Accessibility links

Цой: Pfizer екпесінің 4 млн дозасын елге жеткізу бойынша ақырғы келісім жасалды


Коронавирусқа қарсы екпе.
Коронавирусқа қарсы екпе.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 6 қазан күнгі брифингте коронавирусқа қарсы Pfizer екпесінің 4 млн дозасын елге жеткізу бойынша ақырғы келісім жасалғанын хабарлады.

"Pfizer бойынша ақырғы келісімге қол қойдық. Pfizer компаниясының белгілі бір процедурасы бар. Оған бірнеше түрлі құжат кіреді, ақырғы келісіміне қол қойдық. 4 млн доза елге жеткізіледі деп күтіп отырмыз" деді Цой.

Оның айтуынша, вакцина "жуырда, төртінші тоқсанда елге жетуі тиіс".

Цой Pfizer вакцинасын -80 градуста сақтау қажет болғандықтан вакцина пунктерін оған қажет суытатын жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесі де шешіліп жатқанын айтты.

Министр брифинг кезінде ревакцинация мәселесіне де тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан Еуропадағы ревакцинация стратегиясымен айналысатын ДДСҰ тобына кірген. Бұған дейін қайта екпе салу науқанын "өте мұқият" жүргізу туралы алдын ала тұжырым жасалған және бірінші кезекте ол денсаулығы дімкәс адамдарға, шұғыл қызмет көрсететін мамандарға, антидене қалыптаспаған азаматтарға салынуы тиіс.

Министрдің сөзінше, қазір ревакцинацияда қолданылатын вакцина түрлері мен мөлшері анықталып жатыр. Жақын арада ведомствоаралық комиссияға ұсыныстар жасалады.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі қазан айында 12 жастан бастап балаларға ата-анасының немесе қамқоршысының рұқсатымен коронавирусқа қарсы Pfizer екпесі салынатынын айтқан. Америка мен неміс компаниясының бірігіп әзірлеген Pfizer екпесі сонымен бірге жүкті әйелдерге де салынады деп айтылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG