Accessibility links

Нұр-Сұлтанда Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап еткен топ парламентке барды


Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап етіп жүрген топ өкілдері парламентке хат тапсырып жатыр. Нұр-Сұлтан, 6 қазан 2021 жыл.
Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап етіп жүрген топ өкілдері парламентке хат тапсырып жатыр. Нұр-Сұлтан, 6 қазан 2021 жыл.

Шыңжаңда қалған туыстарын Қазақстанға қайтаруды талап етіп жүрген топ өкілдері 6 қазанда Нұр-Сұлтанда парламентке барып, хат тапсырды. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин, депутат Қазыбек Иса және сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлына бағытталған хатта олар туыстарын Қытайдан қайтаруға көмектесуін сұраған.

Астанада 21 қыркүйектен бері жүрген он шақты адам бұған дейін президент әкімшілігі, сыртқы істер министрлігі, Адам құқығы жөніндегі уәкілге, түрлі халықаралық ұйымдар мен елшіліктерге хат тапсырған. Әзірге жауап болмады дейді.

"Әзірге ешқайсысынан нақты жауап келген жоқ. Жауаптарды күтіп жатырмыз. Бүгін елбасы кеңсесіне де хат тапсырамыз. Қытай елшілігі мерекеге байланысты 15-іне дейін жабық болады. Оның үстіне бұл аналар Алматыға жұқа киімдерімен келген екен. Қазір Алматыға қайтайық деп отырмыз. Түк нәтиже болмаса, қайтіп астанаға келеміз" деді Байболат Күнболатұлы Азаттық тілшісіне.

Қытайда қамалған немесе елге келе алмай отырған жақындарын қайтаруды талап еткен топқа кейінгі екі аптада "бейбіт жиін өткізу тәртібін бұзғаны үшін" екі миллион теңгеге жуық айыппұл салынған еді. Тұрақты жұмысы жоғын айтқан наразылар айыппұлды төлей алмайтынын айтып, жылу жинай бастаған. Қазірге дейін 500 мың теңгеден астам қаржы жиналған. Ақша жинау акциясының саябырсып қалғанын айтқан белсенділер "Алматыдағы миллион теңге айыппұлды төлеуге халық көмектесті, халықтың жағдайы мәз емес екенін білеміз, енді екі миллионды төлеуге шамасы жете ме, жетпей ме, ол жағын білмейміз. Аналар қайғыда" дейді.

Бірақ олар туыстарын қайтармайынша наразылық акциясын тоқтатпайтынын айтып отыр.

Қарай отырыңыз: Шыңжаңдағы туысына араша түскендерді полиция тағы ұстап әкетті (1 қазан 2021 жыл).

Шыңжаңдағы туысына араша түскендерді полиция тағы ұстап әкетті
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:24 0:00
  • Алматыдағы Қытай консулдығы алдында жеті айдан астам уақыт акция өткізген наразыларға бұған дейін консулдықтан ешкім шықпаған. Олар 21 қыркүйектен бастап Нұр-Сұлтандағы Қытай елшілігі алдында наразылық өткізіп келген.
  • Наразылар Шыңжаңда қамалған немесе қайта алмай отырған туыстарын Қазақстанға қайтаруды талап етеді. Олардың сөзіне қарағанда, Қытай билігі туыстарын жазықтан-жазықсыз сотсыз қамап, қудалаған. Кейбірін үйқамақта ұстап, Қазақстанға баруына тыйым салған.
  • Сәуір айында Қытайдың Қазақстандағы елшісі Шыңжаңда қамалғандардың "Қытай азаматы" екенін және олардың "Қытай заңын бұзғанын" айтқан. Қазақстан сыртқы істер министрлігі "өзге елдің ішкі ісіне араласа алмайтынын" алға тартып келеді.
  • Халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекинді Шыңжаң өлкесінде ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де мұсылмандарға "геноцид" жасады деп айыптаған. Пекин мұны жоққа шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG