Accessibility links

Бір күнде 2 мыңнан астам адамнан коронавирус пен "пневмония" анықталды, 43 науқас қайтыс болды


Коронавирус жұққандарды емдейтін орталық.
Коронавирус жұққандарды емдейтін орталық.

Кеше, 8 қазанда Қазақстанда 1940 адамның анализінен коронавирус анықталды. Бұл алдыңғы күнмен салыстырғанда 44 адамға көп. Кейінгі апталарда күніне екі мың төңірегінде науқас анықталып жүр. Денсаулық сақтау министрлігі тамыздан бері елде індеттің бәсеңдеп келе жатқанын айтқан. Жазда шілдеде індет ушығып, күніне тіркелетін науқастар 8 мыңға дейін жеткен.

Өткен тәулікте Алматыда – 369, Нұр-Сұлтан қаласында – 294, Алматы облысында – 188, Қарағанды облысында – 161, Павлодар облысында - 165, Солтүстік Қазақстан облысында – 129, Шығыс Қазақстан облысында 102 адамнан коронавирус анықталған. Қалған қалалар мен облыстарда ондаған науқас тіркелген.

2020 жылдың наурыз айынан бері 902 мың адамның коронавирус тесті оң шыққан. 843 мыңы жазылған. 11 489-ы қайтыс болған. 7 қазанда 30 адам коронавирустан көз жұмған.

Пневмонияның коронавирусқа ұқсас түрін Қазақстан билігі халықаралық ұйымдардың қысымының нәтижесінде 2020 жылдың 1 тамызынан бастап есепке ала бастаған. Былтыр Қазақстанда жазда жиі кездеспейтін өкпенің қабынуы өршіген кезде ДДСҰ "өлім қаупі жоғары қазақстандық пневмония" – дұрыс анықталмаған Covid деп мәлімдеген.

Содан бері ресми мәлімет бойынша, 77 мыңнан астам адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. 7 қазанда бұл диагноз 150 адамға қойылды. 2020 жылдың 1 тамызынан бері "пневмония" 4900 науқас өліміне себепші болған. 13-і екі күн бұрын көз жұмған.

Одан бөлек, коронавирус жұқтырғаны расталған 3123 адамның өлімі коронавирустан қайтыс болғандардың статистикасына кірмей қалған.

Қазір республика бойынша 54 мыңға жуық науқас коронавирустан емделіп жатыр. 9,4 мың науқас стационарда жатыр.

Қазір 6,8 миллион адам коронавирусқа қарсы вакцинаның толық дозасын алған. 1 млн адам екінші дозасын күтіп отыр. Министр Алексей Цой елге батыс компаниялары әзірлеген Pfizer вакцинасы төртінші тоқсанда жеткізіледі деп хабарлаған. Ол негізінен 12 жастан бастап балалар мен жасөспірімдерге, жүкті әйелдерге салынуы тиіс.

Қазір Қазақстанда 18 бен 65 жас аралығындағы адамдарға ресейлік "Спутник V" (қазір оны Қарағандыда өндіреді), қазақстандық QazVac, қытайлық Sinopharm компаниясының БАӘ-де өндірілген Hayat-Vax пен Қытайда өндірілген Vero Cell екпесі, сонымен бірге тағы бір қытайлық Sinovac компаниясының CoronaVac екпесі салынып жатыр.

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде 237 миллионнан астам адамға коронавирус жұққан, 4,8 миллионы қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG