде ұсталған адам бала-шағасын асырау үшін мұндай қылмысқа алғаш рет барып тұрғанын, жоқшылық итермелегенін айтады. Олар сатушылар мен дүкен иелеріне "полицияға хабарламай-ақ қойшы" деп жалынады, – дейді Мары тұрғыны.

"ҚАРАПАЙЫМ ХАЛЫҚ ТОЗАҚТА ТҰРЫП ЖАТЫР"

Азатлық Жемал есімді жас әйелмен (кейіпкердің аты-жөні өзгертілді) сөйлескен. Ол жас әйелдердің күнкөріске ақша табу үшін омыраудағы нәрестесін көтеріп, көшеге қайыр тілеуге шығатынын айтады. Бәрінің де коронавируспен ауырып жатқан туыстары бар. "Әйелдер қайыр тілеп, дәрі-дәрмекке ақша жинай алмайтынын біледі, сондықтан тым құрыса, нан алуға жететін тиын-тебен табылса деп үміттенеді" дейді келіншек.

Жемалдың сөзінше, жоқшылықтан қиналған әйелдердің шарасыз күйін пайдаланып қалғысы келетін полицейлер де жиі кездеседі. Алайда ашынған әйелдер ондайларға қарсылық көрсетіп, бетін қайтарудан тайынбайды дейді ол. Жемал көшеде қайыр сұрап жүруге ұялатын кейбір жас қыз-келіншек тәнін саудалауға мәжбүр болатынын айтады.

Суретте: Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов әкесінің туған ауылында Covid-19 жұқтырған науқастарды емдейтін жаңа емхананы ашу рәсімінде тұр. 2021 жылғы тамыз. Мамандығы дәрігер президент басқарып отырған елде үкімет "коронавирус тіркелмеген" деуден танбай отыр.
Суретте: Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов әкесінің туған ауылында Covid-19 жұқтырған науқастарды емдейтін жаңа емхананы ашу рәсімінде тұр. 2021 жылғы тамыз. Мамандығы дәрігер президент басқарып отырған елде үкімет "коронавирус тіркелмеген" деуден танбай отыр.

– Қазір вирус жұқтырған адам көп, бірақ олар дәрігерге бармай, үйінде жатып емделеді. Өйткені ақшасы жоқ. Жақында бір отбасындағы жас жігіттің қызуы көтеріліп, тыныс алуы қиындаған соң отбасы жедел жәрдем шақырды. Олар жігітті алып кеткен. Кейін ауруханадан оның әкесіне хабарласып, дәрі-дәрмек сатып әкеліңдер деді. Әкесі дәрі-дәрмек алуға жағдайы жоғын түсіндіруге тырысты. Бірақ бір сағаттан кейін әлгі жігітті үйіне әкеліп тастады. Әкесі "дәрігерлер ақшасы барға ғана қарайды" деп налыды, – дейді Ғұрбан есімді (аты-жөні өзгертілді) тағы бір тұрғын.

Ғұрбан науқас жігіттің иіс пен дәм сезбей, төрт күннен бері ас-су ішпей жатқанын айтады. Ұлының көз алдында үзіліп бара жатқанын көрген әкесі дәрі-дәрмек алу үшін өз дене мүшесін сатпақшы да болған, бірақ сатып алатын адам таба алмаған.

– Ол осы ауырып жатқан ұлы жұмыс істеп, ақша табу үшін Түркияға кетпекші болғанын, бірақ төрт рет Ашғабат әуежайынан ұшаққа отырғызбай қайтарғанын айтты. "Балам, ол жақты қайтесің, елде де ақша табуға болады ғой" деп айтқан ол қазір енді "Түркияға кетуге неге тырысып көрмедім, мүмкін оны шетелге жібермегендер мені олай ұстап қалмас па еді" деп өкінетінін айтты. Бұрын бұл елде жақсы еді, ал қазір қарапайым халық тозақта тұрып жатыр, – дейді Ғұрбан.

Билік "коронавирус тіркелген жоқ" деп жариялаған Түркіменстан астанасында автобуста кетіп бара жатқан маска таққан адамдар. Ашғабат, 15 шілде 2020 жыл.
Билік "коронавирус тіркелген жоқ" деп жариялаған Түркіменстан астанасында автобуста кетіп бара жатқан маска таққан адамдар. Ашғабат, 15 шілде 2020 жыл.

"ҚАРАПАЙЫМ ХАЛЫҚ ТОЗАҚТА ТҰРЫП ЖАТЫР"

"Қазір туыс-туғаны Түркияда жұмыс істеп жүрген отбасында ғана азын-аулақ ақша бар" дейді Гурбан.

Кейінгі он жылда Түркіменстанның миллиондаған азаматы шетелге жұмыс істеуге кеткен.

– Еш жерде жұмыс жоқ. Базарлар жабық тұр. Негізінен нан ғана жейміз. Ыстық тамақты аптасына екі рет қана дайындаймыз... Халық кедейдің күнін кешіп жатыр. Ал үкімет халықтың соңғы 10 теңгесіне дейін сыпырып алуға тырысады, – дейді жергілікті тұрғындардың бірі. (Теңге - түркімен тиыны. 1 манат 100 теңгеден тұрады - ред.)

Нан алуға келген адамдар. Ашғабат, Түркіменстан, 2021 жылғы қыркүйек.
Нан алуға келген адамдар. Ашғабат, Түркіменстан, 2021 жылғы қыркүйек.

Азатлық тілшісі Ашғабатта коронавирустан қайтыс болып жатқан адам көбейгенін хабарлады. Журналист астаналық бір мектепте кейінгі он күнде бірнеше оқушының ата-анасы індеттен көз жұмғанын, олардың аты-жөніне дейін айтып берді. Сынып жетекшілері әлгі жетім қалған балаларға өзге оқушылардан көмек жинаған деп хабарлайды Азатлық.

Ашғабат ауруханаларында қазір бос орын жоқ. Редакцияға келіп түскен суреттерден бір ғана Ниязов ауруханасы ауласына науқастың жағдайын білуге немесе марқұм туысын алып кетуге жүздеген адам жиналғанын көруге болады. Азатлық ақпарат көздерінің қауіпсіздігін сақтау мақсатында бұл суреттер мен видеоларды жарияламауды жөн деп тапты.

Азатлық тілшісімен сөйлескен жергілікті тұрғындар "коронавирус" деген сөзден қашқақтап, оны "вирус", "осы ауру" деп атайды.

Коронавирус пандемиясы кезінде кісі кайтыс болған үйдің жанынан өтіп бара жатқан адам. Ашғабат, Түркменстан, 2021 жылғы қыркүйек.
Коронавирус пандемиясы кезінде кісі кайтыс болған үйдің жанынан өтіп бара жатқан адам. Ашғабат, Түркменстан, 2021 жылғы қыркүйек.

Ашғабатта коронавирус өршіп, науқастардың шарасыз күйде қалғанын 19 қыркүйекте BBC де жазған. Ашғабатта жұмыс істейтін медицина қызметкерлері (аты-жөнін айтудан қорқып) Азатлыққа коронавирустан кемінде мыңға жуық адам көз жұмғанын айтқан.

Елде коронавируспен ауырғандар мен вирус салдарынан қайтыс болған азаматтар туралы нақты ақпарат жоқ. Түркіменстан билігі коронавирус жайлы ресми статистика жүргізбейді, тек карантин шараларын енгізумен ғана шектеледі.

Кейінгі айда елдің түрлі өңірінде бірқатар елдімекен карантинге жабылған. Қазір Дашоғыз уәлаятының Ниязов ауданы карантинде отыр.

Ақпарат көздерінің дерегінше, осы ауданда 18 қыркүйекте карантин жарияланған. Бір апта ішінде ауданда коронавирустан кемінде 15 адам көз жұмған.

Түркменстанның бірінші президенті Сапармұрат Ниязов атындағы аурухана алдында кезекте тұрған адамдар. 2021 жылғы қаңтар.
Түркменстанның бірінші президенті Сапармұрат Ниязов атындағы аурухана алдында кезекте тұрған адамдар. 2021 жылғы қаңтар.

Құқық қорғаушылар биліктің "Түркіменстанда коронавирус жоқ" деген ресми мәлімдемесіне қарамастан, елдегі эпидемиология ахуалы аса ауыр екенін айтады: ауруханалар адамға лық толы, коронавируспен ауырған азаматтар арасында өлім барған сайын көбейіп келеді, Covid-19 белгілері бар науқасқа "пневмония" деген диагноз қойылады, ал дәрігерлер қатерлі ауру туралы ақпарат беруге қорқады.

Жақында Түркіменстанның бірқатар құқық қорғау ұйымы өкілдері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропадағы аймақтық бюросы басшысы Ханс Клюгеге ашық хат жазып, Түркіменстан билігін коронавирус белгісі бар науқастардың биологиялық материалын тәуелсіз зертханаға сараптама жасауға беруге үндеуін сұраған.

Ал Түркіменстан үкіметі коронавирус пен азық-түлік дағдарысы өршіп тұрған кезде тәуелсіздіктің отыз жылдығын тойлап, Халық мәслихатының (парламенттің жоғарғы палатасы) кезекті сессиясын өткізуге дайындалып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG