Accessibility links

Pfizer 5-11 жастағы балаларға коронавирусқа қарсы вакцина салуға рұқсат сұрады


Pfizer және BioNTech компаниялары АҚШ-тың дәрі-дәрмекті қадағалайтын орындарынан 5-11 жастағы балаларға коронавирусқа қарсы вакцина салуға рұқсат сұрады. АҚШ-тың азық-түлік және дәрі-дәрмек жөніндегі агенттігі (FDA) сарапшылармен бірге компаниялардың өтінішін 26 қазанда қарайды.

Бұған дейін АҚШ-та аталған вакцинаны 12-15 жастағы жасөспірімдерге шұғыл жағдайда салуға рұқсат етілген. Егер FDA сарапшылары балаларға вакцинаны пайдалануды мақұлдаса, онда рұқсат берілгеннен кейін бірнеше күн ішінде 5-11 жас аралығындағы шамамен 28 миллион балаға екпе егіле бастайды.

Денсаулық сақтау саласы мамандарының айтуынша, ересектерге қарағанда балаларға коронавирустан қатты қауіп төнбесе де, кей кезде ковид бала өліміне себеп болуы мүмкін. Америка педиатрия академиясының мәліметінше, АҚШ-та шамамен 500 бала коронавирустан қайтыс болған.

Pfizer мен BioNTech компанияларының хабарлауынша, арнайы зерттеу балаларға ересекке салынатын дозаның үштен бір бөлігі салынуы тиіс екенін көрсеткен. Екінші дозадан кейін 5-11 жастағы балаларда жаөспірімдерде сияқты вирусқа төтеп беретін антидене қалыптасады.

Қазақстан жақын арада Pfizer вакцинасын 12 жастан бастап балалар мен жасөспірімдерге салуды жоспарлап отыр. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осы аптада Pfizer-дің 4 млн дозасы елге төртінші тоқсанда жетеді деп мәлімдеген. Министр вакцина балаларға ата-аналары немесе қамқоршысының рұқсатымен салынатынын айтқан. Ол сонымен бірге қажетті ұйымдардың рұқсатын алған компания вакцинасын 5 жастан бастап балаларға салу мүмкіндігін де қарастыратынын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG