Accessibility links

"Барар жеріміз жоқ". Шымкенттен баспана сұрап келген көп балалы әйелдер басқарма алаңын паналады


Шымкенттен көмек сұрап келген аналар Нұр-Сұлтандағы президент әкімшілігі іс басқармасының қабылдау бөлмесінде тұр. 24 қыркүйек 2021 жыл.
Шымкенттен көмек сұрап келген аналар Нұр-Сұлтандағы президент әкімшілігі іс басқармасының қабылдау бөлмесінде тұр. 24 қыркүйек 2021 жыл.

Баспана мәселесін шешуді сұрап, Шымкенттен Нұр-Сұлтанға келген көп балалы және мүгедек бала тәрбиелеп отырған алты әйел "мәселелері шешілмейінше, үйлеріне қайтпауға" бекінген. Олар 24 қыркүйекте түнге дейін президент әкімшілігі іс басқармасының қабылдау бөлмесінде отырған. Кейін полиция қызметкері келіп, уақытша бір пәтерге жайғастырған.

– Түнгі сағат ондар шамасында полиция қызметкері келіп, бір түнге қонып шығатын пәтерге апарды. Сол жақта қонып шықтық. Таңертең денсаулық сақтау министрлігінің "Адалдық" алаңына келдік. Қазір сол жерде отырмыз. Басқалар жер жабық дейді. Еш жер бүгін жұмыс істемейді екен. Далада тұрсақ, қатты тоңамыз деп осы жерде отырмыз, – дейді Мейрамгүл Отарбекова.

Шамамен бір апта бұрын астанаға келген аналар бір күн бұрын Азаттыққа Шымкентте мәселелері шешілмегеннен кейін Нұр-Сұлтанға келуге мәжбүр болғанын айтқан.

"Пәтер жалдап жүргенімізге 20 жылдан асты. Бұған дейін [Шымкент қалалық] тұрғын үй басқармасының жетекшісі пәтер кезегі келгенше уақытша баспана беруге уәде береміз деген. Бірақ уәдесін орындамады. Біз тамыз соңында келген кезде астанадан қайтару үшін сөйткен болып шықты. Бізді кезектен тыс пәтер алғысы келеді деп кінәлайды. Олай емес, біз пәтер кезегі келгенше уақытша баспана беруді сұрап отырмыз" дейді Мейрамгүл Отарбекова.

Алты баланың анасы 25 жылдан бері бір пәтерден екіншісіне көшіп, әр жерді сағалап жүргенін айтады. Ол баспана кезегінде 1225 болып тұрғанын, кезек күтіп шыдамы таусылғанын айтады.

Жиналғандар арасында мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналар да бар. Кейбір әйелдер нәрестесімен келген.

Азаттық тілшісі Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасынан жауап ала алмады. Әйелдердің сөзіне қарағанда, осы аптада президент әкімшілігінің өкілдері оларға "Шымкентке сұрау жібердік, келгенде жауабын айтамыз" деген.

Қазақстанның әр өңірінен көп балалы әйелдер баспана, жәрдемақы мәселесін айтып Нұр-Сұлтанға жиі келеді. Бірақ көбі мәселеміз сонда да шешілмей жатыр деп жиі шағымданады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG