Accessibility links

Бір күнде 1,5 мыңнан астам адамнан коронавирус пен "пневмония" анықталды


Кеше, 11 қазанда Қазақстанда 1499 адамның анализінен коронавирус анықталды. 1435 адам Covid-тен айықты. Денсаулық сақтау министрлігінің 11 қазан күнгі хабарламасында солай жазылған.

Бір күнде тіркелген коронавирус жұқтырғандар саны жөнінен Нұр-Сұлтан қаласы алға шықты. Дүйсенбі күні астанада 271 адамнан коронавирус анықталды. Алматыда 238 науқас тіркелді. Қарағанды облысында – 157, Павлодар облысында – 155, Солтүстік Қазақстан облысында – 122, Ақмола облысында 110 адамның коронавирус тесті оң шыққан.

2020 жылдың наурыз айынан бері 907 мың адамның коронавирус тесті оң шыққан. 848 мыңы жазылған. 11 584-і қайтыс болған. 10 қазанда 25 адам коронавирустан көз жұмған.

Пневмонияның коронавирусқа ұқсас түрін Қазақстан билігі халықаралық ұйымдардың қысымының нәтижесінде 2020 жылдың 1 тамызынан бастап есепке ала бастаған. Былтыр Қазақстанда жазда жиі кездеспейтін өкпенің қабынуы өршіген кезде ДДСҰ "өлім қаупі жоғары қазақстандық пневмония" – дұрыс анықталмаған Covid деп мәлімдеген.

Содан бері ресми мәлімет бойынша, 77 мыңнан астам адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. 10 қазанда бұл диагноз 11 адамға қойылды. 2020 жылдың 1 тамызынан бері "пневмония" 4925 науқас өліміне себепші болған. 11-і екі күн бұрын көз жұмған.

Одан бөлек, коронавирус жұқтырғаны расталған 3123 адамның өлімі коронавирустан қайтыс болғандардың статистикасына кірмей қалған.

Қазір республика бойынша 53 мыңға жуық науқас коронавирустан емделіп жатыр. 9,5 мың науқас стационарда жатыр.

Қазір 6,9 миллион адам коронавирусқа қарсы вакцинаның толық дозасын алған. 900 мың адам екінші дозасын күтіп отыр.

Қазір Қазақстанда 18 бен 65 жас аралығындағы адамдарға ресейлік "Спутник V" (қазір оны Қарағандыда өндіреді), қазақстандық QazVac, қытайлық Sinopharm компаниясының БАӘ-де өндірілген Hayat-Vax пен Қытайда өндірілген Vero Cell екпесі, сонымен бірге тағы бір қытайлық Sinovac компаниясының CoronaVac екпесі салынып жатыр.

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде 238 миллионнан астам адамға коронавирус жұққан, 4,8 миллионы қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG