Accessibility links

Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап еткендер: Полиция тағы екі адамды әкетті


Полиция белсенді Байболат Күнболатұлы мен Гаухар Құрманалиеваны көлікке отырғызып жатыр. Нұр-Сұлтан, 1 қазан 2021 жыл.
Полиция белсенді Байболат Күнболатұлы мен Гаухар Құрманалиеваны көлікке отырғызып жатыр. Нұр-Сұлтан, 1 қазан 2021 жыл.

1 қазанда түске қарай Нұр-Сұлтанда полиция Шыңжаңда қалған туыстарына араша сұрап жүрген топ белсендісі Байболат Күнболатұлы мен Гаухар Құрманалиеваны үйінен алып кетті. Белсенді Facebook парақшасында полицияның өзін әкетіп бара жатқан жерден тікелей эфирге шықты.

Оқиға орнында болған Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Алматы аудандық ішкі істер басқармасының бірнеше қызметкері оларды уақытша қонып жүрген үйлерінен әкеткен.

Бірер сағат бұрын полиция Қытай елшілігі алдында он күннен астам наразылық жасап, туыстарын қайтаруды талап еткен 8 адамды күшпен ұстап алып кеткен еді. Азаттық тілшісі полицияның оларға дөрекілік көрсеткеніне куә болды. Ұстау кезінде бір әйел адам құлап қалған. Соған қарамастан арнайы жасақ оларды сүйреп, көлікке отырғызған. Оларды қай бөлімшеге жеткізгені белгісіз. Полиция әзірге түсініктеме бермеді.

Байболат Күнболатұлы ұсталмай тұрып Азаттық тілшісіне 102-ге хабарласып, 8 адамның жоғалғаны жөнінде шағым түсіргенін айтты.

Алматыдан астанаға барып, Қытайдың Нұр-Сұлтандағы елшілігі алдында он күннен астам наразылық өткізген топ 1 қазан – Қытай халық республикасының құрылған күні Қытай елшісі Чжан Сяомен кездесуге тырысып көрмек болған. Алайда олардың барлығы түс болмай ұсталды. Күнболатұлы мұны Қытайдың осы мерекесімен байланыстырды.

Ал Қытай елшілігінің өкілі Азаттық тілшісіне 1 қазанда "Бүгіннен бастап Қытайда тойлап жатыр. Қазір бәрі демалыста" деп елшіліктің жабық екенін жеткізді. Ол басқа сұрақтар бойынша ресми сауал жіберу қажеттігін айтты.

  • Наразылар Шыңжаңда қамалған немесе қайта алмай отырған туыстарын Қазақстанға қайтаруды талап етеді. Олардың сөзіне қарағанда, Қытай билігі туыстарын жазықтан-жазықсыз сотсыз қамап, қудалаған. Кейбірін үйқамақта ұстап, Қазақстанға баруына тыйым салған.
  • Сәуір айында Қытайдың Қазақстандағы елшісі Шыңжаңда қамалғандардың "Қытай азаматы" екенін және олардың "Қытай заңын бұзғанын" айтқан. Қазақстан сыртқы істер министрлігі "өзге елдің ішкі ісіне араласа алмайтынын" алға тартып келеді.
  • Халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекинді Шыңжаң өлкесінде ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де мұсылмандарға "геноцид" жасады деп айыптаған. Пекин мұны жоққа шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG