Accessibility links

АҚШ генералы Марк Милли: Ауғанстаннан әскер әкету "стратегиялық қателік" болды


Генерал Марк Милли.
Генерал Марк Милли.

АҚШ штаб жетекшілері біріккен комитетінің жетекшісі генерал Марк Милли Америка әскерін Ауғанстаннан әкету "стратегиялық қателік" болды деп санайды. Дегенмен ол эвакуация процесі ойдағыдай өтті дейді.

АҚШ конгресінің жоғары палатасында Ауғанстаннан әскер әкету мәселесіне арналған тыңдау жүріп жатыр. Марк Милли бұл сөзін сол тыңдауда айтты. Конгрестің көптеген мүшесі АҚШ-тың Ауғанстаннан әскерін асығыс әкетуі мен эвакуациялау процесін сынап, нәтижесінде тыңдау тағайындалған.

Генерал Миллидің сөзіне қарағанда, АҚШ-тың әскери мамандары Ауғанстанда кемінде 2,5 мың америкалық сарбазды қалдыра тұруға кеңес берген. Олар ауған үкіметі кенет құлаған жағдайда қауіпсіздікті қамтамасыз етуі тиіс деп саналды. Генералдың бұл сөзі АҚШ президенті Джо Байденнің "әскерилерден ешқандай кеңес берілмеді" деген сөзіне қайшы келіп тұр.

Генерал Милли АҚШ ауған армиясының әскери дайындық деңгейін дұрыс бағаламағанын мойындады.

Тыңдау барысында генерал Миллиге оның Қытай армиясының жоғары штаб жетекшісімен телефон арқылы екі рет сөйлесуі жөнінде сұрақ қойылды. Бірінде ол қытай шенеунігіне "АҚШ Қытайға соққы бермейді" деп сендіруге тырысқан. Сыншылар генералды Трампқа ескертпей, осындай әрекетке барды, субординация сақтамады деп айыптады. Ал Милли ол жөнінде қорғаныс министрі, мемлекеттік хатшы және өзге ведомство өкілдерімен келіскенін айтты.

Сенаттағы тыңдауда Миллиден бөлек, қорғаныс министрі Ллойд Остин мен АҚШ Орталық басқарма жетекшісі генерал Франк Маккензидің де жауабы тыңдалған.

АҚШ бастаған халықаралық коалиция күштері Ауғанстаннан мамыр айында шығарыла бастаған. Осы кезде елде жиырма партизандық соғыс жүргізген "Талибан" қозғалысы шабуылын күшейтті. Батыс қолдаған ауған үкіметінің әскері тәліптерге қаншалықты төтеп бере алады деген сұрақ туындаған шақта президент Байден "ауған үкіметінің әскері жабдықталған, онда 300 мың сарбаз бар" деп ел арасындағы күдікті жоққа шығарған.

Алайда 15 тамызда тәліптер Кабулға басып кіріп, елді тұтас бақылауға алғанын мәлімдеді. Тәліптердің ескі репрессиялық тәртібінен үрейленген ауғандар жаппай елден кетуге асығып, Кабулдағы халықаралық әуежайға ағылды. Елде дүрбелең орнап, Ауғанстаннан толық кетіп үлгермеген Батыс күштері әуежайға қарай топтасып, сол жерді эвакуация орталығына айналдырды. Эвакуация кезінде әуежай маңында лаңкестер жарылыс жасап, 182 адам қаза тапты. Оның 13-і – АҚШ, 169-ы – Ауғанстан азаматы.

Байденнің Ауғанстаннан әскерді алып кету туралы шешімін Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр де сынға алған. "Кейінгі 18 айда әскери операция кезінде одақтас елдердің бірде-бір сарбазы қаза тапқан жоқ" деді ол өзінің хатында.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG