Accessibility links

Прокурор 13 белсендінің төртеуіне бес жыл түрме жазасын сұрады


Жарыссөз кезінде ағылшын тілінде "Есімім Асхат және мен экстремист емеспін" деп жазылған қағаз ұстап тұрған айыпталушы, белсенді Асхат Жексебаев. Алматы, 28 қыркүйек 2021 жыл. Скриншот.
Жарыссөз кезінде ағылшын тілінде "Есімім Асхат және мен экстремист емеспін" деп жазылған қағаз ұстап тұрған айыпталушы, белсенді Асхат Жексебаев. Алматы, 28 қыркүйек 2021 жыл. Скриншот.

Прокурор "тыйым салынған ұйымды құруға атсалысты" және "жұмысына араласты" деп айыпталған 13 белсендінің төртеуіне 5 жыл түрме жазасын сұрады. Бұл туралы сот залынан Азаттық тілшісі хабарлады.

Жергілікті құқық қорғаушылар "саяси іс" деп атаған процесте 28 қыркүйекте жарыссөз басталған.

Сот отырысына тергеу изоляторынан қатысқан бес белсенді қолдарына плакат ұстап шықты. Онда белсенділер Еуроодақ, АҚШ, Канададан Қазақстанда пікірін ашық айтқан белсенділердің қудаланып жатқанын айтып, Нұр-Сұлтанға санкция салуға шақырған.

Сотқа тергеу изоляторынан қатысып отырған белсенді Диана Баймағамбетова. Алматы, 28 қыркүйек 2021 жыл.
Сотқа тергеу изоляторынан қатысып отырған белсенді Диана Баймағамбетова. Алматы, 28 қыркүйек 2021 жыл.

Айыпталушылардың төртеуі "тыйым салынған ұйымның ісін ұйымдастырды және ісіне араласты", тоғызы "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деген күдікке ілінген. Белсенділер тағылған айыптарды мойындамайды, істі өздерінің азаматтық белсенділігімен байланыстырады.

Жарыссөз кезінде прокурор айыпталушыларға төмендегідей жаза сұрады:

  • Абай Бегімбетов - 5 жыл бас бостандығынан айыру, 5 жылға қоғамдық саяси жұмыспен айналысуға тыйым салу (405-бап 1,2-тармағы бойынша айыпталған);
  • Асхат Жексебаев - 5 жыл бас бостандығынан айыру, 5 жылға қоғамдық саяси жұмыспен айналысуға тыйым салу (405-бап 1,2-тармағы бойынша айыпталған);
  • Қайрат Қылышев - 5 жылға бас бостандығынан айыру, 5 жылға қоғамдық саяси жұмыспен айналысуға тыйым салу (405-бап 1,2-тармағы бойынша айыпталған);
  • Ноян Рақымжанов - 5 жылға бас бостандығынан айыру, 5 жылға қоғамдық саяси жұмыспен айналысуға тыйым салу (405-бап 1,2-тармағы бойынша айыпталған).

405-баптың 2-тармағы бойынша айып тағылғандар бойынша:

  • Аспандиярова Дәметкен - 1 жылға бас бостандығын шектеу;
  • Бақдәулет Әлібеков - 1 жыл бас бостандығын шектеу,
  • Диана Баймағамбетова - 2 жылға бас бостандығын шектеу
  • Гүлзипа Жаукерова - 1 жыл бас бостандығын шектеу
  • Нинагүл Жұманиязова - 1 жыл бас бостандығын шектеу
  • Ермек Қозиев - 1 жылға бас бостандығын шектеу.
  • Марат Құрбанов - бір жылға бас бостандығын шектеу
  • Болат Смағұлов - 1 жылға бас бостандығын шектеу
  • Дархан Уәлиев Дархан - 1 жылға бас бостандығын шектеу.

Мемлекеттік айыптаушы аталған 9 белсендіге 3 жылға қоғамдық саяси жұмыспен айналысуға тыйым салуды өтінді.

13 белсендінің соты 27 шілдеде басталған. Олардың барлығы - қоғамдық-саяси мәселелерге байланысты пікір-көзқарасын ашық айтып, акция-митингілерге қатысып жүрген азаматтар.

2020 жылы Нұр-Сұлтанның Есіл аудандық соты "Көше партиясын" "экстремистік" деп танып, оның қызметіне тыйым салған. Екі жыл бұрын ҚДТ жұмысына да осындай себеппен шектеу қойған еді. Еуропарламент бұл екі ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атайды.

Екі ұйым Қазақстандағы авторитарлық басқаруды тоқтатуды және парламенттік басқару жүйесіне көшуді талап етеді.

"Көше партиясы" мен ҚДТ-ға тыйым салу туралы сот шешімдері жарияланған жоқ.

Биыл шілде айында халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Нұр-Сұлтанды белсенділерді қудаламауға және саяси оппозициялық қозғалыстарды "экстремизм" үшін айыптамай, еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беруге шақырған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG