Accessibility links

Астанада полиция Шыңжаңдағы туыстарына іздеу салған 8 адамды күшпен ұстап әкетті


Халида Ақытханды газельге күшпен отырғызып жатқан полиция жасағы. 1 қазан 2021 жыл.
Халида Ақытханды газельге күшпен отырғызып жатқан полиция жасағы. 1 қазан 2021 жыл.

Нұр-Сұлтанда полиция Шыңжаңда қамалған туыстарына араша сұрап жүрген 8 адамды жұма, таңертең уақытша қонып жүрген үйлерінің алдынан ұстап әкетті. Азаттық тілшісі полицияның оларды Байқоңыр ауданындағы Момышұлы көшесінен күшпен сүйреп әкеткенін көрді.

Ұсталғандар арасында 65 жастағы зейнеткер Халида Ақытхан да бар. Ол бұған дейін аяғы ауырып жүре алмай, арбамен қозғалып жүрген еді. Арнайы жасақ оны да сүйреп апарып, газельге отырғызды. Ұстау кезінде ол құлап қалды.

Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрап жүргендерді полиция ұстап жатыр. Нұр-Сұлтан, 1 қазан 2021 жыл.
Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрап жүргендерді полиция ұстап жатыр. Нұр-Сұлтан, 1 қазан 2021 жыл.

Арнайы жасақ Азаттық тілшісіне оқиғаны камераға түсіруге кедергі келтірді.

Бұған дейін 1 қазанда Нұр-Сұлтанда Қытайдың жаңа елшілігінің ашылатыны жөнінде хабар тараған. Дегенмен Азаттық тілшісі ресми хабарды таба алмады. Астанадағы Қытай елшілігінің алдында он күннен астам акция жасап жүрген топ 1 қазанда елшілікке барып, Қытай елшісі Чжан Сяомен кездесуге тырысып көрмек болған.

Белсенді Байболат Күнболатұлының айтуынша, жұма таңертеңнен бастап оларды полиция көліктері аңдыған. Ол өзі және наразылардың тағы бір Гаухар Құрманғалиева екеуі үйден шығып үлгермеген. Полиция оларды ұстамаған.

Полиция әзірге түсініктеме бермеді.

  • Алматыдағы Қытай консулдығы алдында жеті айдан астам уақыт акция өткізген наразыларға бұған дейін консулдықтан ешкім шықпаған. Олар 20 қыркүйектен бастап Нұр-Сұлтандағы Қытай елшілігі алдында наразылық өткізіп келеді. Жуырда оларға "бейбіт жиын өткізу тәртібін" бұзғаны үшін айыппұл салынды.
  • Наразылар Шыңжаңда қамалған немесе қайта алмай отырған туыстарын Қазақстанға қайтаруды талап етеді. Олардың сөзіне қарағанда, Қытай билігі туыстарын жазықтан-жазықсыз сотсыз қамап, қудалаған. Кейбірін үйқамақта ұстап, Қазақстанға баруына тыйым салған.
  • Сәуір айында Қытайдың Қазақстандағы елшісі Шыңжаңда қамалғандардың "Қытай азаматы" екенін және олардың "Қытай заңын бұзғанын" айтқан. Қазақстан сыртқы істер министрлігі "өзге елдің ішкі ісіне араласа алмайтынын" алға тартып келеді.
  • Халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекинді Шыңжаң өлкесінде ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де мұсылмандарға "геноцид" жасады деп айыптаған. Пекин мұны жоққа шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG