Accessibility links

Омбудсмен Шыңжаңда қамалған туыстарына араша сұрап, айыппұл алғандар жөнінде пікірін айтты


Қытайдың Нұр-Сұлтандағы елшілігінің алдына жиналған Шыңжаңдағы туыстарына араша сұраған топ. 21 қыркүйек 2021 жыл.
Қытайдың Нұр-Сұлтандағы елшілігінің алдына жиналған Шыңжаңдағы туыстарына араша сұраған топ. 21 қыркүйек 2021 жыл.

Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова Шыңжаңда қалған туыстарын қайтаруды талап етіп, айыппұл алған он адамның жауапқа тартылуына байланысты пікірін айтты.

Өткен аптада Нұр-Сұлтан соты Қытай елшілігіне барған бірнеше адамға "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін" әрқайсысына 30-50 АЕК көлемінде айыппұл салған (Сот жауапкерлердің кейбіріне жеңілдік жасап, айыппұлдың 70 пайызын ғана төлеуге рұқсат берген). Тұрақты жұмысы жоғын айтқан жауапкерлер өткен демалыс күндері оны өтеу үшін жылу жинай бастаған еді.

"Табысы жоқтарға көп айыппұл салу қаншалықты дұрыс? Адам құқықтарына қайшы емес пе?" деген Азаттық тілшісінің сұрағына Эльвира Әзімова 28 қыркүйекте "Ол негізі соттың шешімі ғой. Соттың шешімдерімен келіспесе, оған арыз түсіре алады. Заң бәріне бірдей" деп жауап берді.

Эльвира Әзімова жауапкерлердің әрқайсысының ісімен таныс емес екенін алға тартып, бірақ қорғаушы немесе адвокат таба алмаса, прокуратура, ішкі істер министрлігі немесе адам құқықтары жөнінде уәкілге, яғни өзіне шағымдана алатынын жеткізді.

Ал жауапкерлер апелляцияға шағым түсіріп, уақытын жоғалтқысы келмейтінін айтып, соттың әділ шешім шығаратынына күмән келтіреді.

Олардың айтуынша, Алматыдағы Қытай консулдығы алдында пикет өткізіп, әкімшілік жауапқа тартылған кезде 14 адамға 2 млн теңге көлемінде 18 айыппұл салынған. Оны төлеуге халық көмектескен. Бұл жолы да олар жылу акциясын ұйымдастырып жатыр. Әзірге, 400 мың теңгеден астам қаражат жиналған.

– Өзім үй шаруасындағы әйелмін, зейнетақы да алмаймын, маған салған 60 мың теңге айыппұлды өз қалтамнан төлей алмаймын, сондықтан халықтан қаржы жинаймыз, – дейді Қытайда түрмеде отырған бауырына араша сұрап жүрген Нұрзат Ермекбай.

Қарай отырыңыз: Алматыда Қытай консулдығы алдында наразылық өткізіп жүргендер Нұр-Сұлтанға барды(21 қыркүйек 2021 жыл).

Алматыда Қытай консулдығы алдында наразылық өткізіп жүргендер Нұр-Сұлтанға барды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:03 0:00

Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап етіп жүрген топ өткен аптада наразылықты Алматыдан Нұр-Сұлтанға ауыстырған. Бірақ бұл жолы да полиция оларды ұстап, әкімшілік жауапқа тартты. Ал Қытай елшілігінен ешкім шыққан жоқ.

Наразылар акцияларын ақпанда Алматы қаласында бастаған. Олар 200 күн бойы Алматыдағы Қытай консулдығына барып, Пекиннен Шыңжаңдағы туыстарын Қазақстанға жіберуді талап еткен. Наразылар кей күндері консулдық алдында түнеген еді. Олардың айтуынша, жеті айдан астам уақытқа созылған акция барысында Қытай консулдығынан бірде-бір адам шығып, жауап бермеген.

БҰҰ есебінше, Қытай Шыңжаңда лагерьлер ашып миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды жазықсыз қамаған. Батыс елдері Пекиннің Шыңжаңдағы әрекетін "геноцид" деп сипаттайды. Қытай билігі бұл айыптарды жоққа шығарып келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG