Accessibility links

"Карантиннің кесірі", "ақша жоқ". ҰОК Токиодағы сәтсіздікті коронавирус пен қаржы аздығынан көреді


Олимпиададан алтынсыз қайтпайтын Қазақстан бокс құрамасы Токиода тек екі қола медаль алды. 2021 жылдың тамызы.
Олимпиададан алтынсыз қайтпайтын Қазақстан бокс құрамасы Токиода тек екі қола медаль алды. 2021 жылдың тамызы.

Қазақстан ұлттық олимпиада комитеті (ҰОК) ел құрамасының Токио олимпиадасындағы сәтсіз нәтижесіне пандемия, қаржы аздығы және резервтің жоқтығымен байланыстырады. Сарапшылар экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаев басқаратын комитеттің ел тарихындағы ең сәтсіз олимпиададағы берген бағасы көңіл көншітпейді деп санайды.

"ПАНДЕМИЯ САЛДАРЫНАН..."

1996 жылдан бері жазғы олимпиада ойындарынан алтын жүлдесіз қайтпайтын Қазақстан биыл жазда Токиода өткен олимпиадада сегіз қоламен шектелді. Спортшылардың алтын медальсыз қалғаны жанкүйерлер тарапынан сынға ұшырап, жұрт ҰОК басшысы Тимур Құлыбаев (Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы әрі елдегі миллионерлердің бірі) пен мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың отставкасын талап еткен.

Олимпиададан соң араға бір жарым ай салып Құлыбаев басқаратын ҰОК бас ассамблея ұйымдастырып, Токиодағы сәтсіздіктің себебін өздерінше түсіндіргендей болды. Құлыбаевтың өзі жиында тек "Токиода қателік болғанын" мойындап, басқа ештеңе айтқан жоқ. Министр Райымқұлова да есеп бермеді. Олардың орнына ҰОК-тың басқа қызметкерлері сөйлеп, есеп берді.

Комитеттің хатшысы Андрей Крюков "Токиоға 97 жолдама алып, лицензия бойынша жоспарды орындадық, олимпиадаға қатысушылар саны бойынша 23-26 орын алдық" деді. Бірақ ол Қазақстанның Токиода 8 қоламен жалпы командалық есепте 83-орын алып қалғанын айтпады.

Крюков Токиодағы нашар нәтижені негізінен коронавирус пандемиясымен байланыстырды. Оның сөзінше, пандемия кезінде спортшылар дұрыс жаттыға алмаған, жеткілікті спорт жарыстарына бармаған, дәрігерлерге қарала алмай қалған.

"Пандемия салдарынан 160 жарыс өтпей қалды, көп спорт түрлері 6-8 айға жаттығуларын тоқтатуға мәжбүр болды. Шетелдегі жаттығуға бара алмады. Чемпиондар мен кандидаттардың олимпиада алдындағы дайындығы арнайы жоспар бойынша, ерекше жағдайда өтетін. Мысалы Баландин бастаған жүзу құрамасы АҚШ елінде дайындалып, нәтижелері өсе бастаған. Пандемия басталған соң бұл бағдарлама үзіліп, спортшыларды елге эвакуацияланды. Бокс құрамасы Рио олимпиадасына АҚШ-та арнайы бағдарламамен дайындалған еді. Нәтижесінде Данияр Елеусінов алтын, Василий Левит күміс медаль алған. Пандемия кесірінен жарыстардың болмауы, олимпиадаға дайындықтың дұрыс жүрмеуі спортшылардың моральдық-психологиялық жағдайына теріс әсер етті" деді ол.

Қазақстан ҰОК бас хатшысы Андрей Крюков есеп беріп тұр. Нұр-Сұлтан, 29 қыркүйек 2021 жыл. (Фото ҰОК баспасөз қызметінен алынды).
Қазақстан ҰОК бас хатшысы Андрей Крюков есеп беріп тұр. Нұр-Сұлтан, 29 қыркүйек 2021 жыл. (Фото ҰОК баспасөз қызметінен алынды).

ҰОК атынан есеп берген хатшы пандемия салдарынан шекаралардың жабылғаны да Токиодағы нәтижеге әсер етті деп санайды.

"Азия елдері изоляцияда қалды. Ал Еуропа елдерінде бір-біріне бару жеңіл болғандықтан жарыс күнтізбесін сақтап, спортшылар жарыстарға қатысып тұрды. Бұған қоса, сарапшылар спортшылардың олимпиада кезінде моральдық-психологиялық жағынан дайын болмағаны нәтижеге әсер еткенін айтады. Бұған спортшылар карантин кезінде жабық жаттығу өткізуі себеп, оған қоса пандемия кезінде дәрігерлерге уақтылы бара алмады, жарақаттарын емдей алмады" дейді Крюков.

Жиында нәтижеге сараптама жүргізген сарапшылардың кім екені ашып айтылмады.

ҰОК олимпиадалық құраманың "қартайып бара жатқанын", ізбасар спортшылардың жоқтығын да алға тартады.

"Токио олимпиадасы Қазақстанда олимпиадалық резервтің деңгейін көрсетті. Пандемия салдарынан олимпиадалық даярлық орталықтарының жұмысы толық тоқтап қалды. Екі жылдың ішінде екі олимпиадалық циклге баратын спортшыларды жоғалтып алдық. Бұл алдағы олимпиадаларда кері әсерін тигізуі мүмкін" деп санайды ҰОК өкілі.

Қазақстан каратэшілері Токиода екі қола медаль иеленді.
Қазақстан каратэшілері Токиода екі қола медаль иеленді.

Крюков сөзінде ҰОК олимпиадалық резерв дайындаумен айналыспайтынын, "дайын спортшыларды" спорт комитеті мен облыстардан алатынын да айтты. Бұдан бөлек, елдегі миллионерлердің бірі Құлыбаев басқаратын ҰОК Токиода қаржының қысқаруы салдарынан олимпиадада нәтиже төмен болып қалды деп санайды.

"2018-2021 жылдары спортқа бөлінетін қаржы 90 пайызға қысқарып, бұл нәтижелердің құлдырауына және спортшылар мен бапкерлердің мотивациясына әсер етті. Жергілікті бюджеттерді қоса алғанда спортқа бөлінетін мемлекеттік бюджеттің тек алты пайызы ғана ұлттық құрамаларға жұмсалған. Мұны кәсіби футбол клубтарының қаржысымен салыстыруға келмейді. [Футбол клубтарында] 50 адамға бөлінген қаржыға біз 1300 адам ұстауға мәжбүрміз. Біздің ойымызша, бұл ақылға сыймайды" деді Крюков.

Токио олимпиадасы кезінде жанкүйерлер спортқа көп қаржы бөлінсе де, нәтиже төмен деп сынап жатқан тұста мәдениет және спорт министрінің орынбасары Ерлан Қожағапанов елде жылына спортқа 10 миллиард теңге жұмсалатынын айтқан. Қожағапановтың сөзінше, Қазақстан Токио ойындарымен мен 2022 жылы ақпанда Пекинде өтетін олимпиадаға 15 миллиард теңге бөлген.

"ЖИЫН КӨҢІЛДЕН ШЫҚҚАН ЖОҚ"

ҰОК "бас ассамблея" деп ұйымдастырған шара бір сағаттан аса уақытқа созылып, тек есеп тыңдалды. Жиынды бақылаған спорт журналисі, Токио олимпиадасындағы нәтижелер жайлы сыни репортаждар дайындап жүрген журналист Аслан Қаженов "ҰОК бас ассамблеясында көңілге қонатын ештеңе айтылған жоқ" деп санайды.

– Жиын көңілден шықпады. Токиодан кейін бүкіл проблема көтеріліп, талқыланып, жауаптыларды бас ассамблеяда тұрғызып қойып есеп алып, жұмыстарына ала ма деп едік. Жиында тек Крюков сөйлеп, ол пандемия кінәлі дейді. Бұл – басқа сыймайтын нәрсе. Одан кейін "резерв жоқ, бірақ резервтің жоқтығына ҰОК-тің қатысы жоқ, комитет бізге спортшыларды беруі керек" дейді. Одан соң "бокста жарыс жоқ, спортшыларға моральдық-психологиялық жағдай әсер етті, жарақат себеп" деді. Ең соңында "ақша жеткіліксіз" дейді. Жалпы Крюковтың баяндамасы "біз кінәлі емеспіз, басқасының бәрі кінәлі" дегендей болды. Ал енді "кім кінәлі, жұмыс енді қалай бір жолға қойылады, спорт құрылымында өзгеріс бола ма?" деген мәселелер айтылмады. Есеп беру керек болған соң бере салды. Басқа елдер олимпиадаға дайындықты бастап кетті. Себебі 2024 жылғы Париж олимпиадасына аз уақыт қалды. Ал бізде әлі талқылау жүріп жатыр, – дейді ол Азаттыққа.

Қазақстан спортшылары Токио олимпиадасының ашылу салтанатында. 23 шілде 2021 жыл.
Қазақстан спортшылары Токио олимпиадасының ашылу салтанатында. 23 шілде 2021 жыл.

Бірнеше халықаралық жарыстардан хабар таратқан спорт шолушысы Бек Төлеу Токиодағы сәтсіздіктің себебі тереңде деп санайды.

– Крюковтің пандемия, резервтің жоқтығы басқа да айтқандары – рас жағдай. Бірақ негізгі проблема тереңде деп ойлаймын. Ол жағы тағы айтылған жоқ. Токиодағы сәтсіздік – бір күндік проблема емес. Жылдар бойы жинақталды. 2018 жылы Индонезиядағы жазғы Азия ойындарында 9-орынға түсіп қалдық (Қазақстан Азия ойындарына әдетте 4-5 орын алатын, 2018 жылғы Джакартада 9-орынмен шектелді – Ред.). Сол кезде ешкім ойланған жоқ. Бокстан Джакартадағы Азия ойындарында алтын медальсыз қалдық. Азиадада алтын алмай Олимпиада чемпионын шығару екіталай емес пе? Осы жиында қателік жіберген, жауапты тұлғалар жазаланып, қызметінен алына ма деп күткен едік. Бірақ орнын босатып жатқан ешкімді байқамадық. Барлық проблеманы бір-екі жаттықтырушыға арта салдық. Бокстан ұлттық құрама бапкері Ғалым Кенжебаев пен тағы бір-екі жаттықтырушы қызметінен кетті. Осымен мәселе шешілетіндей әсер қалдырады. Жиында спортшылар айтып жүрген спорттағы әділетсіздік жайлы ештеңе айтылмады, – дейді ол.

Токио олимпиадасынан соң бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Ғалым Кенжебаев пен бокстан әйелдер құрамасының бас бапкері отставкаға кетті. Каноэ мен байдарка есу спортынан Қайсар Нұрмағамбетов бас бапкер болып тағайындалды. ҰОК спорт дирекциясын басқаратын Елсияр Қанағатовтың сөзінше, жүзу спортына да басқа бас бапкер тағайындалмақ.

Елсияр Қанағатов күрес бапкерлеріне қатысты шешім қазан айында Ослода (Норвегия) өтетін әлем чемпионатының нәтижесінен соң қабылданатынын айтты. Ал басқа спорт түрлерінің бапкерлері "Азия ойындары жақын қалғандықтан құрамада қалған".

"Басқа спорт түрлері Азия ойындарына дейін сұранып отыр, Азия ойындарына бір жылдан аз уақыт қалды. Федерациялар осы жарысқа аз уақыт қалғанда өзгеріс енгізбей қояйық деп отыр. Яғни, басқа спорт түрлері бойынша Азия ойындарына кейін шешім қабылданады" деді Қанағатов Азаттыққа.

Жазғы Азия ойындары 2022 жылы қыркүйекте Қытайдың Ханчжоу қаласында өтеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG