Accessibility links

Қазақстан футзал құрамасы әлем кубогының финалына шыға алмады. Енді Бразилиямен қолаға таласады


Қазақстан футзал құрамасы Литвадағы әлем кубогында. 2021 жылдың қыркүйегі.
Қазақстан футзал құрамасы Литвадағы әлем кубогында. 2021 жылдың қыркүйегі.

Футзалдан Қазақстан құрамасы Литвада өтіп жатқан әлем чемпионатының жартылай финалында Португалиядан жеңілді. Ойынның негізгі және қосымша уақыты 2:2 есебімен тең аяқталып, матч жеңімпазы пенальтиден анықталды. Пенальти сериясында Португалия 4:3 есебімен алда болды.

Енді Қазақстан 3 қазанда Бразилиямен қола медальға таласады. Ал финалда Португалия мен Аргентина ойнайды.

Қазақстан футзал құрамасы әлем чемпионатының жартылай финалына алғаш рет шыққан. Ұлттық құраманы бразилиялық бапкер Кака жаттықтырады. Бұған қоса, құрамада Бразилиядан келіп, Қазақстан азаматтығын алған Игита, Тайнан, Кнауб бар. Ал қалған ойыншылар - Қазақстанның өзінен шыққан футзалшылар.

Литвадағы әлем чемпионатының топтық кезеңінде Қазақстан Коста-Риканы (6:1), Литваны (3:0)жеңіп, Венесуэламен тең түскен - 1:1. Топтан бірінші орынмен шығып, 1/8 финалда Таиландтан 7:0 есебімен, ширек финалда Ираннан 3:2 есебімен басым түсті.

Қазақстан футзалдан әлем кубогына үшінші рет қатысып жатыр. 2000 жылы Гватемалада өткен әлем чемпионатында топтан шыға алмаған. Ал 2016 жылғы әлем біріншілігінің 1/8 финалында Испаниядан жеңілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG