Тәжік соты Ауғанстанда "Ислам мемлекеті" (ИМ, Қазақстанда ДАИШ деп те аталады) радикалды топ құрамында соғысты деп айыпталған әйелді 12 жылға бас бостандығынан айырды.
Душанбе маңындағы Вахдат қаласының соты 30 қыркүйекте 31 жастағы Олима Камолованы "Ауғанстандағы соғысқа қатысқаны үшін" кінәлі деп таныды.
Прокурор айыпталушыға 15 жыл түрме жазасын сұраған. Төрт баланың анасы Камолова тағылған айыптарды жоққа шығарып, Ауғанстанда екі рет жүкті болып қалғанын, "ұрыстарға араласты" деген айыптың негізсіз екенін жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, соңғы некелескен күйеуі Парвиз Сангов оны Ауғанстанға күшпен апарған. Кейін күйеуі Жалалабад қаласында қаза болған. Әйелді ауған үкімет күштері ұстап, биыл жыл басында балаларымен бірге Тәжікстанға қайтарған. Еліне оралған соң Камоловаға шілде айында "шетелдегі соғысқа қатысты" деген айып тағылған. Тәжікстанда бұл қылмыс болып саналады.
Кейінгі жылдары Орталық Азиядан шыққан мыңдаған азаматтың Сирия, Ирак және Ауғанстандағы "Ислам мемлекеті" тобына қосылып, түрлі шайқастарға қатысқан. Көбі балалары және әйелдерін ертіп барған. Басым бөлігі қаза тауып, отбасылары түрмеге қамалды, босқындар лагерьлеріне жеткізілді.
Осыған дейін Орталық Азия елдері өз азаматтарын қайтарып алған.
ПІКІРЛЕР