Кеше, 7 қазанда Қазақстанда 1896 адамның анализінен коронавирус анықталды. Екі күн бұрын 187 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылды. Індет басталғалы бері 976 мыңнан астам адамға коронавирус пен "пневмония" жұққан. Денсаулық сақтау министрлігінің 8 қазан күнгі хабарламасында осындай мәлімет көрсетілген.
Өткен тәулікте Алматыда – 412, Нұр-Сұлтан қаласында – 297, Алматы облысында – 174, Қарағанды облысында – 157, Павлодар облысында 153 адамнан коронавирус анықталған. Қалған қалалар мен облыстарда ондаған науқас тіркелген.
2020 жылдың наурыз айынан бері 900 мың адамның коронавирус тесті оң шыққан. Басым бөлігі жазылған. 11 459-ы қайтыс болған. 6 қазанда 37 адам коронавирустан көз жұмған.
Пневмонияның коронавирус ұқсас түрін Қазақстан билігі халықаралық ұйымдардың қысымының нәтижесінде 2020 жылдың 1 тамызынан бастап есепке ала бастаған. Былтыр Қазақстанда жазда жиі кездеспейтін өкпенің қабынуы өршіген кезде ДДСҰ "өлім қаупі жоғары қазақстандық пневмония" – дұрыс анықталмаған Covid деп мәлімдеген.
Содан бері ресми мәлімет бойынша, 76 мыңнан астам адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. 4887-і қайтыс болған. Алтауы 6 қазанда көз жұмған.
Одан бөлек, коронавирус жұқтырғаны расталған 3123 адамның өлімі корнавирустан қайтыс болғандардың статистикасына кірмей қалған.
Қазір республика бойынша 54 мыңға жуық науқас коронавирустан емделіп жатыр. 9,4 мың науқас стационарда жатыр.
Қазір 6,8 миллион адам коронавирусқа қарсы вакцинаның толық дозасын алған. 1 млн адам екінші дозасын күтіп отыр. Министр Алексей Цой елге батыс компаниялары әзірлеген Pfizer вакцинасы төртінші тоқсанда жеткізіледі деп хабарлады. Ол негізінен 12 жастан бастап балалар мен жасөспірімдерге, жүкті әйелдерге салынуы тиіс.
Қазір Қазақстанда ресейлік "Спутник V" (қазір оны Қарағандыда өндіреді), отандық QazVac, қытайлық Sinopharm компаниясының БАӘ-де өндірілген Hayat-Vax пен Қытайда өндірілген Vero Cell екпесі, сонымен бірге тағы бір қытайлық Sinovac компаниясының CoronaVac екпесі қолданылады.
Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде 236 миллионнан астам адамға коронавирус жұққан, 4,8 миллионы қайтыс болған.
ПІКІРЛЕР