Accessibility links

Мәскеудегі Черкизов базарының бұрынғы иесі Черногориядан саяси баспана сұрады


Телман Исмаилов
Телман Исмаилов

Ұлты әзербайжан ресейлік магнат Телман Исмаилов Черногориядан саяси баспана сұрады. Бұл туралы жергілікті Vijesti газеті хабарлады.

Черногория астанасы Подгорицада жүрген кәсіпкер 1 қазан күні Мәскеудің сұрауы бойынша ұсталып, келесі күні қамауға алынды. Ресейде оған кісі өлтіруге тапсырыс берді деген айып тағылып отыр. Кінәлі деп танылса, бас бостандығынан өмірінің соңына дейін айырылуы мүмкін. Газеттің жазуынша, кәсіпкердің Черногория үкіметінен саяси баспана сұрауы оның экстрадициялануына жол бермеуі мүмкін.

Исмаилов Ресейдегі ең бай адамдардың бірі болған. 2012 жылы Forbes журналы оның байлығын 800 миллион долларға бағалаған. Ол АСТ бизнес тобының негізін қалаған. Сол арқылы Ресейдегі ең ірі саналатын Черкизов базарына, Мәскеу орталығындағы "Прага" ресторанына, қонақүй және баспа бизнесіне иелік еткен. Анталиядағы "Мардан Палас" қонақ үйі де соған тиесілі болған. Бұл қонақ үйдің құрылысын 1,5 миллиард долларға бағалаған.

Бұқаралық ақпарат құралдарында Черкизов базарын ұйымдасқан қылмыспен жиі байланыстыратын.

2009 жылы Ресей премьер-министрі Владимир Путин үкімет отырысында базарлардың бірінде құны 2 миллиард долларға жуық контрабанда тауары барын айтқан. "[Контрабандамен] күрес жүріп жатыр дейді, бірақ нәтиже шамалы" деді сол кезде Путин сол күрестің нәтижесінде жауапты адамдардың жазаланбай отырғанын ескертіп.

Осыдан кейін құқық қорғау органдары Черкизов базары мен Исмаилов кеңсесінде тінту жүргізді. Сол кезден бастап Исмаиловтың жағдайы қиындай түсті.

Көп ұзамай базар жамылып, Мәскеу билігі оның орнына сауықтыру кешенін салуға уәде берді. Кейінірек базар орнына жалпы алаңы жүз мың шаршы метрден асатын тұрғын үй соғылды.

2015 жылы Исмаилов банкрот болып жарияланды. 2017 жылы оны кәсіпкерлер Владимир Савкин мен Юрий Брилевтің өлімі бойынша сырттай қамауға алынды. Осы іс бойынша оның бауыры Рафик 17 жылға сотталды. Қылмысты орындады деген адам тергеумен келісімге барып, 13 жылға бостандығынан айырылды. Адвокаттары сот процесінде Телман Исмаиловке жала жабылды, ол кінәлі емес деп мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG