Accessibility links

Сирияда соғысып, Австрияда 12 жылға сотталған қазақстандық Магомед Арчаковтың хикаясы


Өздерін "Ислам мемлекеті" деп атайтын террор тобының мүшелері Сирияның Ракка қаласында. 16 қыркүйек 2014 жыл. Көрнекі сурет.

Сирияда соғысқан қазақстандық Магомед Арчаков терроризмге қатысы бар қылмыс жасаған деген айыппен 12 жылға сотталған. Оның соты Венада өтті. Австрия билігі Қазақстанның Арчаковты экстрадициялау туралы өтінішін қанағаттандырмады.

"ҚАРАПАЙЫМ ЖІГІТ"

Магомед Арчаковтың Австрия түрмесінде жазасын өтеп жатқанына жарты жыл болды. Австрия үкіметінен босқын мәртебесін сұрап, сол елде тұрып жатқан 30 жастағы Қазақстан азаматы 2019 жылы маусымда сотқа тартылды. Арчаковқа тағылған бірнеше айыптың арасындағы "Сирия әскеріне қарсы қару қолданды" деген айып "кісі өлтіруге оқталу" деген бапқа ауыстырылғандықтан оның ісін алқа билер соты қарады.

Австрия ақпарат құралдары "терроршыл ұйым мен қылмыстық топ құрамында болған, террористік сипаттағы қылмыс жасауға қатысқан деген айыптар тағылған Арчаковты 10-20 жылғ не өмір бойына дейін түрме жазасын беруі мүмкін" деп жазды.

Арчаков Сирияға кетерден бұрын Теміртау қаласында тұрған. Анасы сол қалада әлі тұрып жатыр. Арчаковты бұрыннан білетін Теміртау тұрғыны оны "қарапайым жігіт еді" деп сипаттайды, ол ақпарат құралдарынан Арчаковқа терроризм айыбымен іздеу жарияланғанын көргенде таңғалғанын айтады.

Сирияда соғысқан Магомед Арчаков.
Сирияда соғысқан Магомед Арчаков.

- Қарапайым жігіт болатын. Мектепте үшке оқыды. 2012 әлде 2013 жылы ма, көшеде кездесіп қалдық. Басына тақия киіп, сақал қойыпты. Бірақ бізде әр екінші мұсылман солай жүреді ғой. Салмақты көрінді, "бір жақтан келдім" деді. Бірнеше жылдан кейін газеттен оған террорист ретінде іздеу жарияланғанын оқыдым. Ол туралы бірнеше рет жазды. Әрине, таңғалдым. 2017 жылы мені ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері шақырып, Арчаков туралы сұрады. Біздің сыныптан тек сол ғана осындай жолға түсті. Әр адам жолын өзі таңдайды ғой. Біреу миын улаған, ол жаққа адам бекерден-бекер бармайды. Менің ойымша, адам бос жүрмеуі керек. Айталық, аулада отырған жігіттерге біреу келіп, ақша табуды ұсынып, кез келген желеумен ертіп кетуі мүмкін. Тұрақты жұмысы, өмірі қалыпты адам еш жаққа кетпейді, - дейді Арчаковтың бұрынғы сыныптасы. Ол аты-жөнін жарияламауды өтінді.

Азаттық тілшісі Арчаковтың анасын да іздеп тапты. Бірақ ол сұхбат беруден бас тартты. Ол "ұлымның ондай қылмысқа қатысы болуы мүмкін емес" деп санайды. Анасының сөзінше, алты жыл бұрын Еуропаға кеткен Магомед "отбасын құрып, сол елде қалған".

СИРИЯ - УКРАИНА - АВСТРИЯ

Магомед Арчаковты іздеуге біраз жыл кеткен. Әуелі жергілікті полиция сұрау салып, ақпарат құралдарына хабар беріп іздеген. Кейін билік ел көлемінде, ақыр соңында Интерпол арқылы халықаралық іздеу жариялаған.

Ол кезде Арчаковпен бірге Қарағанды облысының бес тұрғыны халықаралық іздеуде болды. Олардың арасында ағалы-інілі Рахметовтер де бар еді. Кейінірек Қазақстанның арнаулы қызметі тұтқынға түскен Рахметовты Сириядан елге жеткізіп, Қарағанды соты оны тоғыз жылға бас бостандығынан айырды. Ағалы-інілі Рахметовтер мен Арчаковқа "адамдарды террористік қызметке тартқан" деген айып тағылған.

Арчаковтың 2013 жылы Сириядағы соғысқа аңсары ауып, Мәскеу мен Стамбул арқылы Таяу Шығысқа кеткені кейін сот барысында анықталды. Арчаков Сирияда жаттығу лагерінде дайындықтан өтіп, қоян-қолтық соғыс әдістерін үйреніп, AK-47 автоматы мен танкіге қарсы гранатметтен атуға машықтанған.

Алеппоның солтүстік бөлігінде жүрген Сирия үкіметінің әскері. 2020 жылғы ақпан.
Алеппоның солтүстік бөлігінде жүрген Сирия үкіметінің әскері. 2020 жылғы ақпан.

Австрия ақпарат құралдары сілтеме жасаған айыптау тарабының дерегінше, 2013 жылдың тамызынан 2015 жылдың қарашасына дейін Арчаков Сирияға бірнеше рет барып, "Ислам мемлекеті" террор тобына қызмет етуге ант берген "Кавказ әмірлігі" тобының құрамында президент Башар Асадтың әскеріне қарсы соғысқан. Харитан мен Алеппода соғысқан.

2014 жылы қаңтарда Арчаков "соғыстан кейін ес жию үшін" Түркияға оралған. Біраз уақыттан кейін қайтадан Сирияға барып, елдің солтүстігіндегі әскери қимылдар кезінде бомба жарықшағы тиіп, жараланған. Емделіп шыққан соң, Украина арқылы Австрияға қашқан.

СОТ ҚАЛАЙ ӨТТІ?

2017 жылдың наурызында Қазақстанның қауіпсіздік органдары Австрияның Конституцияны қорғау және терроризмге қарсы күрес жөніндегі федералды ведомствосына Венада Сириядағы соғысқа қатысқан азамат жүруі мүмкін деген күдігін жеткізген. Саусақ іздері мен суреттері арқылы әлгі азаматтың Қазақстан іздеу жариялаған Арчаков екені анықталған.

Тергеу кезінде Қазақстан азаматының қолдан жасалған туу туралы куәлігі мен жүргізуші куәлігін көрсетіп, Австрияда 2015 жылдан бері тұрып келгені белгілі болған. Австрия басылымдарының дерегінше, Арчаков отбасымен тұрған, еш жерде ресми жұмыс істемеген және ай сайын әлеуметтік жәрдемақы алып келген. Ол Ресей азаматы екенін, "діни көзқарасы үшін қудалауға ұшырағанын" айтып, Австрия үкіметінен өзіне босқын мәртебесін беруді сұраған.

Австрия Вена қаласының көрінісі.
Австрия Вена қаласының көрінісі.

Сотта прокурор Арчаков Австрияға барғанға дейін Сирияда алған жарақаттарының суретін әлеуметтік желіде "мақтанышпен" жариялап, бірнеше қолданушыға әскери қимылдарға қатысқаны туралы айтып, оларды "тарту мақсатында" терроризмді насихаттайтын фотолар жіберген деп мәлімдеді.

Арчаков мұның бәрін жоққа шығарды. Ол "Кавказ әмірлігі" тобында болғанын мойындағанымен, "Ислам мемлекеті" террор тобының идеологиясын "қолдамағанын", ал Сирияға "жергілікті халыққа көмектесу үшін барғанын" айтқан. Ол лагерьдегі дайындығын "физикалық жаттығу" деп атап, өзі қатысқан әскери қимылдың сегіз эпизодында "қарсыластың әскерін жақындатпау үшін" оқты адамдарға қарсы емес, әуеге атқанын айтқан.

Сот үкімі дәл сол күні – 2019 жылы маусымның 27-і күні шыққан. Жарты күн кеңескен алқа билер Арчаковтың істеген ісіне өкінгенін ескеріп, "айыптау тарабы кісі өлтіруге оқталу фактісін дәлелдей алмады" деген ұйғарымға келді. Австрия ақпарат құралдары Арчаковқа берілген 12 жыл түрме жазасын "ең төменгі жаза", "жұмсақ үкім" деп атаған.

АВСТРИЯ АРЧАКОВТЫ ЭКСТРАДИЦИЯЛАУДАН БАС ТАРТТЫ

Ресми дерек бойынша, 2019 жылы 12 мың адам Австриядан босқын мәртебесін сұраған. Олардың 44 пайызы – Сирия мен Ауғанстаннан шыққан азаматтар. Одан бөлек, 31 қазақстандық және 723 ресейлік азамат өтініш берген. Ауғанстанның төрт мыңнан астам, Сирияның – екі жарым мың, Қазақстанның – тоғыз және Ресейдің 378 азаматы босқын мәртебесін алған.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті 2019 жылдың соңында Азаттықтың хатына "Қазақстанға Сирия мен Ирактан 824 адам қайтарылды, оның 57-сі ер, 220-сы әйел, қалғаны – балалар" деп жауап берген. 34 ер мен 10 әйел кейінірек жауапқа тартылып, әртүрлі мерзімге түрмеге кесілген.

Қазақстан астанасында 2019 жылдың желтоқсан айында өткен сот процесінде Таяу Шығыстан қайтарылған 14 ер адам терроризм мен экстремизмге байланысты қылмыстарға айыпты деп танылып, 8 жылдан 14 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырылған.

Сириядан Қазақстанға қайтарылғандар (15 мамыр 2019 ж.)

"Жиһадшылар еліне қайтқысы келгендердің басын алады"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:40 0:00

Қазақстандағы терроризмге қарсы орталық сайтындағы дерекке сәйкес, Таяу Шығыстағы қақтығыс болып жатқан аймақтарда әлі де 100-ден астам азамат жүр. Олар негізінен Сириядағы жанкештілер қолындағы аймақтарда қалған.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Магомед Арчаковты экстрадициялау туралы өтініш бергенін, бірақ Австрия билігі бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартқанын растады.

Азаттыққа Қазақстан сыртқы істер министрлігі консулдық қызмет департаментінің директоры Тауболды Үмбетбаевтан келген хатта:

"Қазақстанның Австриядағы елшілігінің дерегінше, Қазақстанның өкілетті мемлекеттік органдарынан 2018 жылдан бастап түскен М. Арчаковтың ісі бойынша құқықтық көмек көрсету туралы құжаттар Австрияның қарауына берілген. Австрия республикасындағы өкілетті органдар берген ақпаратқа сәйкес, Вена қаласының жергілікті қылмыстық сотының 2018 жылғы 17 қазандағы шешімі мен Адам құқықтары жөніндегі Еуропа сотының 3-ші және 6-баптарының негізінде Қазақстан азаматы Магомед Арчаковты (лақап аты Хамзат Сулумхажиев) Қазақстанға экстрадициялау туралы өтініш қанағаттандырылмады" делінген.

Австрия ақпарат құралдарының дерегінше, сот билігі "экстрадициялауға болмайды" деп тапқан. Сот Қазақстанда Арчаковқа қарсы процесс "Адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды қорғау туралы Конвенцияның принциптеріне сәйкес өтпейді" деген шешімге келген.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG