1 қазанда түнде бір топ белсенді Алматыға Павлодардан ұшып келген қамаудан шыққан диссидент ақын Арон Атабекпен кездесу үшін үйіне барып, алғашқы видео да жариялады. Жұма күні қамаудан босатылған диссидентті қарсы алу үшін ондаған адам Алматы әуежайына барғанмен оны көре алмаған еді.
Видеода Арон Атабек түрмеде өткізген жылдары, азаптау, денсаулығы жөнінде айтады. Өзін толық ақтамайынша түрмеден мерзімінен ерте босап шығу туралы өтініш жазудан бас тартқанын да жеткізеді.
Арон Атабек Алматыға оралғаннан кейін онымен алғаш кездескен азаматтардың бірі оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлиннің айтуынша, диссидент ақын өзін ақтамай, еркінен тыс түрмеден шығарып жібергенін айтқан.
– Оның айтқаны былай: Бұрын да, қазір де ұстанып отырған ұстанымым: тек толық ақталған жағдайда ғана түрмеден шығамын және түрмеде өткізген жылдарым үшін моральдық өтемақы мәселесін қоямын. Бірақ менің еркімнен тыс, құқығымды бұзып, жаңағыдай шешім қабылдады. Мерзімінен ерте шартты бостандыққа жіберді. Оларға бұл дұрыс емес, оған көнбеймін дедім. Соған қарамастан ұшаққа отырғызып, Алматыға алып келді деді. Халықаралық ұйымдардарға дейін баратынын айтты. Бірақ қазіргідей режимде мұның мүмкін еместігін де біледі. Уақыт келгенде жасаймын дегендей болды, – деді Жасарал Қуанышәлин.
Кездесуде болған белсенді Бекзат Мақсұтханның айтуынша, Арон Атабектің денсаулығы нашарлаған, еркін қозғала алмайды.
"Ол орнынан қозғағанда жақындары дем беріп, көмектесіп отырды. Соған қарап, өздігінен жүре алмайтыны білініп тұрды. Екі қолы істемейді. Біз амандасқан кезде құшақтап барып амандастық" деді ол.
Арон Атабектің қарындасы Рәзия Нутышева жақынын емдету үшін Түркиядан дәрігерлер шақыратынын айтты.
– Әрине, әлсіздік бар. Дұрыс тамақ ішпеген. Қажетті витаминдер қабылдамаған. Соның бәрі ағзаға әсерін береді. Енді он шақты күндей есін жинап алсын. Сосын хабарласамыз. Ауруханаға жатқызып емдетпейміз. Түркиядан дәрігерлер келеді. Солар келіп, ем-дом жасайды, емдейді. Ақша-қаражат бар. Адамдар ақша жинап көмектесіп жатыр. Шүкір, – деді ол.
1 қазанда Павлодар соты диссидент ақын Арон Атабекті денсаулығына байланысты түрмеден босату туралы колония әкімшілігінің өтінішін орындаған. Сот шешімі бірден күшіне еніп, Арон Атабек жұма түнде Алматыға ұшып келді. Оның жанында туыстарымен бірге медбике де болған. Алматы әуежайында оны қарсы алу үшін ондаған адам жиналды, бірақ әкімшілік өкілі Арон Атабекті қызметтік есік арқылы үйіне алып кеткенін хабарлады.
Кейін белсенділер Арон Атабектің үйінде отырған фотосын жариялады.
Арон Атабек 2006 жылғы "Шаңырақ" оқиғасынан кейін 18 жылға сотталып, 15 жылын түрмеде өткізді. Құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқын" деп таныған. Бұған дейін құқық қорғаушылар оның денсаулығының нашарлағанын айтып, билікті дереу босатуға шақырған. Шамамен бір апта бұрын оның ауруханаға түскені белгілі болды. Жазда Қазақстанда Ұлттық алдын алу тетігі (ҰААТ) қатысушылары түрмеде Арон Атабекпен жолығып, халінің нашар екенін айтқан.
Биыл ақпанда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығы ахуалы туралы қабылдаған қарарында Нұр-Сұлтанды елде түрмеде отырған саяси тұтқындарды босатуға үндеген. Еуропарламент депутаттары олардың арасында Арон Атабекті де атаған.
"Елде саяси тұтқын жоқ" дейтін Қазақстан билігі бұған дейін еуропалық құқық қорғаушылар мен депутаттарға түрмеде отырған Арон Атабекпен кездесуге рұқсат етпеген.
ПІКІРЛЕР