Accessibility links

Молдовада бас прокурор жемқорлық айыбымен ұсталды


Молдова бас прокуроры Александр Стояногло.
Молдова бас прокуроры Александр Стояногло.

Молдовада оппозиция тағайындаған бас прокурор жемқорлық күдігіне ілінді. 5 қазанда арнайы жасақ өкілдері бас прокурор Александр Стояноглоның үйі мен кеңсесін тінтіп, өзін ұстап әкетті. Жемқорлықпен күрес жөніндегі прокурор Виктор Фуртунаның айтуынша, Стояноглоға қызметтік өкілетін асыра пайдалану, пара алу және жалған мәлімдеме жасау баптары бойынша айыптар тағылған.

Батыспен қарым-қатынасты нығайтуды қолдайтын президент Майя Санду былтыр қарашадағы президент сайлау кезінде қарсыласы ресейшіл Игорь Додонды жеңген. Санду сайлауалды бағдарламасы кезінде жемқорлықпен күресуге уәде берген. Стояноглоны 2019 жылы бас прокурор қызметіне Додон тағайындаған.

Әділет министрі Сергей Литвиненко Стояноглоны "жылдар бойы Молдованы тонаған жемқор басшылардың қуыршағы" деп айыптаған. Ал Додон үкімет "үлкен саяси қателік жасады" деп мәлімдеп Сандуды мемлекет институттарының еркін жұмыс істеуіне кедергі келтірді деп кінәлады.

"Диктатураның демократияны желеу етіп, билікті басып алу ниеті Еуропашыл ұрандардың артына жасырынған кезде заң үстемдігіне қалай қауіп төнетініне көзіміз жетті" деп жазды Додон Facebook парақшасында.

Еуропадағы ең кедей ел Молдовада кейінгі жылдары жемқорлық даулары жиілеген. Бірнеше жыл бұрын үш банктен 1 миллиард доллардың ұрлануы үлкен дауға ұласқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG