Accessibility links

Бір күнде 47 науқас коронавирус пен "пневмониядан" қайтыс болды


29 қыркүйекте Қазақстанда 2252 адамның анализінен коронавирус анықталды. Бұл алдыңғы күнмен салыстырғанда 327 адамға көп.

Өткен тәулікте ең көп науқас Алматы қаласында (510) тіркелген. Нұр-Сұлтанда да (249) коронавирустың күндік көрсеткіші 200-ден асқан. Алматы облысында 212 адамның ПТР тесті оң көрсеткен. Қалған облыстар мен қалаларда 200-ден аз науқас анықталған.

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, тамыздан бері Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар азайып келеді. Кейінгі күндері орташа есеппен күніне 2 мың төңірегінде науқас тіркеліп жатыр.

Індет басталғалы бері 884 мың адамның ПТР тесті оң шыққан. 11 178-і қайтыс болған. 28 қыркүйекте 47 адам көз жұмды. Коронавирус жұқтырғаны расталған 3123 адамның өлімі осы індеттен қайтыс болғандардың статистикасына кірмей қалған.

Денсаулық сақтау министрлігі былтыр тамыздан бері есепке ала бастаған коронавирус пневмониясына шалдыққандар 75,6 мың адамға жетті. 4828-і қайтыс болған. 27 қыркүйекте коронавирус пневмониясына шалдыққандар арасында 11 адам өлімі тіркелді.

30 қыркүйекте Ақмола облысы "қызыл аймақтан" шығып, "сарыға өтті". Осылайша "қызыл аймақта" қазір екі қала мен екі облыс қалды: Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары, Павлодар және Қарағанды облыстары. Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау және Қызылорда облыстары "жасыл аймақта". Қалғаны "сарыда" тұр.

Қазір 61 мың адам коронавирустан емделіп жатыр. 10 мыңы – ауруханада. 805 адамның жағдайы ауыр. 212 пациент хәл үстінде жатыр. 135 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, тамыздың соңынан бері науқастардың азаюына байланысты Қазақстанда 57 ковид стационары жабылған.

6,5 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаның толық дозасын алған. 1,1 млн адам екінші дозасын күтіп отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG