Accessibility links

"ДАИШ сапында соғысқан" 14 адам түрмеге қамалды


Сирияда "ДАИШ террорлық тобы құрамында соғысты" деп айыпталғандардың соты. Нұр-Сұлтан, 11 желтоқсан 2019 жыл.
Сирияда "ДАИШ террорлық тобы құрамында соғысты" деп айыпталғандардың соты. Нұр-Сұлтан, 11 желтоқсан 2019 жыл.

Нұр-Сұлтанда Сириядағы қарулы жанжалға "террорлық топ құрамында қатысты" деп айыпталған 14 адамға сот үкімі шықты. Таяу Шығыстан елге жеткізілген соң жауапқа тартылған олар 8 жылдан 14 жылға дейінгі мерзімге түрмеге қамалды.

Желтоқсанның 11-і күні Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қарасты тергеу абақтысында (ЕЦ 166/10 мекемесі) өткен көшпелі отырысында үкімін жариялады. Қазанның 22-і басталған сот Сириядағы қарулы жанжалға "ДАИШ (өзін "Ислам мемлекеті" деп атайтын экстремистік топтың араб тіліндегі атауының қысқартылған нұсқасы - ред.) құрамында қатысты" деп айыпталған Қазақстанның 14 азаматының ісін қараған болатын.

Тергеу қорытындысы бойынша оларға "террористік топ әрекетіне қатысты", "терроритік топқа адам тартты және терроризмді насихаттады", "алауыздық қоздырды", "зорлық-зомбылықты насихаттайтын материалдар таратты" деген айып тағылған.

Бір жарым айға созылған сот процесінің қорытындысы бойынша, судья 14 адамның ауыр қылмыс жасағаны дәлелденді деп тауып, оларды бас еркіндігінен айыруға үкім етті.

Сот үкімі:

  • Алтаев Данияр Қанатұлы (19 қыркүйек 1992 жылы туған) - 10 жылға сотталды
  • Амангелді Абзал Маратұлы (17 қараша 1992 ж.) - 8 жыл.
  • Айыпқалиев Ермұқан Темірланұлы (1 қараша 1985 ж.) - 8 жыл.
  • Әбілқайыров Тұрлан Жалғасұлы (6 сәуір 1994 ж.) - 11жыл.
  • Әжмәмбетов Жандос (5 маусым 1990 ж.) - 8 жыл.
  • Бақытжанов Ғазинұр Құлмашұлы (4 наурыз 1969 ж.) - 13 жыл.
  • Жансеңгіров Аманжол Алпамысұлы (29 қыркүйек 1986 ж.) - 12 жыл.
  • Ибраев Бақтияр Мәмбетұлы (8 желтоқсан 1984 ж.) - 9 жыл.
  • Қамалов Нұрлан Аманұлы (21 қараша 1978 ж.) - 14 жыл.
  • Қуанов Руслан Ерболұлы (18 тамыз 1991 жыл) - 11 жыл.
  • Нарботин Алмас Балғабайұлы (1 сәуір 1986 ж.) - 8 жыл.
  • Сәбитұлы Дәурен, (21 шілде 1988 жылы) - 11 жыл.
  • Сәдуақасов Думан Серікұлы (7 наурыз 1993 ж.) - 11 жыл.
  • Төреханов Данабек Маратұлы (11 қаңтар 1987 ж.) - 9 жыл.

Сот шешіміне сай, Нұрлан Қамалов жазасын қатаң режимдегі түрмеде, қалғандары қауіпсіздігі орташа түрмеде өтейді.

Қарулы айдауылдар айыпталушы Аманжол Жансеңгіровті сот залына әкелген сәт. Нұр-Сұлтан, 22 қазан 2019 жыл.
Қарулы айдауылдар айыпталушы Аманжол Жансеңгіровті сот залына әкелген сәт. Нұр-Сұлтан, 22 қазан 2019 жыл.

Осы тізімдегі Ермұқан Айыпқалиев қазір арнайы емханада жатыр. Туыстары соғыс аймағында жараланған оның денесінің 30 пайызы ғана қимылға келетінін айтады. Ол ауруханада жатқандықтан 22 қазанда басталған сотқа онлайн арқылы қатысты.

Бұған дейін тараптар жарыссөзі кезінде прокурор судьядан айып тағылған азаматтарды 10 жылдан 17 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруын сұраған. Сотталушылар өздеріне тағылған айыпты ішінара мойындайтынын мәлімдеген.

"ТҮРМЕНІ ДЕ КӨРЕЙІН, САБАҚ БОЛСЫН"

Айыпталушылар 4 желтоқсанда соттағы соңғы сөздерін айтты. Сотталушылардың ішінде бес баппен айыпталған Ақтөбе облысының тумасы Руслан Қуанов ұзақ сөйледі. 11 жылға сотталған Қуанов Сирияға кетпес бұрын Египетте оқығанын, сондағы мешіт имамдары Таяу Шығысқа баруға үгіттегенін айтады. Үгітке ерген жігіт Сирияға барып, әскери дайындық базасына түскен.

- Мен автомат атып үйрендім. Үш оқ атқан шығармын. Тергеу кезінде мені гранатометтен, басқа қарулармен атты деді. Мен келіспеймін. Бізді Рэмбо қылып қойды, - деді.

Ол басында шекара күзеткенін, кейін соғыс аймағына шығуға дайындалғанын айтады.

- Түнде бізді екі машинаға салып алып, бір жерге апармақ болды. Жүргізуші жолды шатастырып, біз қарсыластың аумағына өтіп кеттік. Көлікте 19 адам болған едік. Күтпеген жерден бізді ата бастады. Мен есіктің жанында отырған едім. Қашып үлгердім. Біз де ата бастады. Кейін аяғыма оқ тиген екен. Есімді білетінмін. Кейін қан жоғалтып, есімнен танып қалдым. Ауруханада ояндым. Аяғыма операция жасады. Сегіз ай емделдім. Кейін әскерге жарамай қалдым. Раккаға келіп, полиция болып жұмыс істедім. Араб тілін оқыттым. Аяғым жазыла бастады. Кейін Ракка қоршауда қалып, бомбаланды. Оң аяғым, бұғанам сынды, - деді ол соңғы сөзінде.

Руслан Қуанов 2017 жылы ДАИШ идеологиясынан күдіктене бастаған, бірақ қорыққаннан кете алмағанын айтады. 2019 жылы оны қазақстандық арнайы қызмет өкілдері "Жусан" операциясы кезінде Сириядан алып кеткен. Сотта Қуанов ҰҚК-ға алғыс айтып, өзі шығарған өлеңін оқып берді.

- Елге келген соң бізді соғып, қинар деп ойладық. Бірақ бәрі керісінше болды. Бізбен өте жылы сөйлесті. Дәрігерге қаратты. Мен өзіме көп те емес, аз да емес, орташа жаза сұраймын. Түрмені де көрейін, сабақ болсын. Эмоцияға берілдік. Арбауға түсіп қалдық, - деді ол.

11 желтоқсанда сот үкімінен кейін Руслан Қуановтың әкесі Ербол Қуанов соттан шыққан соң Азаттық тілшісіне "Апелляцияға беру-бермеу жағын сотталғандардың ата-аналарымен ақылдасып шешеміз" деді.

Ал 9 жылға сотталған тағы бір ақтөбелік Төрехановтың әйелі Назкен апелляцияға бермейтінін айтты.

"Сириядан келгенде бұдан да қатаң жазаға тартылар деп ойлаған едік. Мен де, күйеуім де үкімді қалыпты жағдайда қабылдадық" деді ол.

Сирияда "ДАИШ террорлық тобы құрамында соғысты" деп айыпталғандардың соты. Нұр-Сұлтан, 11 желтоқсан 2019 жыл.
Сирияда "ДАИШ террорлық тобы құрамында соғысты" деп айыпталғандардың соты. Нұр-Сұлтан, 11 желтоқсан 2019 жыл.

Бұл 14 адам Қазақстан арнайы қызметінің "Жусан" деп аталатын операциясы аясында елге жеткізілген. Биылғы қаңтар мен мамыр айлары аралығында үш кезеңмен өткен операция нәтижесінде Қазақстанға Сирия мен Ирактан жүздеген азамат әкелінген. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстан Таяу Шығыстан 516 азаматын (159 ересек адам мен 357 бала) елге қайтарған.

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті Азаттықтың сауалына берген жауабында Сирия мен Ирактан Қазақстанға 824 адам – 277 ересек азамат (57 ер және 220 әйел) мен 547 бала жеткізілгені туралы хабарлаған. ҰҚК дерегінше, Қазақстанға оралғаннан кейін 44 адам (арасында 10 әйел бар) терроризмге байланысты айыптар бойынша сотталып, бір жылдан 11 жылға дейінгі мерзімге түрмеге қамалған.

Сириядағы қазақ содырлары. Хронология
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:24 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG