Түркімен билігін ашық сынап жүрген белсенді Дурсолтан Таганова Стамбулдағы депортация орталығынан босатылды. Бұл туралы 29 қыркүйекте "Хроника Туркменистана" сайты хабарлады.
Бейсенбі түстен кейін Дурсолтан Таганова Түркиядағы депортация орталығынан босап шықты. Оның адвокаты қажетті құжаттарды түрік билігіне өткізген.
Таганова бірнеше күн бұрын Стамбулда ұсталған. Мәскеудегі "Мемориал" құқық қорғау ұйымының 27 қыркүйекте хабарлауынша, түркімен белсендісін түрік билігі ұстап, Селим-паша депортация орталығына тапсырған.
Содан кейін белсенді видео түсіріп, түрік билігі оны Түркіменстанға депортациялағалы жатқанын айтқан, түркімен жүйесіне қарсы жұмыс істейтін басқа да белсенділерді "қорықпауға" үндеген.
Былтыр 19 маусымда да түрік полициясы түркімен белсенділерінің Стамбулдағы наразылық акциясынан соң Таганованы ұстаған. Ол үш ай депортация орталығында отырды. Содан кейін белсенді Түркиядан баспана сұрап, сол елде заңды түрде тұруға рұқсат алды.
ПІКІРЛЕР