Accessibility links

"Шаңырақ ісімен" сотталған Құрманғазы Өтегенов құқықтық көмекке зәру


Құрманғазы Өтегенов "Шаңырақ ісі" бойынша сотта отыр. Алматы. 11 қыркүйек, 2007 жыл.

“Шаңырақ ісі” бойынша 16 жыл түрме жазасына кесілген Құрманғазы Өтегенов шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығу мүмкіндігіне байланысты құқықтық көмекке зәру.

ҚҰРМАНҒАЗЫ ӨТЕГЕНОВТЫҢ ЖАҒДАЙЫ

Шаңырақ оқиғасына қатысып, ұзақ жылға бас бостандығынан айырылған төрт адамның бірі – Құрманғазы Өтегенов Азаттыққа хабарласып, өзінің құқықтық көмекке зәру екенін айтты. Өзінің айтуынша, күзде ол шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға өтініш беруі мүмкін.

Үкімге сәйкес, Өтегенов 2006 жылғы 14 маусымда Алматының шетіндегі Шаңырақ ықшамауданында болған оқиғаларға қатысты деп айыпталып, 16 жылға түрме жазасына кесілген. Сол оқиға кезінде полицияның бір қызметкері қаза тапқан. Кейін оған “түрме әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбады” деген айып тағылып, негізгі жаза мерзіміне тағы екі жарым жыл қосылған.

Шаңырақ оқиғасы. Алматы. 14 шілде, 2006 жыл
Шаңырақ оқиғасы. Алматы. 14 шілде, 2006 жыл

Павлодардағы қатаң режимдегі колонияда жатқан Құрманғазы Өтегеновтің айтуынша, оның қосымша мерзім жазасына қарсы шағым беруге де мүмкіндігі бар. Осы мәселе бойынша және шартты түрде мерзімінен босату туралы өтініш беруге қатысты құжаттарды уақытында жинау үшін оған құқықтық көмек керек. Сондықтан ол павлодарлық құқық қорғаушы, облыстағы қоғамдық бақылау комиссиясының жетекшісі Елена Семеноваға ақпарат құралдары арқылы өтініш айтты. Өтегенов Семенова колонияға келіп, өзімен кездессе деп үміттенеді.

Азаттықпен әңгімесінде Семенова Өтегеновке қоғамдық бақылау комиссиясының басшысы ретінде емес, “қарапайым азамат” ретінде бара алатынын айтты. Себебі, ол басқаратын ұйымның қазір тек тергеу изоляторында тергеліп жатқандар мен уақытша қамау изоляторында жатқан күдіктілерге ғана кіретін құқығы бар. Құқық қорғаушының айтуынша, түрме әкімшілігі оның Өтегеновпен жай азамат ретінде кездесуіне бұған дейін бірнеше мәрте қарсылық білдірген, себебі жазасын өтеуші “онымен кездесуге өтініш білдірмеген”. Сондықтан, Құрманғазы өзіне ақпарат құралдары арқылы өтініш айтып, “дұрыс қадам жасады” дейді Елена Семенова.

Құрманғазы Өтегенов (сол жақта) пен Ерғанат Тараншиевтің "Шаңырақ ісі" сотында отырған кезі. Алматы. 11 қыркүйек, 2007 жыл
Құрманғазы Өтегенов (сол жақта) пен Ерғанат Тараншиевтің "Шаңырақ ісі" сотында отырған кезі. Алматы. 11 қыркүйек, 2007 жыл

- Енді түрме әкімшілігіне Өтегеновтің жарияланған өтінішін көрсете аламын, – дейді Семенова.

Алматылық құқық қорғаушы, “Ар.Рух.Хақ” қоғамдық қорының президенті Бақытжан Төреғожина Facebook-тегі аккаунтында Құрманғазы Өтегеновтің құжаттарды әзірлеуде көмектесуін сұрап, өзіне де өтініш айтқанын хабарлады. Сондай-ақ ол жазасын өтеп жатқан Өтегеновке сәлем-сауқат жіберуге болатынын айтты. “Заңгер жағынан біздің қор көмектеседі, бір айдың ішінде оған заңгер барады” деп жазды Төреғожина. Кейінірек жарияланған тағы бір постында ол Құрманғазыға сәлем-сауқат жібергені үшін адвокат Төлеген Шайықовқа алғыс білдірді.

Алматы қалалық сотының бұрынғы судьясы Күлпаш Өтемісова Бақытжан Төреғожинаның постының астына және Facebook-тегі өз парақшасында Өтегеновтің жайын саралап, пікір қалдырды. Оның айтуынша, қосымша жазаға шағым жазудан еш пайда жоқ. Дегенмен, ол бас прокурор мен Жоғарғы сот төрағасының атына қолдаухат жазып жатқанын хабарлады.

“ШАҢЫРАҚ ІСІНДЕГІ” ШАРТТЫ ТҮРДЕ БОСАТУ

Бұрын түрме жүйесі “Шаңырақ ісі” бойынша ұзақ мерзімге сотталғандардың шартты түрде ерте босату туралы өтініштерін қанағаттандырмай тастаған. Бұған басты себеп – олар салынған айыппұлды төлемеген.

2018 жылғы көктемде бірнеше белгілі кісі Шаңырақтағы оқиғадан соң сотқа тартылған 25 азаматтың барлық айыппұлдарын өтеп берген. Сол жылы 14 және 15 жылдық түрме мерзімін өтеп жатқан 36 жастағы Рүстем Тұяқов пен 40 жастағы Ерғанат Тараншиев мерзімінен бұрын шартты түрде босап шықты.

Елена Семенованың Азаттық тілшісіне айтуына қарағанда, төтенше ештеңе болмаса, биыл күзде Құрманғазы Өтегеновтің шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш беруге толықтай негіз бар.

- Ең бастысы – шартты түрде ерте босатуға болатын мерзім келіп, айыппұлдары түгел төленуі керек. Бұған қоса тәртібі бойынша ол бірінші деңгейде жақсы баға алған, – деді құқық қорғаушы.

Түрме қызметкерлері Азаттық тілшісіне сотталушы Құрманғазы Өтегеновтің шартты түрде ерте босату туралы өтініш беру мерзімі күзде келетінін айтты. Дегенмен, олар басқа сұрақтарға жауап беруден бас тартты.

ШАҢЫРАҚ ОҚИҒАСЫ

2006 жылғы 14 шілдеде Алматы шетіндегі Шаңырақ ауылында билік заңсыз салды деп тапқан жүздеген үй тұрғындары мен полиция күштерінің арасында қақтығыс болған. Оқиғадан бір апта бұрын полицияның көмегімен Бақай ауылындағы осындай үйлер сүрілген еді. Шаңырақ тұрғындары ерекше қарсылық көрсеткен. Соның кесірінен полиция қызметкері қаза тапқан.

Шаңырақ ауылында “тәртіпсіздік ұйымдастырды” деген айыппен жалпы саны 25 кісі сотқа тартылды. Сот олардың бірін ақтап шығарды. Екі әйел азамат бір жылға шартты түрде түрмеге қамау жазасына кесілді. 18 адам үш жылға шартты түрде сотталды.

Төрт адам ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды. Арасында Құрманғазы Өтегенов те бар. Олардың екеуі – Рүстем Тұяқов пен Ерғанат Тараншиев былтыр шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған. Осы іс бойынша сотталғандардың ішінде ең жасы үлкені, 18 жылға сотталған 66 жастағы ақын әрі диссидент Арон Едігеев (Атабек) мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтініш беруден бас тартып отыр. Оның айтуынша, бұлай істесе, ол қылмыс жасаған кінәсін мойындаған болып шығады. Құқық қорғау ұйымдарының біразы, соның ішінде халықаралық мекемелер Арон Атабекті саяси тұтқын деп санап, оны босатуды талап етіп келеді. Қазақстан басшылығы Шаңырақ оқиғасы бойынша сотталған оның ісін “таза қылмыстық іс” деп санайды және елде саяси тұтқын бар деген пікірді жоққа шығарады.

Алатау ауданының орталық алаңы. 2017 жыл
Алатау ауданының орталық алаңы. 2017 жыл

Қақтығыстан бірнеше жыл өткен соң Алматы қаласының әкімдігі Шаңырақ тұрғындары иеленген жер мен олар тұрып жатқан үйлерді заңдастырып берді. Алматы шетіндегі Шаңырақ және басқа да ауылдардың аумағында жаңадан Алатау ауданы құрылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG