Accessibility links

Еуродепутат Әділет министріне саяси тұтқындар тізімін тапсырып, шенеуніктерге санкция салуды талап етті


Саяси тұтқындарды босатуды талап етіп тұрған бесенділер. Нұр-Сұлтан, ақпан айы 2021 жыл.
Саяси тұтқындарды босатуды талап етіп тұрған бесенділер. Нұр-Сұлтан, ақпан айы 2021 жыл.

29 қыркүйекте Брюссельде Еуропарламент депутаты Ружа Тун Қазақстан әділет министрі Марат Бекетаевпен кездесу кезінде оған елде саяси қудаланған белсенділер мен саяси тұтқындардың тізімін тапсырған. Бұл жөнінде депутаттың өзі бейсенбі Twitter парақшасында хабарлады.

"Әріптестіктен бас тартпаймыз, бірақ адам құқығын бұзғандарға санкция салуды талап етеміз" деп жазды Тун Twitter'де.

"16/12" ақпараттық Youtube-арнасының хабарлауынша, Ружа Тун "Қазақстанның амбициялық жоспары мен реформаларына" тоқталған Бекетаев сөзіне осылай жауап берген. Әділет министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында кездесудің жай-жапсары айтылмайды, тек қатысушылар "Қазақстандағы саяси жүйені жаңарту мен демократиялық институттарды нығайтуға бағытталған реформалар жөнінде пікір алмасты" деп жазып қойған.

Арнаның хабарлауынша, 29 қыркүйекте Қазақстанның Адам құқығы жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова, Қазақстанның Бельгиядағы елшісі Марғұлан Баймұқан және Қазақстан билігіне қатысы бар өзге де үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысуы тиіс болған конференция кенет шегерілген.

Қазақстанда құқық қорғаушылар "саяси қудалау кампаниясының апогейі" деп атаған 13 белсендінің ісі бойынша үкім шығайын деп жатқан тұста және Нұр-Сұлтанға адам құқығына байланысты сын көбейген шақта Қазақстан министрі Брюссельге сапарлап отыр.

Министрге берілген тізімде "экстремизм", "ҚДТ және "Көше партиясы" оппозициялық қозғалыстарын қолдағаны үшін" айыпталған ондаған адамның аты-жөні бар. (ҚДТ мен "Көше партиясын" Нұр-Сұлтан соты "экстремистік ұйым" деп танығанмен Еуропарламент "бейбіт оппозициялық қозғалыстар" деп атаған).

Биыл ақпанда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығы ахуалы туралы қарар қабылдап, кейінгі кезде адам құқығының нашарлағанын сынаған, адам құқығын бұзған шенеуніктерге санкцияға салуға шақырған. Еуродепутаттар резолюцияда Нұр-Сұлтанды саяси тұтқындарды босатуға да үндеген. Содан бері бірнеше адам түрмеден шықты, бірақ қазақстандық құқық қорғаушылар құрған саяси тұтқындар тізімі елде үздіксіз жаңарып келеді. "Саяси істер" бойынша ұсталып, сотталған белсенділер де көбейіп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG