Қазақстан үкіметі 2021 жылы Түркістанға апаратын 10 әуе бағытын субсидиялауға ұлттық қордан 2,3 миллиард теңге бөлді. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтей отырып "ҚазТАГ" ақпарат агенттігі хабарлады.
"Түркістан қаласына 10 әуе бағытын ашу үшін биыл Қазақстан Республикасының ұлттық қорынан нысаналы трансферт арқылы 2,3 миллиард теңге бөлінді" деп келтіреді "ҚазТАГ" министрлік хатын.
Ақпарат агенттігінің сауалына жолдаған жауабында министрлік Түркістан бағытындағы әуе рейстердің ұлттық қор есебінен биыл ғана субсидияланып отырғанын айтқан.
Қазақстанның 2021 жылғы бюджетінде тұрақты әуе тасымалына 5,5 миллиард теңге қарастырылған. "ҚазТАГ" агенттігінің жазуынша, оның ішінде 2,5 миллиард теңге республикалық бюджеттен, 3 миллиард теңге ұлттық қордан қарастырылған.
Ақпарат агенттігінің хабарлауынша, конкурс нәтижесінде субсидияланатын әуе рейстерін QAZAQ AIR және SCAT акционерлік қоғамдары орындайтын болған.
- 2018 жылы Қазақстанның аумақтық құрылымына өзгеріс енгізіліп, Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып өзгерді де, оның орталығы Түркістан қаласы болды. Содан бері үкімет бұл қала көбірек қаражат бөле бастады.
- Қазақстан үкіметі кейінгі жылдары ұлттық қордан қаражат алуын күшейткен. 2021 жылға арналған республикалық бюджетте ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт ретінде 2,7 триллион теңге, нысаналы трансферт ретінде 1,85 триллион теңге қарастырылған.
- Биыл 9 маусымда есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова былтыр үкімет Ұлттық қор түсімінің 96 пайызын жұмсады деп мәлімдеген.
- Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі жолдауында ұлттық қордан ақша алуды әдетке айналдырмауға шақырып, үкіметке осы жөнінде тапсырма берген. Осыған ұқсас сыни сөздер мен тапсырмаларды Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев та (2019 жылы президенттіктен кетті, бірақ биліктегі ықпалы әлі де жоғары саналады) айтқан.
ПІКІРЛЕР