Accessibility links

"Денсаулығы мәз емес". Түрмеден босаған Арон Атабек Алматыға келді


Арон Атабек (сол жақта) жақындарымен үйінде отыр. Алматы, 1 қазан 2021 жыл.
Арон Атабек (сол жақта) жақындарымен үйінде отыр. Алматы, 1 қазан 2021 жыл.

Павлодардың №2 сотының қаулысымен диссидент ақын, Шаңырақ оқиғасынан кейін 18 жылға сотталған Арон Атабек (Едігеев) сырқатына байланысты түрмеден босатылды. 15 жылын түрмеде өткізген ақын бостандыққан шыққан соң Алматыға оралды.

"ӘКЕММЕН АЛМАТЫҒА ҚОНДЫҚ"

Қамаудан босатылған Арон Атабек 1 қазан кешкісін Павлодардан Алматыға ұшып келді. Бұл туралы Азаттыққа Алма Аронқызы айтты.

- Әкеммен Алматыға қондық. Қазір траптан бізді көлікпен алып кетеді. Әкемнің денсаулығы мәз емес, - деп қысқа қайырды Алма Аронқызы Азаттыққа.

Атабекті күтіп алуға Алматы әуежайына ондаған адам келген. Олар әуежайдан Арон Атабекті көреміз деп үміттеген еді. Бірақ ол келу залына шыққан жоқ. Осыдан соң Атабекті күтіп алуға келген жұрт сыртқа шығып, "Арон Атабек!" деп айғайлап тұрды. Бірнеше адам "Назарбаев режиміне сынбаған хас батырымыз, қош келдің" деген үлкен плакатты ұстап жүрді.

Кейін белсенділер Арон Атабектің үйінде отырған фотосын жариялады.

Атабекті түрмеден босату туралы өтінішті ол отырған АП-162/1 түрмесі берген еді. Ал сот диссидент Арон Атабектің омыртқасы мен жұлынының зақымданғанын және "басқа да емделмейтін ауруларға шалдыққанын ескеріп", оны түрмеден босату туралы шешім шығарған. Осы аптаның басында Атабектің ауруханаға түскені хабарланған еді. Павлодар сотының мәліметінше, 1 қазанда өткен онлайн сотқа Атабек те қосылған.

- Соттың қаулысын көрген жоқпын, бірақ түрмеге хабарласып білгенім, оны сот залынан бірден босату туралы қаулы шыққан. Ол денсаулығына байланысты сот залынан қаулы оқылған сәтте босауы керек. Әрине, Аронның және процеске қатысушылардың бұл қаулыға 15 тәуліктің ішінде қайта шағым түсіруге құқығы бар. Дегенмен оны бүгін, 1 қазанда босатуы тиіс, - деді құқық қорғаушы Елена Семенова Азаттыққа.

Сот шешіміне сай, Атабек бір жыл бойы пробациялық бақылауда болады.

Қазақстандық "Ар.Рух.Хақ" ұйымының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина соттың бұл шешіміне қуанғанын айтады. Ол қыркүйектің ортасында Арон Атабекке рақымшылық жасау туралы бастама көтеріп, бес күнде екі жарым мың адамның қолын жинап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған еді.

- Арон Атабектің бостандыққа шыққанына ризамыз, дегенмен оның мүшкіл хәлде шығатындығы өкінішті. Адамның басты байлығы – денсаулық қой, сондықтан оның денсаулығы нашарлап, осындай диагнозбен шығып жатқаны қиын. Ол бостандыққа шықты, бірақ денсаулығы мен 15 жыл өмірін түрмеде қалдырып кетті. Қалай десек те, Арон түрмеден шығатын болды. Бостандықта денсаулығын түзеп, ұзақ жылдардан бергі арманы – кітаптарын баспадан шығаруға қол жеткізер деп үміттенемін, – дейді Төреғожина.

"БҰЛ АРОНДЫ ЕСТЕН ШЫҒАРМАҒАНДАРДЫҢ ЖЕҢІСІ"

Атабектің қамалуы жайлы бірнеше рет мәлімдеме жасаған оппозициялық саясаткер Владимир Козлов Атабекке қатысты шыққан сот шешіміне екі себепті атады. Ол билікке тағы бір саяси тұтқынның түрмеде көз жұмғаны тиімсіз деп санайды.

Арон Атабек түрмеде отырған сәт. 18 тамыз 2021 жыл.
Арон Атабек түрмеде отырған сәт. 18 тамыз 2021 жыл.

- Арон Атабектің босап шығуына биліктің де, бастама көтергендей сыңай танытқан депутаттардың да еш үлесі жоқ (Қыркүйектің басында мәжілістің жеті депутаты Атабекті босату ұсынысын қолдаған Ред.). Билік мұны екі-ақ себеппен жасады. Біріншіден, бұл – қасқырдың тісін қой терісімен жабу. Екіншіден, Аронның денсаулығы. Диагнозына қарағанда, түрмеде қала берсе ұзаққа бармасы анық. Дулат Ағаділдің (2020 жылы ақпанда Нұр-Сұлтан түрмесінде қайтыс болған белсенді – Ред.) өлімінен кейін түрмеде Атабек көз жұмса, бұл демократиялық болып көрінгісі келетін диктаторлық ел үшін тым тиімсіз. Ал депутаттарға бұл бастаманы көтеру тапсырмасы берілгені анық. Атабектің мәселесін көтерген депутаттар арасында дәл мұндай тақырыптарды көтеретіндер жоқ. Әйтсе де, Арон босатылды, бұл ең маңыздысы. Бұл – осы күнге дейін оны ұмытпай келгендердің жеңісі һәм еңбегі, – дейді Владимир Козлов.

"БИЛІК ӨЗ БЕДЕЛІН ОЙЛАП ОТЫР"

Қазақстандық адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының жетекшісі, құқық қорғаушы Евгений Жовтис билік Атабектің денсаулығынан бөлек, өзінің ішкі және сыртқы саясаттағы беделін көп ойлап отыр деп санайды.

- Мұндай шешімге үш фактор әсер етті деп білемін. Біріншісі, Аронның денсаулығы. Суреті мен келіп жатқан ақпаратқа қарағанда, жағдайы мәз емес екені көрініп тұр. Ол Шаңырақтағы қайғылы оқиғаға қатысқанымен, адам өлтірген жоқ. Соған қарамастан тәртіпсіздікті ұйымдастырды деп, 15 жылын түрмеде өткізді. Бұл оңай емес. Ал екінші және үшіншіден, ішкі және сыртқы саяси себеп бар. Елдің өз ішінде оны босатуды талап етушілер мен оған тілектес адамдар көбейді. Ал ең маңыздысы – сыртқы саясат. Халықаралық деңгейде адам құқығына, оның ішінде саяси тұтқындар жайлы және Арон Атабектің аты аталған бірнеше есеп жарияланды. Бұған қоса, осы айда Қазақстан БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі кеңесіне мүше болуға ниет білдіріп, өтініш берді. Оған сайлау осы айда өтеді, - дейді құқық қорғаушы.

Арон Атабек 2006 жылғы "Шаңырақ" оқиғасынан кейін 18 жылға сотталып, 15 жылын түрмеде өткізді. Құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқын" деп таныған.

Шаңырақ оқиғасы: қалай болды және немен бітті

2006 жылы 14 шілдеде Алматының іргесіндегі Шаңырақ елдімекенінің тұрғындары "жерді рұқсатсыз иеленіп алдыңдар" деп, үйлерін сүру үшін полиция апарған билікке қарсылық көрсетті. Қақтығыс кезінде үстіне өртелген 24 жастағы полиция қызметкері көз жұмды.

Билік оның өліміне бірнеше тұрғын мен сол күні Шаңырақта болған ақын әрі диссидент Арон Атабекті кінәлі деп тапты. Арон Атабекті – 18 жылға, Құрманғазы Өтегеновты – 16 жылға, Ерғанат Тараншиевті – 15 жылға, Рүстем Тұяқовты – 14 жылға соттады. Соңғы аталған екі азамат 2018 жылы мерзімінен бұрын босап шықты. 2013 жылы Өтегеновтың жазасына түрме әкімшілігі қызметкерлерінің "заңды талабына бағынбау" айыбы бойынша тағы екі жарым жыл қосылған.

Арон Атабек жылдар бойы жазасын тұтқындалғанға дейін тұрып келген Алматы қаласынан алыс орналасқан түрмелерде өтеді. 2014 жылдың сәуірінен бастап ол Павлодардың уақытша тергеу изоляторында отырды. Атабек ол жерге Қарағанды облысы Қаражал қаласындағы колониядан этаппен жіберілген. Оны екі рет Қостанай облысы Арқалық қаласындағы "жабық" түрмеге салып жазалаған. Бұл – өмір бойына бостандығынан айырылған азаматтар жазасын өтейтін, "түрме ішіндегі түрме" іспетті мекеме.

2021 жылы күзде денсаулығына байланысты босатылған диссидент, ақын Арон Атабек түрмеден шыққаннан кейін көп ұзамай ауруханада қайтыс болды. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен жергілікті белсенділер оның өліміне билікті кінәлап, түсініктеме беруді талап етті.

Биыл жазда Атабекке арнайы барып жолыққан Қазақстандағы Ұлттық алдын алу тетігі (ҰААТ) қатысушылары тұтқынның халі нашар екенін хабарлап, Атабектің қатты жүдеп, шау тартқан суретін жариялаған еді.

Бұған дейін оның денсаулығына алаңдаған азаматтық қоғам өкілдері президент Тоқаевқа бірнеше рет хат жазып, босатуды сұраған. Ал ақпан айында Мұрат Әуезов, Ұлықбек Есдәулет, Олжас Сүлейменов, Бақыт Беделхан, Амантай Асылбек, Гүлжан Ерғалиева, Талғат Айтбай сынды бір топ ақын-жазушы мен журналист президент Тоқаевтан ақын Арон Атабекті босатуды сұрап хат жазған.

Атабектің есімі АҚШ мемлекеттік департаментінің және Еуропарламенттің Қазақстандағы адам құқығына қатысты қаулысында аталған. "Елде саяси тұтқын жоқ" дейтін Қазақстан билігі бұған дейін еуропалық құқық қорғаушылар мен депутаттарға түрмеде отырған Арон Атабекпен кездесуге рұқсат етпеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG