Accessibility links

"Ата-анасы мен ағасынан хабар жоқ". Сириядан бес жылдан соң оралған баланың хикаясы


Сирияға Орталық Азия елдерінен барған әйелдер мен балалар. Оларды "жихадшы" экстремистік топқа қарсы соғысқан күрд жасақтары ұстаған. 2019 жылғы 29 мамырда түсірілген сурет.
Сирияға Орталық Азия елдерінен барған әйелдер мен балалар. Оларды "жихадшы" экстремистік топқа қарсы соғысқан күрд жасақтары ұстаған. 2019 жылғы 29 мамырда түсірілген сурет.

Жеті жыл бұрын оралдық Айсұлу екі кішкене баласын алып, отқа оранған Сирияға кеткен. Қолдан қолға өтіп жүрген Асан Қазақстан өкіметінің "Жусан" операциясының арқасында нағашы әжесіне 2019 жылы көктемде оралды. Ал Айсұлу мен үлкен ұлы – Әмзе өлгендер санатында. Шерменде ана балалары өлді дегенге сенбейді, телефон шырылдаған сайын елеңдейді. Кейуана қақтығыс басылмаған, тілі бөлек елге барып, қызы мен жиенін іздеуге де дайын.

"МЕНІ ҰРМАҢДАРШЫ!"

13 жасар Асан көктен ұшақ көрінсе, жұрттан бұрын байқайды. Бомба тастай ма деп қауіптенеді, біреу әкетіп қала ма деп қорқады. Қабақ шытқан адам көрсе, "Мені ұрмаңдаршы!" деп үстел астына тығылады. "Сирияда зорлық-зомбылықты көп көрген" дейді нағашы әжесі Әсел.

– "Сені ешкімге бермеймін" десем, "Рас айтасың ба?" деп қайталап сұрай береді, – дейді әжесі.

Еліне келерден бұрын Асан Сирияда бірнеше отбасында тұрған. Ата-анасы қаза болғаннан кейін бала бір үйден екінші үйге ауысып жүріпті. Қазақстанға оралғанға дейін ол орыс тілінде сөйлесетін әулетте тұрған. Орысша біршама сөйлейтіндіктен, әжесі Асанды орыс мектебіне беріпті.

Оралдағы оңалту орталығында Асанмен мұғалімдер мен психологтар айналысты. Былтыр білім деңгейі мен үлгерімін тексерген комиссия баланы 4-сыныпқа жіберуге шешім қабылдады. Асанның сыныптастары одан 3-4 жас кіші. "Үлгерімі жақсарса, құрдастарының қасына ауысады" дейді әжесі.

Артық сұрақтардан және қорқытып, кемсітуден қашу үшін отбасы мен мектебі Асан мен оның туыстарының басындағы жағдайды құпия сақтайды. Сондықтан кейіпкерлердің есімдері өзгертіліп, суреттегі бейнелері бұлдыратылды.

Оралда тұратын 60 жастағы Әселдің жалғыз алданышы – осы жиен немересі.

Бірақ кейуананың көңілі күпті, көзінде жас. Әрбір қоңырауға селт етеді, әр жаңалықтан үміт күтеді, балалары есіктен кіріп келетіндей, біреу келіп жақсы хабар айтатындай елеңдейді. Ана жүрегі балаларын өлді деуге қимайды.

"Айсұлуым жалғызым еді. Әйтеуір Асаным оралғанына шүкір" дейді Әсел.

– Үлкен жиенім Әмзенің биыл 16-ға толатын шағы. Мамасы екеуі Асанды жер-көктен іздеп, шарқ ұрып жүр ме екен, оның Қазақстанға кеткенін білмейді ғой, білсе алып-ұшып жетер еді, – дейді Әсел.

"ҚЫЗЫҢЫЗ ТҰРҒАН ҮЙГЕ БОМБА ТҮСТІ"

Әсел 1984 жылы туған жалғыз қызын ешкімнен кем қылмай өсіруге тырысқанын айтады. Мектептен соң Оралдағы жоғары оқу орнында "кеден ісі" мамандығына ақылы оқытқан. "Ақшаңызды еселеп қайтарамын, әзір күйеуге шықпаймын, жұмыс істеймін" деген қызы оқу бітірместен тұрмыс құрған.

Күйеуі исламды қатаң ұстанатын діни ағымның өкілі болып шығыпты.

– Намаз оқығанына қарсы болмадым. Күйеу бала да намаз оқиды екен. Бес жыл үйімде тұрып, кейін ата-анасының үйіне кетті. Тұрмыстары жаман болмады. Сауда орталығында смартфон сатты. Кілең өзі сияқтылармен араласты. Тәп-тәуір көлік алды. Бірақ "үй алсын" деп банкке жинап жүрген ақшамды қайтарып алғызды. "Банктің пайызбен берген ақшасы харам" деді, – деп еске алады Әсел апа.

Кейін күйеу баласының діни ұстанымына байланысты ұрыс-керіс жиілепті.

– Үйде "ананы жеуге болмайды, былай істеуге болмайды" деген кикілжің көбейген соң "мен сендердің, сендер менің өміріме араласпаңдар" дедім. Қызым шетелге кетерінде жас күнінде орамалсыз түскен суреттерінің бәрін жағып жіберіпті, – дейді Әсел.

Ата-енесінің үйіне кетпей тұрып-ақ ажырасқысы келетінін айтып жүрген Айсұлу көп ұзамай сотқа арыз беріп, заң жүзінде ажырасқан. Бірақ күйеуімен бірге тұра берген. Өйткені күйеуі шариғат жолымен ажырасуға келіспепті. Шариғат жолымен ажырасу үшін күйеуі талақ айтуы тиіс.

Айсұлу 2014 жылы Оралдан Алматыға жол жүреді.

– Екі баланы дәрігерге қаратамын деп сұранған соң пойызға шығарып салдым. "Мама, өзіңді күт" дей берді. Әрі қарай кететінін біліп тұр екен ғой. Сіңлілерімнің үйіне бармай, "сестралардың" үйінде тұрамын деп бөлек шығып кетті. "Сестралары" кім екенін білмеймін. Екі-үш айда-ақ әрі (Сирияға – ред.) кетіп қалыпты, – дейді ол.

"ӘЖЕ, ҚАЙТА АЛМАЙМЫЗ, ҚАЗАҚСТАНДА БІЗДІ АТЫП ТАСТАЙДЫ"

Әселдің айтуынша, қызы Сирияға екі баламен кеткен, ал күйеу баласы артынан барыпты. Бұл - "жиһадқа аттанатындардың" үйреншікті әдеті сияқты. Күдік туғызбау үшін олар ар жаққа алдымен бала-шағасын жіберіп, кейін өздері кететін көрінеді. Кейіннен Айсұлу сол жақта жүріп шариғат заңымен ажырасты, басқа адамға тұрмысқа шықты деген хабар алған.

Анасы мен қызы WhatsApp мессенджері арқылы хабарласып тұрыпты. Айсұлу көп сөйлеспейді. "Неге кеттің?", "Қай жерде жүрсің?", "Балаларды қайттің?", "Жаныңда Оралдың адамдары бар ма?" деген сұраққа "Мама, бәрі жақсы, уайымдама" деп жауап береді.

Сирияға кеткен оралдық отбасы (әкесі және оның екі ұлы Әмзе мен Асан).
Сирияға кеткен оралдық отбасы (әкесі және оның екі ұлы Әмзе мен Асан).

– Олар жүрген жерде соғыс болып жатқанын, телефонмен ештеңе айтқызбайтынын, бірдеңе айтса жазалайтынын кейін білдім. Үлкен жиенім Әмзе: "Әже, қайта алмаймыз, Қазақстанда бізді атып тастайды. Онда полиция бар ғой" деді. "Сіз келіңізші..." деп қатты қиылатын еді. Баланың миын улап тастаған екен ғой, – дейді әжесі.

Айсұлу 2017 жылға дейін оқтын-оқтын мессенджермен хабарласып тұрған. Кейінірек "қызыңыз тұрған үйге бомба түсті, ол үлкен ұлы екеуі қаза тапты" деген хабар жеткен. Екі баланың әкесі де сол жақта мерт болған көрінеді.

– Өлгенін көрген ешкім жоқ. Сенбедім, балгерге бардым, "қызың мен немерең тірі, келеді" деді. Асаным тірі қалды, демек олар да бір жерде тірі жүруі мүмкін ғой, – деп жылайды анасы.

ҮМІТТІ ОЯТҚАН АРАБША ХАБАРЛАМА

2017 жылдың күзінде Әселдің қарт әкесінің нөміріне көптен күткен хабарлама келеді. Онда араб тілінде "Асанның өгей әкесінің әйелімін, Асанды Қазақстанға жіберейін деп едім" деп жазылған. Әлгі әйел орысша білмейді, екі жақ аудармашы арқылы түсінісіп жүргенде ол хабарсыз кетеді. 2018 жылдың көктемінде күйеуі украин, өзі орыс басқа бір әйел хабарласып, "Асан менде" дейді. "Сосын Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетіне хабарластым" дейді әжесі.

Әселдің сөзіне қарағанда, тірі қалған Асанды "Жусан" операциясымен елге қайтару оңай болмаған. Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Асанды ұстап отырған адамдармен байланысты үзбей, қайда жүргенін біліп отыруды тапсырған.

Қолдан қолға өтіп жүрген Асанды "бергісі келмей, алып қалуға тырысқан" әйелдермен Әселдің келіссөзі өз алдына хикая. Ақыры қақтығыс аймағында жүрген Ақтөбе облысының қызы баланы "Жусан" операциясымен барған Қазақстан арнаулы қызметі өкілдерінің қолына тапсырған.

Оралдық жігіт екі ұлымен Сириядағы қарулы топқа қосылған. Үлкен ұл мен әкесі Сирияда қаза тапты делінеді.
Оралдық жігіт екі ұлымен Сириядағы қарулы топқа қосылған. Үлкен ұл мен әкесі Сирияда қаза тапты делінеді.

"СИРИЯҒА БАРЫП, БАЛАЛАРЫМДЫ ӨЗ АЯҒЫММЕН ІЗДЕУГЕ ДАЙЫНМЫН"

Әсел қызы Айсұлу мен жиені Әмзеден күдер үзбейді, "ана жүрегім бірдеңені сезеді" деген ол кісі балгерге барып, құмалақ та ашқызған.

– 2017 жылы "өлді" дегеннен кейін үй телефоныма бірнеше рет белгісіз біреу қоңырау шалды, бірақ сөйлемейді. Полициядан [қайдан қоңырау шалынғанын] анықтап беруді сұрадым. Қоңырау қақтығыс болып жатқан шетелден түскен. Басқа ештеңе білмейміз деді. Сонысына да разы болдым, – дейді ол.

Әсел хабарсыз кеткен қызын сұрастырып жүріп, Сирия мен Ирактағы қақтығыс аймағында қалған әйелдер мен балаларды іздестірумен айналысатын Шешенстан құқық қорғаушысы Хеда Саратова (ұзаққа созылған дерттен кейін биыл наурызда 56 жасында қайтыс болған – ред.) ұйымдастырған WhatsApp-тағы топқа қосылған.

Хеда Саратова Сириядан балалар мен әйелдерді алғашқылардың бірі болып әкелген Шешенстан құқық қорғау органдарының опеарциясына жәрдемдескен. Осындай операциялардың бірінде Қазақстанның да бірнеше әйелі мен баласы Грозныйға жеткізілген. Қазақстанның "Жусан" операциясы одан кейін басталған еді.

Қазақстан "Жусан" операциясы аясында Сириядағы азаматтарын қайтарып жатыр. 2019 жыл.
Қазақстан "Жусан" операциясы аясында Сириядағы азаматтарын қайтарып жатыр. 2019 жыл.

Сирияда хабарсыз кеткен бала-шағасын іздеген Қазақстан ата-аналары бірігіп, WhatsApp-та бөлек топ ашып, хат-хабар алмасуға кіріскен. Топта 50-ге жуық адам бар.

– Хеда бір сөзінде "Сирия мен Иракта 600 әйелді күңдікке сатып жіберген" деді. Рас-өтірігін білмейміз. Сөйтіп Ресейдің Ирак астанасы Бағдат қаласындағы консулының нөмірін жазды. Ресей консулына хабарластым. "Жағдайыңызды түсінемін. Мұнда жан-жақтан келгендер көп. Өз елшіліктеріңізге хабарласқаныңыз дұрыс" деді. Содан Қазақстанның Йорданиядағы елшілігіне сұрау салдық. Олар мәлімет жоқ деді, – дейді Әсел.

Иракта Қазақстанның өз елшілігі жоқ. Йорданиядағы елшілік Ирак пен Палестинаны да қамтиды.

Биыл 60-қа толатын Әсел пәтер ішін әрлеу, жөндеумен айналысады. Бір көзі мүлде көрмей қалғанына қарамастан, клиент қандай тапсырыс берсе де жалғыз өзі жасай береді. Сылайды, сырлайды, тұсқағаз жабыстырады.

Жұмыстан қолы қалт еткенде қызы мен жиенін іздеумен айналысады. Сол үшін өзі сияқты бір топ адаммен бірге Нұр-Сұлтандағы жауапты органдарға да талай хат жазып, табалдырығын тоздырған, әзірге нәтиже жоқ. Сирияға барып, қызы мен жиенін өз аяғымен іздеуге де дайын. "Бірақ соғыстан қалжыраған, тілі бөлек жат жұрттың қай жерінен іздеймін?" дейді шарасыз ана.

СИРИЯ МЕН ИРАКҚА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАНША АЗАМАТЫ КЕТТІ?

Экстремистік топтардың үгіттеуімен Қазақстан азаматтары Сирия мен Ирак аумағына 2011-12 жылдары кете бастаған. 2013 жылы күзде "Сирияға қоныс аударған қазақстандық жиһадшы топтың" YouTube желісінде жарияланған алғашқы көлемді видеосы қоғам назарын аударған.

Сирия мен Ирак аумағында экстремистік топпен бірге ұрыс қимылдарына қатысты деген күдікке ілінгендер Қазақстанға оралған соң "терроршыл топқа және шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысты", "терроризмді насихаттады және қаржыландырды" деген айыппен сотқа тартылған.

Сириядағы соғысқа Қазақстанның қанша азаматы кеткенін дәл айту қиын. 2018 жылы шілдеде ҰҚК Азаттыққа берген жауабында Сирия мен Иракта соғыс басталғалы Таяу Шығысқа 800-ге тарта Қазақстан азаматы кеткенін хабарлаған.

Комитеттің 2019 жылғы қарашадағы жауабында Сирия мен Ирактан Қазақстанға 277 ересек (57 ер адам, 220 әйел адам) және кәмелетке жасы толмаған 547 баланың қайтарылғаны, Сирияда әлі 90-нан астам азаматтың бары айтылған.

Қазақстан 2019 жыл қаңтар айынан бастап "Жусан" операциясы аясында Сирия мен Ирак аумағындағы азаматтарын қайтара бастады. Қазақстан сыртқы істер министрлігі "Жусан" операциясы аясында Сириядан тағы 12 қазақстандықты елге эвакуациялағанын хабарлады.

Ескерту: мақала кейіпкерлерінің аты-жөні өзгертіліп берілді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG