Accessibility links

БҚО-да "экстремистік ұйым жұмысына араласты" деп айыпталған белсенді тергеу изоляторына қамалды


Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласының тұрғыны Мұрат Сәпиев тергеу кезінде изоляторға қамалды. Оның үстінен "экстремистік ұйымның жұмысына араласты" деген айыппен қылмыстық іс қозғалып (405-бап), тергеу жүріп жатыр.

Сәпиевтің қорғаушысы Айсұлу Биялиеваның хабалауынша, қамау туралы шешімді тергеу соты шығарған.

- Тергеу тарабы Мұрат Сәпиев митингілер ұйымдастырды әрі қатысты деп отыр. Бір жыл бұрын (2020 жылдың 22 қыркүйегі – Ред.) оның үстінен 405-баптың 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Биыл 20 қыркүйекте оның үстінен 405-баптың 1-тармағы бойынша тағы бір іс қозғалды, - дейді адвокат.

Айсұлу Биялиеваның сөзінше, Сәпиев өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Облыстық соттың баспасөз қызметі Азаттыққа белсендінің екі айға тергеу изоляторына қамалғанын растады.

Мұрат Сәпиев - Батыс Қазақстан облысындағы бейбіт митингілерге қатысып жүрген белсенді. Нұр-Сұлтан түрмесінде қайтыс болған белсенді Дулат Ағаділдің былтыр жазда болған жылдық асына бармақ болғанда оны коронавирусқа тексереміз деп карантинге жапқан еді.

Құқық қорғаушылардың хабарлауынша, былтыр 22 қыркүйекте Мұрат Сәпиевтің үйінде тінту жүріп, ол сол күні ұсталған. "405" құқық қорғау қозғалысы Сәпиевтің қудалануының саяси астары бар деп санайды.

Нұр-Сұлтан соты "Қазақстан демократиялық таңдауы" мен "Көше партиясы" тіркелмеген қозғалыстарын 2018 және 2020 жылдары "экстремистік ұйым" деп таныған. Осыдан соң елде жүздеген адам осы екі қозғалыстың жұмысына араласты деп қылмыстық қудалауға ұшырады. Сот көбіне айыпталғандардың бас бостандығын шектейді.

Еуропарламент өз резолюциясында бұл екі қозғалысты бейбіт оппозициялық ұйым деп атап, азаматтардың қудалануында саяси астар бар деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG